Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Жеке құжаттар мобильді қосымшада пайда болуы мүмкін

Жүргізуші куәлігі, диплом және техникалық төлқұжат смартфондарда пайда болуы мүмкін, – деп хабарлайды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, «ҰАТ» АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов мемлекеттік орган өкілдеріне азаматтардың мобильдік қосымшасына енгізілген құжаттардың тізімін кеңейтуді ұсынды.

«Бүгінгі күні азаматтар eGov мобильдік қосымшасынан өзінің жеке куәлігін көре алады. Егер өзімен бірге жеке куәліктің түпнұсқасы болмаған жағдайда, мобильдік қосымшадағы құжатты пайдалана алар еді. Дәл осындай принциппен диплом, жүргізуші куәлігі, техникалық төлқұжат және басқа да құжаттарды орналастыруға болады», – деді Тұрысов.

Ведомствоаралық комиссияның төрағасы, цифрлық даму министрі Асқар Жұмағалиев бұл идеяны жүзеге асыруда мемлекеттік органдарға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

«Біз өз тарапымыздан мемлекеттік органдарға барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Азаматтың барлық құжаттарының бір қосымшада орналасуы өте ыңғайлы болар еді. Осыған орай, мемлекеттік ұйымдардың цифрлық құжаттарды түпнұсқамен тең дәрежеде қабылдау мәселесін шешу қажет», – деді министр.

Комментарий