Аптадағы сұхбат | Интервью неделиҚоғам | Общество

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, Қазақстанның Еңбек Ері: “Менің жетістігімді ешкім қайталаған жоқ”

– Жақсылық аға, Сіз олимпиада чемпионы болған грек-рим күресі қазақ арасына кейіндеп келген спорт түрі ғой, оның үстіне, шалғайдағы ауыл баласысыз, бұл күреске қалай барып жүрсіз?
– Шынында да, мен дүниеге келген Жамбыл облысы Байзақ ауданы Тегістік ауылында грек-рим күресінен секция болған жоқ. Ауылымыз Талас өзені бойында болған соң, жазда қолымыз босай қалса, өзенге баратынбыз. Суға жүзуден жарысамыз, су астынан балық ұстаймыз. Спортымыздың бір түрі осы. Бірақ, ауыл балалары қазақша күреспен күресетінбіз. 7-8 оқып жүргеннен күрестік. Кейін 9-шы сыныпқа келгенде 20 шақырым жерде орналасқан Дихан ауылындағы ағайындардың арасына көштік. Онда да сол ертемен жүгіріп, спортпен айналысып өстік. Сол уақыттарда Қажымұқан атамыз туралы кітап жарық көріп, соны оқыдым. Содан 9-сынып оқып жүргенде қазақша күрестен ауылдағы жарыстан ұтып, ауданға барып 1-ші орын алдым. Ауылға Жақсылық палуан деген атым шығып, жасы үлкен жігіттер де менімен күресіп көргісі келіп тұратын. Салмақ дәрежесі дегенге қарамай, ауданда жеңімпаз болған соң ауылда жеңілу ұят сияқты, бәрін жеңіп кетемін. Сөйтіп жүріп мектепті де бітірдік.
– Ес білгелі Қажымұқан сияқты палуан болсам деген арманыңыз бар, мектепті бітіре сала сол кездегі дене шынықтыру институтына тартқан боларсыз…
– Қайдан, ол кездегі жастар ата-ананың айтқанынан шықпайды ғой. Әке-шешем «бастықтың оқуын оқы» дейді. Ол заманда бастық болу үшін көбіне мал дәрігердің оқуын оқиды. Ауылға келіп бірер жыл мал дәрігері болған соң көтеріліп, колхоз, совхоз директоры болады. Үрдіс сондай еді. Әкем ауылда қарапайым есепші, шешем шаруа адамы. Ауылда менен бір жыл бұрын бітірген туыс, Қарахан деген жігіт бар еді. Алдында Қарағандыға барып, қала көріп келген жігіт. Сол екеуміз Семейдегі «зоветинститутқа» барамыз деп шештік. Алматыдағы оқу орындарына түсу ол кезде бір қиямет секілді. Содан әпкем мен шешем бізді поезға шығарып салды. Онымыз почта таситын пойыз екен, әр бекетке тоқтайды. Не керек, 4 күн дегенде Семейге әрең жеттік. Сынақтың басталуына бір ай бар екен, құжаттарымызды өткізіп, елден сұрастырып жүріп, Ертіс жағасындағы пристаньнан орын таптық. Таң атқаннан Қарахан сынаққа дайындалады. Ал, мен Ертіске барып, ол кезде қазіргіден де үлкен өзен ғой, арғы жағасына дейін жүзіп барамын. Қайтадан бергі жағаға жүземін. Бір күні келсем бір жігіт мен сияқты балаларды жанына жинап алып, 5 сомнан ақша тіккізіп жарыстырып жатыр екен. Шарты – арғы жағалауға жүзіп барып, демалмастан кері жүзіп келу. Бірінші келген балаға барлық соманың 50 пайызын бермек. Мен де қатысайын деп 5 сомымды берсем, «сені танымаймын, қай жерденсің» дейді. Жамбылдан екенімді айтсам, ой, суға батып кетесің дейді. Таластың өзеніне түсіп өскен баламын деп әрең көндірдім. Сонымен 10 бала арғы жағалауға қарай қойдық та кеттік. Арғы жағалауға жетіп қарасам, қалғандары жартысынан енді асыпты. Қайтадан бергі жағалауға тартып кеттім. Сөйтіп бірінші келдім, әлгі таңғалады, сенің өкпең мықты екен, сенен бірнәрсе шығады, деп мақтап та қояды. Содан алғашқы сынағымыз да басталды. Біріншісі химиядан мен 3 алдым, дайындалған Қараханым 2 алып бірінші сынақтан-ақ ұшып кетті. Қалған сынақтардан 4, 5 алып, мен оқуға түсіп кеттім. Оңтүстіктен келгендерге жеңілдік бар екен, оның да пайдасы тиді. Ауылға келіп оқуға түскенімді айтсам, ешкім сенбейді. Әкем «қызылша пісті жинау керек, шөп шабамыз» деп жұмысқа салып қойды. Сонымен, сабаққа да кеттім. Бәрі орысша, түк түсінбеймін, 1-ші семестрден құласам, ұят-ай деп ойлап қоямын. Намысқа тырысып, тұтастай тақырыптарды жаттаймын. Қазанның аяғында қар түсіп еді, дене тәрбиесі сабағында бізге шаңғы, коньки тепкізді. Оңтүстікте өмірі теуіп көрмеген затым, тебе алмаймын. Мұғаліміміз Криков деген еді, шаңғы тебе алмағаным үшін мені спорт залдағы жыртылған кілемді тігуге жіберді. Спорт залға барып кілемді тігіп отыр едім, жаттығу басталды. Еркін күрес екен, Владимир Хай есімді жаттықтырушы болды. Жаттығу басталғанда жұмысымды тоқтатып, жаттығуларын қарап тұрмын. Бір уақытта жаңағы жаттықтырушы мені шақырды. Салмағымды сұрады да, мынамен күрес деп салмағы менімен шамалас жігітті шығарды. Екі жұлқып, сырттан шалдым да топ еткіздім. Жаттықтырушы техникама қызықса керек, екіншісін шығарды, оны да жеңдім. Үшінші, төртінші, бесіншісін де жеңіп кеттім. Жаттықтырушы қызығушылықпен менің қайдан екенімді, қайда оқитынымды, бұрын қандай күреспен айналысқанымды сұрады. Содан ол «бір аптадан кейін институттың біріншілігі болады, дайындалып соған қатыс, күресу мәнерің жақсы екен, жеңсең, мен сені өзіме аламын» деді. Ақыры күнде түстен кейін кілем тігемін, аналар жаттығуға келеді, бірге жаттығамын. Жаттықтырушым да еркін күрестің тәсілін үйретеді. Арада апта өткен соң біріншілік басталды. 52 келі салмақта күресіп, 1-орын алдым.
Жаттықтырушым менен ары қуанып жүр. Сынақ кітапшама барлық сабақтан тиісті бағамды қойдырып берді. «Енді бір айдан кейін қала біріншілігі болады, сонда жеңсең, сен менің қарамағымда боласың» деді. Маған қайткенде де оқудан құлап ауылға бармау керек, барымды салып дайындалдым. Ай өткеннен кейін қала біріншілігі болып, өз салмағымда тағы жеңіске жеттім. Жаттықтырушым «жарайсың» деп арқамнан қағып, тамаққа талон берді. Одан соң көп ұзамай облыс біріншілігінен де 1-орын алдым. Осылайша менің спорттық жолым басталып кетті. 1969–1970 жылдары екі рет қатарынан республика чемпионы болдым. 1970 жылғы республикалық жарыс Алматыда өтті.
– Жақсылық аға, республикалық жарыста кімдермен күрестіңіз, олардың арасында бұрын чемпион болғандары да бар ма еді?!
– Оның рас, онда мен жеңген жігіттер бұрыннан дәрежелері бар, жастары да менен үлкен спорт шеберлері екен. Мәселен, Мұқашов деген жігіт Одақтық жарыста ересектер арасында қола медаль алған. Майбасов деген республиканың бірнеше дүркін чемпионы, ал Баум Бах дегені Еуропада чемпион болған. Осындай атақтары бар бес спортшыны бір жарыста жеңдім ғой. Шаршау дегенді білмей барымды салдым сонда.
– Қазіргі заманауи тілмен айтқанда сенсация жасап, жаттықтырушылардың назарын еріксіз өзіңізге аударғансыз ғой…
– Иә, солай болды. Жаттықтырушылардың бәрі таңқалып, «тума талант» деп жатты. Бірақ, мақтап-мақтап, мақтамен бауыздағандай «Семейден келген, спорт шебері де емес, кездейсоқ біреу чемпион болды» деп Одақтық жарысқа мені алмады. Мұндай әділетсіздікке ыза болдым. «Қайрат» қоғамында бас жаттықтырушы Владимир Угрениев деген бар еді, сол кісі маған келді де «Жәке, мойыма, бізге классикалық грек-рим күресіне ауыс, бір айдан кейін республикалық жарыс болады, сонда өзіңді дәлелдейсің» деді. Содан Алматыда жаттығып жатқан орталықтарына алып келді. Барсақ, шынында да бұрын олимпиада чемпионы болып
аттары шыққан Резанов, Назаренко, Быков сияқты мықтылар жүр. Қазақ жігіттер де бар екен, соларға алып барды. Одақтық жарыстарда 3-4 орындар алған Хангелдиев, Бакенов, Тасеменов деген спортшылар бар екен. Менің салмағымда халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сұлтанғалиев деген палуан бар. Осы жігіттермен қатар жаттығып, бір айдан кейін грек-римнен де республика чемпионы атандым. Жаңағы үлкен жігіттердің бәрін жеңдім. Міне, содан бастап классикалық күреспен айналыстым. 1971–1972 жылдары қатарынан екі жыл республика чемпионы болдым.
– Одақтық жарысқа қай кезден бастап шықтыңыз?
– Реcпубликада чемпион болған 1971 жылы жаттықтырушым сөзінде тұрып, Одақтық жарысқа апарды. Алғаш барған жылы-ақ 3-ші орын алдым. 1972 жылы тағы 3-ші орын иеленіп, 1973 –1974 жылдары 2-ші орын алып, бір сатыға көтерілдім. Ал, 1975 жылы Одақ чемпионы болдым. Алайда, осы жерде тағы аяқтан шалу болып, мені Монреальдағы олимпиадаға алмай қойды. Ол кезде 24 жастамын. Нағыз спорттық бабымдамын. Кеңестер Одағы ғой, орыстар өздерінің палуанын апарғысы келді, не істейсің…
– Республика чемпионы болып, Одақта қола алыпсыз. Сол кездегі спорт саласының басшылары еңбегіңізді қаншалықты ескерді?
– Құдайға шүкір, құрметтен кенде болған жоқпын. Одақта жеңімпаз болған соң Семейден пәтер берді, көлік те мінгізді. «Қайрат» спорт қоғамы да құрметтерін көрсетті. Ол жерде беделім жақсы болды. Бірақ, олимпиадаға апармағандары жаныма батты-ақ. Не даусыңды шығарып, әділетсіздіктерін айта алмайсың. Мені сол кездегі қатарлас палуанның бәрі «Шыдамды Жак» дейтін. Сол атыма сай бәріне шыдауға тура келді.

– Бір емес бірнеше рет аяқтан шалғанда, спортты тастап кетуді ойлаған жоқсыз ба?
– 1976 жылы олимпиадаға алмай қойғаннан кейін әділдік жоқ деп, 3 ай күресті тастап кеткенім бар. Бір күні сол кездегі Спорт министрі Аманша Ақбаев жаттықтырушыларым арқылы мені шақырып алды. Барып едім амандық-саулықтан соң бірден «сен кімге өкпелеп жүрсің, ондайыңды қой, дайындал, ертең аташкаға барамыз» деді. Аташкасы кім екенін түсінгенім де жоқ. Ертесі өзінің қызметтік көлігімен келді де алып кетті. Ескі алаңдағы үлкен ғимаратқа келдік. Үшінші қабатқа ма көтеріліп, қабылдау бөлмесіне кірдік. Жан-жағыма қарасам, есіктің жанында Қонаев ақсақалдың аты-жөні жазылып тұр. Шыны керек, есім шығып кетті. «Неге алып келді, не айтпақ?» деп ойлап қоямын. Содан бір уақытта көмекшісі бізге кіріңіздер деді. Кірдік. Төрде үстелдің жанында үлкен адам тұр. Былай теледидардан көргенім болмаса, бетпе-бет кездеспегенмін. Амандастық, отырыңдар деді, отырдық. Аманша аға сөз бастады. «Аға, кеше өзіңізге айтқан палуан осы жігіт, біздің Қазақстаннан қазір көріп тұрғаным осы ғана, бір болса олимпиада чемпионы осы болады, өз салмағында Одақтың барлық палуанын жығып жүр» деді. Ол кісі менің бас-аяғыма көз жүгіртті де, «мына шырағым өзі бір жапырақ қой, күресе ала ма?!» деді. Аманша аға менің өз салмағымдағы жетістіктерімді тізбелеп айтып келді де, «бұл нағыз талант» деді. Дінмұхамед атамыз онда дұрыс екен деп ризашылығын білдірді де: – Менің саған берер батам да, айтар ақылым да, сен өкпелегенді қой. Маған оңай ғой дейсің бе, мен күніне 5-ақ сағат ұйықтаймын. Малдың басын 50 миллионға жеткіземіз деп жүгіріп жүрміз. Әр малшыға электр жарығын тартып жатырмыз. Суы жоқтарға су жеткізудеміз. Арқада тың игеріп жатырмыз. Қаншама халық келуде, оларға жағдай жасау қажет. Өзбекстанда бірнеше ауданымыз бар, оны қайтарып алуымыз керек. Күні-түні жұмыс істеудеміз. Ал, бізде әлі бір қазақ баласы олимпиада чемпионы болған жоқ, ағаң сенен бірдеме шығатынын айтып отыр, қалай күресесің бе?!, – деді. – Күресем, күресем, – дедім. Өзімнің өкпелеп жүргеніме шын ұялып кеттім. Ары қарай жағдайымды сұрады. Пәтерім бар екенін, көлігім сынып қалып еді деп шынымды айттым. Ол кісі келесі сөзді Аманша ағаға бұрды: «Әй Аманша, көлігін алып бер, чемпион жаяу жүрмесін». Содан соң маған бұрылып, сөзін түйіндеді.  – Ал, батыр, дайындал, өзіңді-өзің
дәлелде, ақ жол, – деп орнынан тұрды да маңдайымнан иіскеді. Бойыма бір күш құйылғандай болды. Қоштасып шығып кеттік. Содан қайтадан жаттығуды бастадым. Маңдайдан тамшылатып тер төгіп, республикалық, Одақтық жарыстарға қатыстым. Бұрынғы жетістіктерімді қайталап, бәрінен 1-орын алып шықтым. Быков, Шумаков, бәрін жеңдім. Бірақ, Одақтық жаттықтырушылар тағы өздерінің адамын апармақ. Содан бұл қалай деп шу шығардым. Сол кезде Шумаков «қазір Жак нағыз спорттық бабында, мен шаршадым, бас тартам, Жак барсын» деп өзі айтты. Содан әрең дегенде қосты. Енді қайткенде де жеңуге өзімді-өзім қайрай бастадым. Мәскеуде Олимпиадада бірінші қарсыласым румындық Александру деген болды. Ол әлемнің 3 дүркін, Еуропаның 2 дүркін чемпионы. Маған дейін оны ешкім жеңбеген. Шынында қиын болды. Он бес мың адамдық залда бәрі Жақсылық деп айғайлап тұрғандай. «Не осы жерде жеңу керек, не өлу керек» деп барымды салдым. Ақыры, 9-4 есебімен жеңдім. Шетке шығып едім, сол кездегі комсомолдың бірінші хатшысы Қ.Сұлтанов келді қасыма. «Жақсылық, қазір Министрлер кеңесінің төрағасы Б.Әшімов келеді, саған айтары бар», – дейді. Сосын ол кісі келді, қасында жиырма шақты адам бар. Келіп бауырына қысып амандасты да «Ал, айналайын, үмітіміз Серік Қонақбаев екеуіңде, Димаш Ахметұлы сәлем айтып жатыр, қалай, чемпион боласың ба?», – деді. Мен жеңетінімді сенімді айттым, ол кісі арқамнан қағып кете барды. Барымды салып, бәрін жеңдім. Сөйтіп, 29 жасымда олимпиада чемпионы атандым. Негізі, менің жасымда көбі спорттық жолын аяқтап қояды. Мен одан кейін де тоқтамадым, 1981 жылы Норвегияда чемпион болдым. 1982 жылы Әлем кубогін иелендім.
– Жақсылық аға, спортты қуып жүріп кеш үйленіп қалған жоқсыз ба?! Отбасыңыз туралы да айта отырсаңыз.
– Жо-оқ, «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демей ме бабаларымыз. Жеңгелерің Күлпан сол Семейдің Аягөзінен. 1975 жылы отау құрдық. 1976 жылы тұңғышым Жандос дүниеге келді. Одан кейін Елдос. Олимпиада чемпионы болған күні туылған ұлға Жеңіс деп ат қойдық. Қазір үш ұлдың немерелерін бағып отырмыз.
– Араларында Сіздің жолды қуғандары бар ма?
– Спортпен бәрі-ақ айналысты. Бірақ, үлкен жетістікке жеткен ешқайсысы жоқ. Өз денсаулықтары үшін айналысады. Грек-рим күресінен менің ол жетістігімді одан кейін міне, отыз тоғыз жыл болыпты, әлі бір қазақ баласы қайталамады. Д.Тұрлыханов, И.Байрамуков, Е.Сіметов, бәрі олимпиадада 2-ші орын алды.

– Спорттық жолыңызды аяқтаған соң қандай қызметтер атқардыңыз, назардан тыс қалған жоқсыз ба?
– «Қайрат» спорт қоғамында он шақты жыл нұсқаушы болдым, спорт мектебінде 7 жыл директорлық қызмет атқардым. Одан кейін Қытай мемлекетінің шақыртуымен барып, 3 жыл бапкерлік қызмет атқардым.
– Осы бапкерлігіңіз туралы көп айтылмайды. Сіз барған соң, қазақ балалары күреске көп келді ме?
– Ол жақта мен көп жұмыс атқардым. Талай қазақ баласын баптадым. Азияның чемпионы болған шәкірттерім бар. Олардың арасынан көбі елге оралып, қызмет етті. Жалпы, мен ол жақта жан-жақты миссия орындадым…
– Бір кездері өзіңіз басқарған «Жақсылық» спорт клубының қазіргі жағдайы қалай?
– Ол Жамбыл облысы Байзақ ауданында сол уақытта Министрлер кеңесінің қаулысымен ашылған болатын. Спорттың бірнеше түрінен секциялары бар. Қазіргі таңда да аудандық спорт бөлімінің балансында жұмыс істеп тұр. Ал, 2006 жылы өзім Жамбыл ауданы Мыңбай ауылында спорт клубын аштым. Онда да ауыл жастары спортпен шынығады.
– Ал, ауыл шаруашылығымен айналысуды зейнеткерлікке шыққан соң бастадыңыз ба, оған не себеп болды?
– Шаруашылықты 1997 жылдан бастадым. Оған не себеп болғанда, мен енді мал дәрігерлікті бітірген маманмын. Ауылда бала жасымнан шаруамен айналысып өстім. Жалпы, шаруаның жөнін білемін. Бақанас жақтан жер алып, бастап кеттім. Алғаш 200-дей ешкі бақтырдым. Кейін тағы да жер алып, ірі қараны қостым. Одан кейін бала кезде шабандоз болғаным еске түсіп, жылқы да баға бастадым. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көлкөсір» деген бабаларымыздың сөзімен қойды да өсірдім. Қазіргі таңда бұрынғы жарты колхоздың малындай мал болып қалды, 70-тей адамға жұмыс беріп отырмын. Мыңбай ауылында малшылардың балаларына арнап жатақхана салдырдым, жұмысшыларға арнап үй соқтырдым. Ауылға газ кіргізіп, әйтеуір ауылымның жағдайын жасап отырмын.
– Жақсылық аға, «Қазақстан барысы», «Әлем барысы» жобаларына құрметті қонақ ретінде шақырылып, жеңімпаздарға сыйлық тапсырып, батаңызды беріп жүрсіз. Осы жобаны қолға алған Арман Шораев бастаған жігіттер қазақ күресін олимпиада ойындарына кіргіземіз деп жүгіріп жүр, сіздің ойыңыз қандай?
– Әрине, мен де оларды қолдаймын. Бірақ, көп еңбектену керек. Қазақ күресін әлемге кеңінен танытып, көптеген халықаралық жарыстар өткізген дұрыс. Қазіргі таңда ЮНЕСКО мәдени құндылықтар тізіміне қосып отыр. Сондықтан, «Қазақстан барысы» жобасының айналасындағы жігіттер ғана емес, Спорт және мәдениет министрлігінен бастап Үкімет те, бәрі-бәрі атсалысулары қажет. Сонда ғана қазақ күресін олимпиада төріне шығара аламыз.
– Әңгімеңізге рақмет, еңбегіңіз жемісті бола берсін!
Сұхбаттасқан
Нұрболат АБАЙҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий