Мәдениет | Культура

Қырғызстан «Манасты» кімге бермек?

Қырғызстан үкіметі Манас халықаралық әуежайын шетелдіктердің басқаруына беруге ниетті. 

 Бұл туралы «Хабар 24» хабарлайды. Жаңалық қоғамды дүрліктіріп, адамдар арасында мемлекеттік қазынаны сатқалы жатыр деген сөз желдей есіп жүр. Манас халықаралық әуежайын табысты етіп, оның транзиттік әлеуетін арттыру және авиация саласына инвестиция тарту.

Қырғыз үкіметі елдегі ең ірі халықаралық әуежайды шетелдіктердің басқаруына бермек мақсатын осылай түсіндіреді. Бірақ билік нысанды ешкім сатуға ниетті емес дейді. Қазір Дүниежүзілік банкпен әуе кешенін кім және қалай басқаратыны жайлы кеңес жүріп жатыр.Қырғызстан көлік және жолдар министрінің орынбасары  Женишбек Ногойбаев: “Қаржы институты грант негізінде кеңестік топты құрып, олар Манас әуежайын дамыту жолдарын зерттейтін болады. Осы топтың әзірлеген сараптамасына сүйеніп, Үкімет оның ішіндегі бізге лайықты жолды таңдап алады”, – деді.

Манас әуежайы – акционерлік қоғам. Оның акцияларының негізгі иесі мемлекет. Оның үлесі 79 пайыз. Акциялардың қалған 8 пайызы республиканың әлеуметтік қорының, ал 12 пайызы жекеменшік тұлғалардың қолында. Әуежай жұмысынан олар жақсы табыс көреді. Бірақ дәл қазіргі уақытта Үкімет жекеменшік акционерлердің мүдделері қаншалықты еленгенін айта алмайды.

«Манас әуежайы» ААҚ басқармасы директорының орынбасары Абдималик Бусурманкулов: “Акционерлердің ортақ жиналысы бар. Бұл – акционерлік қоғамның жоғарғы органы. Сондықтан мәселе осы құрылымның құзырына жатады. Қырғыз Республикасының заңдары мен құқықтық-нормативтік базасын елемеуге ешкімнің құқы жоқ”, – деді.

Комментарий