Елең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

Заңсыз аң аулағандар 3 жылға сотталады

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер заңсыз аң аулаудың 5 дерегін анықтады, – деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.

«Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыстың орман алабына рейдтер күшейтілді. 4 ақпан күні облыстық және аудандық табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкерлері мен «Соколов» аңшылық шаруашылығының аға қорықшысы шаруашылық аумағын тексерді. Олар Желяково ауылы маңында қорықшы байқаған іздің бойымен жүріп отырып, қарда жүргіш техниканы тізгіндеген облыстың екі тұрғынын байқайды. Сондай-ақ, жақын маңда аң аулау жабдықтарын және олжаланған екі сібір елігін анықтайды. Аңшылар ағашта асулы тұрған бір елікті сойып бастаған екен», – делінген хабарламада.

Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің «Заңсыз аң аулау» бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Қылмыс орнынан екі еліктің еті, есепке қойылмаған Yamaha қарда жүретін көлігі, тіркемесімен және тіркелмеген 12 калибрлі тегіс ұңғылы «ИЖ» мылтығы, аңшы пышағы, сондай-ақ оқ-дәрілер алынды.

Қылмыс жасады деген күдікпен Петропавл қаласының 35 жастағы тұрғыны ұсталып, Қызылжар ауданы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, полицейлер күдіктінің жанында болған туысының қатыстылығын тексереді.

Полицейлер 11 қаңтардан заңсыз аң аулау үшін қылмыстық жауапкершіліктің күшейтілгенін еске салады. ҚР ҚК 337-бабының бірінші бөлімі бойынша айыппұл санкциясы 160 айлық есептік көрсеткіштен 3 мың АЕК дейін өсті. 40 тәулікке қамауға алу түріндегі жаза 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылды.

Комментарий