Детектив

Күйеуіме іздеу саламын!

«Семіздікті қой ғана көтере алады» дегенді қазақ тегіннен тегін айтпаған. Қалтасына артық ақша түссе мастанып шыға келетін жігіттер бабалар сөзінің дұрыстығын мойындата түседі. Алматыдағы әмбебап базардың бір бөлігіне тексеруші болып жұмысқа кірген Таңат та көп балалы отбасынан шыққан, күнделікті ас-су мен бүтін киім кигеніне мәз боп жүрген азаматтың бірі еді. Жаңа жұмыс жігітке жал бітірді. Ә дегеннен-ақ қолы жүріп, мұрты майланған Таңат өзгеріп сала берді. Бұрынғы Таңат жоқ. Қайын атасының арқасында ақшалы жерге орналасқан ол біраздан бері тұрмыстың тауқыметін тартып жүрген болатын. Жоғары оқу орнын бітірсе де не мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, не кірген жұмысында тұрақтап сіңісіп кете алмаған жігітке мынадан артық бақыт жоқ-ты. Титыңдап бір айда табатын табысы бір күнде алақанына түссе есі шықпай, өзгермей қайтсін. Ақшаның құдыреті де сол ғой.
Жоғалған жігіт
Бәрі сәтті басталды. Сәтімен жалғасып жатты. Бұрын-сонды мұнша табыс тауып көрмеген Таңат әу баста жөргемге ілінгеннің бәрін шашау шығармай үйіне тасуға, жақындарының қажетіне жаратуға тырысатын. Содан болар, қаржысы түгенделген ол алдымен үйін жөндетті, көлігін жаңалады. Отбасына керектің барлығын жасады. Сосын… Тойынған, тасынған адам не істейді? Әрине, айналасына көз салып, өзі секілді ақшалы жандармен араласуға тырысады. Тапқанын басқа қызықтарға жұмсауға көшеді. Ақшалы жанның жолдасы да көп. Жағдайы жақсы адамды жағалайтындар бұл дүниеде азайған ба? Ішінде жеке басының пайдасын ойлағандары да бар, ыстық-суықты бірге көріп келе жатқан құрдастары да жүр. Сол жолдастары дүйсенбідегі демалыстан кейін жұмысқа шықпай калған Таңатты шарқ ұрып іздеген. Бұрын қанша тойласа да Таңаттың жұмыстан кешігетіні жоқ еді. Кешіккен күннің өзінде бұларды құлағдар ететін. Бұл жолы ешкімге хабарласпаған. Телефоны сөндірулі. Әйелінен сұрап еді ол кешелі бері көрмегенін жеткізді. «Жүрген шығар қыдырып, неге білмей қалдыңдар?» – деп әйелі қайта бұларға дүрсе қоя берді.
Бүгінгінің серісі
Шынында да, Таңаттың серілік құрып үйге қонбай қалуы бір бұл емес. Достарының серілік жүрісінің көбейгенінен бұлар бұрыннан хабардар. Базарда өз контейнері бар жас қызды жағалап жүргеніне де біраз болған. Әлде соның жанында ма екен? Телефонын өшіріп тастап қыдырып жүргеніне қарағанда бұл әйелін де, мықты қайын жұртын да елемейтін болған ғой. Осы ойдан кейін достары сәл тыншыған. Бірақ, ертесі күні де жігіттен хабар болмаған соң бұлар шындап уайымдайын деді. Қанша дегенмен жұмысқа бұлай салғырт қарайтын адам емес. Бір көңілді демдейтіні Таңаттың көңіл қосып жүрген құрбысы да екі күннен бері базардан көрінбейді. Контейнерін ұстап тұрған сіңлісінен сұрастырып көріп еді, ол әпкесінің ауыл жаққа қыдырып кеткенін айтты. Сол күні достары Ұлбике мен Таңаттың ұялы телефондарына кезек-кезек қоңырау шалған. Екеуі де сөндірулі. Тіпті болмаған соң Таңаттың пәтеріне кайта қоңырау шалды. Бірақ, телефонды көтерген әйел: «Күйеуімді сендер құрттыңдар. Қайда кетті әйтпесе? Мен сендердің барлықтарыңның көздеріңді жоямын», – деп айғайға басқанда бір алапаттың болғанын түсінген.
Шағым
Сол күні Гүлмира Керімбаева аудандық ішкі істер бөліміне күйеуінің жоғалғаны жөнінде шағым түсірді. Істі қолға алған сақшылар алдымен Таңаттың араласатын ортасын тексеруге алған. Гүлмира Керімбаеваның айтуына қарағанда күйеуі ешқашан ақшасыз жүрмеген. Қалтасында үнемі қаржы болған. Оның үстіне қолданып жүретін екі ұялы телефоны да соңғы үлгідегі қымбат смартфондар көрінеді. Ендеше, апталдай азаматтың із-түзсіз жоғалып кетуінің бір себебі каржыға байланысты болуы әбден мүмкін. Бұған коса әйелі некелі жарының әлдебір келіншекпен көңіл қосып жүргенін, соңғы кездері сол әйелдің маза бермегенін де жеткізді. Яғни, әлденеге кектенген көңілдестің де азаматтың жоғалып кетуіне қатысы болуы әбден мүмкін. Алдымен Таңаттың жұмыстағы ортасын тексеруден өткізген тергеушілер жігіттің жоғалуына оның кызметінің де әсері болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Өйткені, базар тексерушісі – батпан құйрықты елестететін табысты лауазым. Әсіресе, Жарқын Сақатов пен Таңаттың арасындағы текетірес, өздеріне бөлінген салык жинау аймағын бөлісудегі түсініспеушілік сақшыларды қылмыс тетігін осы арнадан іздеуге итермелеген. Сақатов туралы мәлімет жинаған олар базардағылардың айтар ойын тыңдаған.
Көпшіліктің пікірі «өте кінәмшіл, ұсақ, тым сөзшіл, көрсеқызар» деген пікірге тоғысатынын байқады. Таңат екеуінің жиі сөзге келіп қалатынын да ұжым ішіндегілер жасырып қалған жоқ. Тіпті бір жолы сөзбен қақтығысқан екі жігіттің бір-біріне қол жұмсағандары да бар. Әсіресе, Ұлбике мен Таңаттың қарым-қатынасын жақсы білетін Жарқын «Әйеліңе айтып отбасыңды ойран етемін. Менің айтканыма көн» деп өзінің шартын қойып, әріптесіне қоқан-лоққы жасаған көрінеді. Бұл, әрине, көпшіліктің естіген, білгенінен жиналған дерек. Оның шындықпен қаншалықты жанасатынын әлі де тексеру керек. Егер жігіттің қоқан-лоққы жасағаны рас болса, оның ұсынған шартын да анықтау маңызды. Осы деректердің негізінде жұмыс істеген із кесушілер алдымен Жарқынның соңғы күндері атқарған істеріне бақылау жасады. Сосын қазірге басты күдікті болып саналатын одан түсінік алуды жөн көрген. Түсінік бұлар ойлағаннан әлдеқайда қызығырақ болып шықты. Жарқын Таңат жоғалып кеткен күні «табиғатта демалдым» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Тіпті қасында куәгерлер де болмай шықты. Өзі балық аулаған жерден ешкімді кездестірмеген, ешкіммен сөйлеспеген. Әлде, осылайша өзін арашалап қалудың бір түрін ойлап тапқаны ма?
Көңілдес
Із кесушілер Жарқынның дерегін тексеріп жатқанда Таңаттың жұбайы тағы бір жайды қылтитты: «Соңғы кездері күйеуім Ұлбике деген қызбен көңіл көтеріп жүретін. Маған оны базардағы таныстарым әу баста жеткізген. Бірақ, мен Таңаттың онымен кетпейтінін білдім. Екі бірдей ұлымыз бар. Базардағы сатушы әйел күйеуімнің теңі дейсіз бе? Біраз ермек етіп тастайтыны анық еді. Шыны сол ғой. Ал, бірақ анау қыз басқаша дәмеленіп жүрсе керек. Жоғалып кетерден бұрын бірнеше рет үйге қоңырау шалып күйеуімнің де, менің де әбден мазамызды алды. Таңат не менікі, не сенікі болады деп безілдеуін қоймады. Сол қыз күйеуіме жамандық ойламады ма екен деп күдіктенемін», – деді ол.
Әрине, олай болуы да мүмкін. Ішкі істер қызметкерлерінің міндеті – қылмыскерді анықтау. Ал, осы шындыққа жету үшін талай күдіктің бұлтын сейілтіп, талай деректің түбін қазу керектігін кім де болсын біледі.

Із кесушілердің бір тобы
Жарқынның қылмысқа қатыстылығын анықтап жатқанда, екінші топ Ұлбикенің бет-бейнесін ашып, қылмысқа катысы бар-жоғын анықтауға күш салды. Ұлбикені табу оңайға түскен жоқ. Біресе ата-анасының үйіне кетті, біресе әпкесінің үйінде болар деген туыстары тергеушілерді әбден бұлтаққа салды. Тек соңында ғана қыздың Семейдегі құрбысына кеткен дерегі анықталды. Із кесушілерге іздеген үйдің есігін аяғы ауыр әйел ашты. «Иә, сіздер іздеп жұрген Ұлбике менмін», – деген қыз өзін полиция қызметкерлерінің іздеп жүргенінен хабардар екенін айтты. «Босанғанша елдің көзіне көрінбей осында тұрайын деп ойлап едім. Сіздерге неге керек болып қалдым?» – деді ол сұраулы жүзбен.
– Сіз Таңат Қажығалиевті білесіз бе?
– Әрине.

– Ол кісіні соңғы рет қашан көрдіңіз?
– Соңғы рет 14 мамырда көрдім. Әйелі күнде үйіме қоңырау шалып мазамды алған соң қатынасымызды бір жақты қылайық деп Таңатпен ақылдастым. Таңат баладан бас тартпайтынын, екі отбасын қатар асырауға шамасының келетінін айтты. Бірақ, мен әйелінің бұған келіспейтінін білгенмін. Ол сол күні кешке әйелімен сөйлеспек болған, содан кейін келмеді. Ертесі күні де, дүйсенбіде де хабар бермеді. Сосын… Қайтейін, отбасымен қалатын болған ғой деп осы жаққа кеттім. Үйінде отырып бала тапқан жалғыз мен емеспін ғой. Өзімнің екі контейнерім бар. Баламды күйеусіз-ақ бағамын. Тек Таңаттың бір рет хабарласпағанына таңмын. Телефоны сөңдірулі…
– Таңаттың сіздің үйден шығып кеткенін кергендер бар ма?
– Иә, Сол күні үйде Әлия деген құрбым болған. Ертесі күні поезға да Әлия мені шығарып салған болатын. Не болды? Неге Таңатты сұрай бересіз?
– Қажығалиев сол сіз айтқан күннен бастап үйіне келмеген, ешкімге хабарласпаған. Әйелі іздеу салып жатыр.
– Сонда қалай? Сұраулы жүзбен қараған қызға тергеуші ештеңе деген жоқ. Мына жауаптарға қарағанда осы істе бір шикілік бар. Күдіктіні ат шаптырып Семейден іздеп жүргенде, қылмыскер тұмсықтың астында жүрмесін.
Күдікті қоңырау
Ұлбикенің берген жауаптарын саралаған із кесушілер Таңаттың үйі мен Ұлбикенің үйіне соңғы кездері келіп түскен телефон қоңырауларын анықтағанды жөн деп тапты. Міне, қызық. Осы кезде Ұлбикенің емес, керісінше, Гүлмира Керімбаеваның телефон соғудан «қолы тимегені» байқалады. Керімбаева 14 мамырға дейінгі бір аптаның ішінде күйеуінің көңілдесіне 19 рет қоңырау шалған. Сондай-ақ, 12 телефон қоңырауы Гүлмира жұмыс істейтін бала-бақшадан соғылған. Ұлбикенің ұялы телефонындағы соңғы қоңырауларда да Гүлмираның қолтаңбасы анық сайрап тұр. Және бір анықталғаны Таңат Қажығалиевтің ұялы телефонына кабылданған соңғы қоңырау да Гүлмираның телефонынан болған. Мына жағдайлар Гүлмираның басына күдіктің бұлтын қоюлата түскен. Сонымен қатар, осы деректерді ұсынған операторлар «Таңат Қажығалиевтің атына тіркелген ұялы телефоннан осыдан үш күн бұрын екі рет қоңырау шалынған» – дегенде ізкесушілерде «бәлкім, екі оттың ортасында қалған жігіт жеке қалып ойланайын деді ме екен» деген де ой болған.
Алайда бәрі басқаша шықты. Тергеушінің алдына келген Гүлмира Керімбаева «сендер қылмыскерді табудың орнына босқа уақыт өткізіп жатырсыңдар» деп әңгімені айғайдан бастады.
– Ұлбикеге қатысты айтқан деректеріңізден сәйкессіздік байқалады, – деген тергеуші сөзінен кейін әйел тіпті тұтанып кетті. Әрлі-берлі қолын сілтеп, сөзге тоқтамаған әйелді тергеушінің:
– Сіз ұрланды деген Таңаттың телефонынан осыдан бірнеше күн бұрын екі рет қоңырау соғылған. Егер жалған мәлімет беріп іздеуді жаңылыстырмақ болсаңыз, жазаланасыз. Біз сіздің үйіңізге тінту жүргізбекпіз, – деген сөзі ғана оны тәубасына келтіргендей, тым-тырыс
отырып қалды. Сонда да болса өзін ақтамақ болып әртүрлі жорамалдарын айтқан әйел «қазір ғана Қажығалиевтің телефонынан біреу хабарласты» деген оператор хабары келгенде ернін тістелеуден басқа әрекет жасамады. Төмен қарап отырған келіншек тек қана «балам-ау, сен не істедің?» дегенді қайталай берді.
Қызғаныш
Шын мәнінде Гүлмира күйеуінің сатқындығын көтере алмады. Он баланың ішінен шыққан Таңат түптеп келгенде мұның әкесінің арқасында адам болды емес пе? Әкесі оқытты, жұмыс тауып берді. Ал, ол болса… Жағдайы жақсарып еді, әлдекіммен жүре қалыпты, онысы аздай, көңілдесі екіқабат көрінеді. Басқа емес, жаңалықты Таңаттың өз аузынан естіген Гүлмира Ұлбикенің телефонын тауып алып боқтап, қарғағаннан басқа әуелде ештеңе істемеді. Іштей ажырасуға белін буған.
Саяжайға кеткен мұны Таңат 14 мамыр күні өзі іздеп барды. «Ажырасамын дегенді аузыңа алушы болма. Екі баламды да, Ұлбикеден туылатын баланы да қатар бағамын» – деді ол нық сөйлеп. Кеше ғана тиын санап жүрген күйеуі қалай-қалай сөйлейді өзі? Бағамын дейді ә. Жаманның жетілгені жаман деген осы екен ғой. Ал, бұл болса Таңат келер, кешірім сұрар, ажараспауымды өтініп, аяғыма жығылар деп ойлап жүр ғой. Өзін осынша қорлайды деген ой үш ұйықтаса түсіне кірсеші. Егіліп жылай берген әйел күйеуі: «Болды, бәрі шешілді. Енді осыған келіс», – деп бұрылып жүре бергенде ғана есін жиды. Бойын алапат бір өшпенділік билеген әйел қолындағы кетпенімен күйеуіне тұра ұмтылды. Ал, Таңат болса бұл ұрады деп ойламаған. Өзіне сенген еркек әйелінің қол көтеретінін білмеген еді.
Жарас БЕКТАЙ

Комментарий