Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Тікұшақ трагедиясы: техниканың тозуы ма, қоғамның тоқырауы ма?

Қызылорда облысындағы тікұшақ апаты – елімізде болған апаттардың басы емес. Бұған дейін де қаншама тікұшақтар құлады. Ең өкініштісі, қаншама жан қаза болып жатыр. Кешегі апаттан бортта болған 13 әскери опат болды. Ендеше, көкейде бір сұрақ – осындай жағдайлардың алдын алуға болмас па еді? Жалпы, бұдан былай жағдайды бақылау мүмкін бе?

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, ғарышкер:
– Мен бұл апатқа байланысты нақты пікір айтпай тұра тұрайын. Себебі, біріншіден, сараптаманың соңғы нәтижесін күту керек. Екіншіден, апатқа бір ғана нәрсе себеп болды деу қиын. Алдын ала болжам бойынша, «күрделі ауа-райы жағдайында айналаның нашар
көрінуіне байланысты» деп отыр. Яғни, былайша айтқанда тікұшақ экипажының командирі «қолайсыз ауа-райына қарамастан ұшуға шешім қабылдап, әуеде тікұшақты басқара алмай қалған».Менің ойымша, тікұшақ кенеттен сыр берген сияқты. Себебі, егер оның қандай да бір техникалық ақауы болса, басында көкке көтерілуге рұқсат бермес еді. Рұқсат берілді. Ол таңғы сағат 09.03-те Ақтаудан ұшып шыққан. Содан Бейнеуге жеткен, ол жерден 12.36-да Байқоңырға бағытталған. Содан кешкі сағат 17.50 шамасында Шымкентке қарай ұшып, көп ұзамай радиолокациядан жоғалып кеткен.Көрдіңіз бе, ол алдыңғы екі бағытқа да аман-есен
жетіп отыр. Ал енді алдын алуға байланысты айтар болсам, «Апат айтып келмейді». Оның қашан орын алатынын ешкім білмейді, білу мүмкін емес те. Бірақ, бізге осы тұста сараптама жасау артықтық етпес еді. Себебі, тікұшақ апаты елімізде бірінші рет орын алып тұрған жоқ. Тікұшақтың ескілігінен болды ма, әлде дұрыс эксплуатация жасалмады ма, ауа райының қолайсыздығынан болды ма, анықтау керек. Ауа райынан да болуы мүмкін, себебі қатты жел тұрса да, тікұшақ оның екпінінен бағытынын тайып кетеді. Ендеше, нақты себебін анықтау қажет. Осыған дейінгі апаттардың бәрінің себебін анықтағанда барып, біз жалпы ахуалдың картинасын жасай аламыз. Ол біздің бұдан былай сақтануымыз үшін қажет. Дегенмен, бұдан былай апатты болдырмаймыз деу мүмкін емес.

Дос КӨШІМ, саясаттанушы:
– Апаттың себебін негізінен осы бағыттағы мамандар айта алатын шығар. Алайда, бір нәрсе анық, егер қоғам қай жағынан болсын осындай жағдайға келсе, жемқорлық, тоқырау дейміз ғой, онда барлық сала осындай күйге ұшырайды. Бір сала жақсы, екінші сала жаман болмайды. Яғни, тікұшақ апаты ол – авиация саласының не әскери саланың ғана трагедиясы емес. Ол – жалпы қоғамдағы қазіргі ахуалдың бірден бір көрсеткіші. Әскери салада да бақылаудың болмауы, мамандардың тапшылығы, біліксіздігі – осының бәрі жоғарыда айтқандай жағдайдың салдары. Бұл – бүкіл қоғамның мәселесі. Неге? Өзіңіз ойлаңызшы, адамның басы бірінші өсіп, сосын қолы өспейді ғой? Бәрі бірге өседі, бәрі бірге өледі. Сондықтан, бұл саланың да осындай деңгейге жетуі – жалпы қоғамдық тоқыраудан хабар береді. Оған мен өз басым таң қалмаймын. Әрине, өкінішке қарай, қайғылы жағдайда он үш адам қаза тапты. Дегенмен, бұл бүкіл қоғамдағы тоқыраудың, азғындаудың бір көрінісі. Қанша жерден жақсы адамды әкеліп қойып, бір саланы, мейлі ол әскери сала, мейлі медицина саласы болсын, көтерем деу – бос әурешілік. Ол бәрібір болмайды. Себебі, тұтас қоғам дертке ұшыраған. Тұтас қоғамды емдемей, жағдай түзелмейді. Қоғам – тұтас дене. Ауа райын бөлек қояйық, ұшақтың тозуы немесе соны айдап келе жатқан адамның білімсіздігі,
осылардың бәрі – жүйенің дұрыс еместігінен шығады. Тозған ұшақты бақылайтын адамдардың сиқы қандай? Әйтпесе, олар кезінде бармақ басты, көз қыстымен өтіп кетті ме? Мысалы, бүгінде тікұшақтың уақыты өтіп кеткен, яғни, ұшуға жарамсыз болған деген де әңгіме айтылып жатыр. Оны неге қадағаламаған онда? Оны қарайтындардың үстінен кім қарап тұр? Мүмкін, біреулер кезінде сол тікұшақтардың тозығы жеткенін айтқан да шығар, бірақ, оған кім құлақ асты дейсіз? Міне, қоғамның ауруы деп отырғаным осы. Ендеше, мұндай жағдайда қалай алдын алу мәселесін айта аламыз..?

Сауалнаманы әзірлеген Мәриям ӘБСАТТАР, «Заң газеті»

 

Комментарий