Қоғам | Общество

Қауіп азаймай тұр

АРҚАҒА КӨКТЕМ КЕЛІП, ҚАР КӨБЕСІ СӨГІЛЕ БАСТАДЫ. БИЫЛ ДА ӘДЕТТЕГІДЕЙ ҚАР ҚАЛЫҢ ТҮСТІ. ОСЫҒАН ОРАЙ, КӨКТЕМГІ ҚАР ЕРУ КЕЗЕҢІНДЕ БОЛАТЫН СУ ТАСҚЫНДАРЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ БІРҚАТАР ӨҢІРЛЕРІНДЕГІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЫЛ САЙЫН ӘБІГЕРГЕ САЛЫП ЖАТАДЫ. 2017 ЖЫЛҒЫ КӨКТЕМДЕ БОЛҒАН СУ ТАСҚЫНЫНАН АТБАСАР ҚАЛАСЫ МЕН САНДЫҚТАУ АУДАНЫНЫҢ БІРНЕШЕ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРІ ҚАТТЫ ЗАРДАП ШЕККЕН БОЛАТЫН. БАСПАНАЛАРЫНАН АЙЫРЫЛҒАН АТБАСАРЛЫҚ БІРАЗ ОТБАСЫ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ПӘТЕР ЖАЛДАП, БАСПАНАСЫЗДЫҚТЫҢ ЗАРДАБЫН ТАРТЫП КЕЛЕДІ.

Ақмола облысы бойынша Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Алексей Советовтың айтуынша, биылғы көктемде де бірқатар өңірлерді су басу қаупі бар. Қазгидрометтің мәліметіне қарағанда, Есіл өзенінің ернеуі еріген қар суына байланысты
табиғи деңгейінен 30 пайызға көтерілмек. Астана және Шағалалы су бассейндерінің ернеуі де қар суымен нормадан тыс көтеріледі деген болжам бар. Бұның бәрі сол аумақта орналасқан
елді мекендерге қатер төндіретіні анық.
– Қазіргі жағдайға жасалған талдау көрсеткендей, облыс аумағынан өтетін барлық өзендердің деңгейі қатерлі шектен жоғары болады деп күтілуде. Осыған орай, су тасқынының алдын
алу шараларына барынша жете көңіл бөлінеді, – дейді департамент басшысы. Өткен жылы су басу аумағында орналасқан 43 елді мекенде су тасқынының алдын алу шаралары жасалған. Атап айтқанда, өзен жағалаулары көтеріліп, арнасы тазартылды, бірқатар жерлерде өзен аңғарын тереңдету жұмыстары жүргізілді. Қазіргі күні көктемгі су тасқынының алдын алуға байланысты 227 мың тонна жанар-жағар май, 72 мың қапшық және қатердің алдын алуға қажетті техника дайындалды. Елді- мекендердің көшелерін қардан тазарту
жұмыстары жүргізіліп, 437 мың текше метр қар сыртқа шығарылды. Су тасқыны қатері бар аумақтардың мұзын жару жұмыстары жүргізіліп, өзен бөгеттері мықталуда. Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штаб пен аудандардағы бөлімдер құрылып, тәулік бойы кезекшілік енгізілді. Қардың жаппай еруі сәуір айының басында күтілуде. Яғни, су тасқыны қаупі де осы кезде күшейе түсетіні анық. Көктемгі су тасқынының алдын алуға арнап жыл сайын миллиондап, тіпті миллиардтап қаржы бөлініп жатады. Десе де, қатер қаупін мүлдем жою әзірге мүмкін болмай тұр. Қазіргі жұмыстар өйтіп-бүйтіп қатер қаупін азайтуға бағытталған. Жыл сайын қыруар қаржы бөліп, әбігерге түскенше, су қоймасын салу немесе өзен арнасын тазартып, жағалауын бекіту сияқты қатерді түбегейлі жоятын нақты шараларды жүзеге асыру жайы әзірге ауызға алынбай отыр. Ең қиыны, қатер аумағындағы тұрғындар осы уақытта күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмытып, үйіміз су астында қалмас па екен деп әбігерге түседі. Жылда болатын бұл жай биыл да айна-қатесіз қайталануда. Құдай оңдап су тасқыны болмай, апат айналып өтсе деп тілейді зәрезап болған жұрт.
Қалкөз ЖҮСІП,
«Заң газеті»
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ 

Комментарий