Экономика

Өзгенің өніміне қашанғы тәуелді боламыз?

Халықты жұмыспен қамту біздің елде ең күрделі мәселе. Елімізде 434,4 мың адам жұмыссыздар санатында. Бұл ресми тіркелгендері. Шын мәнінде өзін өзі жұмыспен қамтушылар мәртебесін алған үш миллионға жуық халықты да тұрақты күнкөрісі бар деп айтуға келмейді. Олардың арасында кездейсоқ табыспен жан сақтап жүргені аз емес.

Елімізде осы күрделі мәселені шешу мақсатында қабылданған шара, бөлінген қаржы қомақты. Басқаны айтпағанда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға біраз миллиардтардың кеткені үнемі биік мінберлерден айтылып жүр. Алайда, одан шығып жатқан нәтиже шамалы. Осы бағдарлама аясында біраз мамандар даярланып, кейбірінің біліктілігі көтеріліп, енді біразы экономикасы әлеуетті өңірлерге көшіріліп жатты. Бірақ, солардың арасында тұрақты жұмысқа қол жеткендері жұмсалған қаржының деңгейіне сай емес. Бізде ашылатын жұмыс орындарының тұрақты болатыны аз. Көпшілігі науқандық, қоғамдық жұмыстар. Жаңадан игерілетін мамандықтар еңбек нарығындағы сұранысқа сай емес. Тоқ етерін айтқанда, халықты тұрақты жұмыспен қамтудың жүйелі де әлеуетті ресурсына қол жетпей келеді. Шын мәнінде бұл мәселені өнімдерді қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсібін жолға қою арқылы шешуге болар еді. Өкінішке орай, бұл салалардың дамуы
кенже қалған. Осының салдарынан базарымызда өзгенің өнімінен аяқ алып жүре алмайсың.
Іргеміздегі қырғыздардың көйлек-көншегі де біздің аттай қалап алдыратын дүниеге айналды. Тым болмаса осы көршімізден үлгі ала алмай отырмыз. Бұл елдегі қайта өңдеу саласындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі бүгінде отыз пайыз көлемінде. Ал, біздегі көрсеткіш небары 1,2
пайыздан аспайды. Жеңіл өнеркәсіпті дамытсақ отандық өнім көлемін арттырып, бюджет тапшылығын жойып қана қоймай, қаншама адамды жұмыспен қамтыған болар едік. Өкінішке орай, біздегі жұмыспен қамту шараларында осы ресурс ұмыт қала ма, әлде әдейі ескерілмей ме? Соны ұға алмаймыз. Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты Владислав Косырев бастаған бір топ депутат Үкімет басшысына сауал жолдай отырып, жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына кедергі келтіріп отырған бірқатар жайларға назар аудартқан болатын. Шыны керек, бүгінде елімізде өнімдерді қайта өңдеу саласы да ақсап тұрғаны белгілі. Әсіресе, өзге елдерде таптырмайтын қойдың жүні, терісі сынды шикізаттар сұраныстың болмауы немесе тым төмен бағалануы салдарынан кәдеге жарамай қалуда. Ауылда олар өртеліп, немесе қоқысқа тасталып жатыр. Тым арзан бағамен Қытай асып кетіп, бірнеше есе бағамен өзімізге дайын өнім болып қайтып келіп жатқандары да бар. Қысқасы, өзімізде
барды ұқсатпай, өзгенің жасығын асылға балау арқылынесібемізден қағылып, жұмыс орындарын да құра алмай отырмыз. 2019–2021 арналған бюджетте бұл мақсатқа бөлініп отырған қаржы көлемі мүлде аз екен. Жергілікті билік бұған тіпті назар аудармайды. Салдарынан 2018 жылы тіркелген 1650 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорнының 989-ы ғана жұмыс істеп тұр. Олардың өнімдерінің көлемі жылына 70- тен 90 млн теңге айаласында. Бір кәсіпорынның шығарған тауары орта есепппен 100 мың теңгеден аспайды. Биыл жаңа өнеркәсіп орындарын қолдауға бөлінген қаржы былтырғыдан 1,5 млрд теңгеге азайып, 3,3 млрд теңгеге түскен. Ал, жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға соңғы бес жылда күрделі қаржы мүлде қарастырылмай отыр. Министрлікте бұл мәселемен айналысып отырған ешкім жоқ. Сондықтан да, аталмыш мал өнімдерін өңдеу назардан тыс қалған. Депутаттар осы ретте уақытында жеңіл өнеркәсіп мекемелерін жекешелендіріп алған компаниялар мен фирмалар қаражатын осы шараға тарту қажеттігін атап көрсетті. Қазіргі таңда үйде өндіріс ашып, оларға тауар жеткізу, солар арқылы өнім өңдеуге көңіл бөлініп отыр. Халық қалаулыларының айтуынша, бұл жеткіліксіз. Өйткені, жеке кәсіпкер қанша жерден құлшына кіріскенімен олардың өнімі базалық өндіріс орындарының шығарған өніміне сапасы мен көлемі жағынан жете аламайды. Сондықтан, таяуда бір жарым, екі жылда қалаларда және аудан орталықтарында жүн, мақта, тері сатып алу желілерін жолға қойып, тері өңдеу, тоқыма фабрикаларын іске қосу керек. Бұл үшін тәжірибені алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бүгінде табысты жұмыс істеп жатқан «Каспий Лана Атырау» фабрикасынан көп нәрсе үйренуге болады. Тоқ етерін айтқанда, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірудің мықты тәжірибесі, үлкен мектебі және мол ресурсы бар Қазақстан ендігі жерде өзгенің өніміне алақан жаймауы керек. Өзіміздегі еңбек күшімен оларды ел игілігіне айналдырып, жұмыссыздық мәселесін де тиімді шешетін кез әлдеқашан туған.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий