Аптадағы сұхбат | Интервью неделиҚоғам | Общество

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры:«Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары одақ құруға әлі дайын емес»

– Ташкентте өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуінен не күтесіз?
– Біріншіден, ықпалдастық әрекеттер жасалады. Шешілетін бірқатар мәселе бар. Ол су, тауар транзиті, экономиканы несиелендіру және көрші мемлекеттердің бір-бірін инвестициялауына
жағдай жасауы, мигрант мәселесі бар. Мәселен, бізде Өзбекстанның 700-800 мыңдай азаматы жұмыс істейді. Менің ойымша, аймақ басшыларының бұл кездесуінде де ешбір мәселе толық шешілмейді. Өйткені әр Президенттің өз амбициясы бар. Содан кейін көбі кедей мемлекеттер. Мысалы, олардың ішінде ең тәуірі біз, бізден кейін Өзбекстан. Алайда Өзбекстанның ішкі жиынтық өнімі бізден 4,5 есе төмен. Сол себепті қазір бәрінің ойы Қазақстан арқылы тауарын тегін өткізу және содан кейін несие сұрауға тіреліп тұр. Дегенмен, соңғы кезде Қазақстанның экономикасы да біршама төмендеді. Мысалы, біздің өсіміміз 2015 жылы 1 пайыз, 2016 жылы 1,2 пайыз, ал 2017–2018 жылдары 4 пайызға әрең жетті. Ал, әлемнің көшінен қалмас үшін 3,8 пайыз өсім керек.

– Орталық Азия республикаларында қазір көшбасшы бар ма?
– Нұрсұлтан Назарбаев әлі де көшбасшы болып қала береді.
– Орталық Азия елдерінің басшылары 2009 жылдан кейін араға 9 жыл салып былтыр 15 наурызда кездесті. Биыл енді тағы да кездеспек. Оған Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев бастамашы болып отыр. Бұл нені байқатады?
– Өзбекстанда Президент өзгергенде реформа басталады деп ойлағанбыз. Шалажансар нарық бар. Алайда әлі реформа жасайтын тақырып болмай тұр. Жаңа басшы тек меншік пен билікті қайта бөліске салуда. Енді популистік әрекеттер басталады. Жалпы билікті қайта бөлісу коррупциямен күрес арқылы жүреді. Содан кейін лидерлік үшін күрес жоқ.

– Дәл қазіргі кезеңде Азия одағының құрылу мүмкіндігі қандай?
– Тоғысқан жеке мүдделер ғана бар. Жекелеген мәселе бойынша соны ғана істейді. Қарақалпақ мәселесіне көңіл бөлінбейді. Ертең біреулері бас көтерсе ішінде сепаратистер бар екен деп бәрі оларды шетінен соттай бастайды. Жалпы Орталық Азиядағы жеке
амбициялар ешқашан жоғалмайды. Мұнда тек амбиция емес, жеке мүдделер де жүреді. Ол меншікке қатысты. Сол себепті бәрі имидж үшін «міне біз біргеміз» деп ішкі кедендік алымды
азайту, еңбек күшінің нарығын жүргізейік деуі мүмкін. Бірақ, бұл біз үшін қауіпті. Егер біз өзбек пен тәжікті өзімізге еркін жіберсек, олар құрылыс нарығын жаулап ала бастайды. Сосын
олардың капиталы да біртіндеп кіреді. Қазір аймақта артық капиталы бар мемлекет тек Қазақстан. Қырғыздардың экономикалық нарығы артта қалып қойды. Олар да бізге инвестиция жаса, қарыз бер, саудаға преференциялар бер дейді. Қазақстан оны жасай
алмайды. Оларда нарық енді дамып келеді. Осыған қарамастан Орталық Азиядағы елдердің бәрі өз нарығын көршілерден қорғайды.
– Диаспора мәселесі де бар емес пе?
– Өзбекстан осы уақытқа дейін біздің оралмандарды айқай-шусыз елге жіберіп отыр. Қазір бізге оралман беретін тек қана Өзбекстан деуге болады. Қазақстанға қайтып жатқан
диаспора өкілдерінің 64 пайызы сол жерден келеді.

– Еуропада тұратын саясаттанушы Берлин Иришев «Қазақстан қазір Еуропаға емес, Азияға бет бұруда» дейді.

– Шетелдік инвесторлар минералдық шикізатты жыртқыштық әдіспен тонауда. Сондықтан, Елбасы инвестицияны минералдық ресурстарға емес, өңдеуге бұрам деп түрлі әрекет жасап отыр. Ал, бізге инвестиция салуда қазір Еуропаның мүмкіндігі шектеулі және ол әлемдік  экономиканың баяулауына байланысты соңғы кезде айтарлықтай қиындады. Ал, Азиядан, оның ішінде Қытайдан қаржы тартудың мүмкіндігі өте жоғары. Сосын Тұңғыш Президент қор биржасы арқылы мемлекеттік секторды жекешелендіріп, оны 15 пайызға дейін қысқартуды бастаған болатын. Мемлекеттік секторда енді тек мектеп, аурухана, қорғаныс секторы мен әкімдіктер ғана қалады. Бұл өте жақсы идеялар. Бізде АҚШ моделі болу керек.
– Шетелде әрбір ел бойынша жекелеген зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар жұмыс жасайды. Бізде бұл жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Бізде олар бар. Бірақ, қаншалықты деңгейде мамандары барын айту қиын. Өзін маманмын деп жүргендердің көбі шет тілін білмейді. Олардың қалай саясаттанушы болып жүргеніне таңым бар.
– Соңғы кезде қолға алынған шаралар Өзбекстанның Орталық Азия одағын Ресейсіз құруды қалайтынын көрсетеді. Тіпті кейбір ғылыми конференцияларына ресейлік мамандарды мүлде шақырмайтынын байқап жүрміз.
– Мен де таңқалдым. Менің ойымша әртараптандыру болу керек. Бірақ, ешкімді бөліп-жаруға болмайды. Әрине Ресейдің де, Қытайдың да ішінде бір арам ойы бар екені жасырын емес. Бірақ, Ресейсіз Орталық Азия елдерінің ықпалдастығы ешқашан өз деңгейінде болмай, тек төменгі деңгейде ғана жүзеге асады. Өйткені, біздің транзитіміз Еуропаға тек Ресей арқылы өтеді. Біз сыртқы нарыққа Қытай не Ресей арқылы шығуымыз керек. Бізде прагматикалық көзқарас болғаны жөн. Сауда қатынастарында эмоцианалдық, рухани компоненттер аз болу керек. Сауданың өзінің тәртібі бар. Ең ірі әлемдік держава саналатын АҚШ та өз мүддесіне сәйкес болса ғана әрекет жасайды. Сол себепті басқа елдермен ынтмақтастықта ең дұрысы екі жақты және кәсіпорын деңгейіндегі қарым-қатынас. Соның өзі оңай шаруа емес.
– Орталық Азия елдерімен екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға не кедергі?
– Әр ел өзіне ғана пайдалы жақты ойлайды. Бізге әлемдік стандартқа қарай жылжу керек. Жалпы Орталық Азия елдерінде толық ықпалдастық болу үшін оны қадағалайтын арнайы
ұйымдар қажет болады. Ол қазір бізге керек емес. АҚШ-пен жақсы боламыз ба, Ресеймен не Қытаймен жақсы боламыз ба,оны өзіміз шешуіміз керек. Сосын Орталық Азиядағы қазіргі арақатынастар қысқа мерзімдік. Мынаны бітіріп алайық, келесі жобаны сосын көреміз дегендей жағдай бар.
– Әлеуметік желілердегі кейбір жазбаларға көз жүгіртсек өзге түгілі, өз азаматтарымыз Өзбекстанның аймақтағы рөлі мен әлеуетін тым асыра бағалап жүргенін байқаймыз. Оның себебі неде?
– Өзбексан туралы айтылып жүрген әңгіменің бәрі өтірік. Оның бір кереметі 33 млн халқы ғана. Ішкі жиынтық өнімінің көлемі Қазақстаннан 4 еседей кем. Оларда нарықтық принцип әлі кірген жоқ. Кейбір ауылдарында еркек кіндік қалмаған. Сондықтан, бір кісі өлсе оны ақтық сапарға жөнелту үшін мектептің жоғары сыныптағы ер балаларын шығарады екен. Осыған
орай әлеуметтік желідегі әңгіменің рас-өтірігін ажыратпай тұрып, дүрмекке еріп, өзге елдің «ғажайыптарына» тамсанып отырғандар шындықтан хабардар екеніне күмәнім бар.
– Саясаттанушылар көп жағдайда Орталық Азия туралы сөз болса оны Ауғанстандағы жағдаймен байланыстыруға тырысады. Бұл мәселе қаншалықты өзекті? Бізге одан төніп тұрған қауіп бар ма?
– Ол қолдан жасалған құбыжық. Үлкендердің тонды теріс айналдырып киіп, баланы қорқытқаны сияқты ғана нәрсе. Менің пайымдауымша, Ауғанстаннан бізге төніп тұрған пәлендей қауіп жоқ. Ауғанстанда бір класта 56 бала оқиды екен. Өзбекстанда да соған
жақын. Халықтың тез өсуінің әсерінен бюджеттің әлеуметтік шығындары жеткілікті деңгейде берілмейді. Қырғызстанның да күйіп бара жатқан мәселесі жеткілікті. Статистикалық
мәліметтерге қарағанда Ферғанадағы адам тығыздығы Қытайдан да жоғары. Ондағы ең түйткілді жағдай да жұмыссыздық пен демография мәселелері болып отыр.
– Орталық Азия жайында сөз қозғалған кезде Қытай мәселесі де әрдайым басты назарда болады. Ондағы ахуал қандай?
– Қытай қазір ыдыраудың алдында тұр. Өз еліндегі шетелдік инвесторларды қуып жатыр. Халық бұған наразы. Қытай нарықты өз қолымен тарылтуда. Сондықтан, Қытайдың өз
ішінде бірқатар түйткілді мәселелер туындап отыр. Қытайдың АҚШ-пен қайта-қайта мәмілеге келуі де содан. Олардың коммунистік жүйеден кеткісі жоқ. Тұрмыс деңгейі Ресейден жоғары болғанмен, ары қарай дамымай қалды. Бұрын Қытайда өндірілген өнімді сатып алатын өз азаматтары аз болатын. Бір партиялық жүйеде өз көрсеткішін асыра көрсету үрдісі болады. Бұл кезінде Кеңес одағын да құртқан. Қытай да енді соның кебін киюі мүмкін. Себебі оның жалпы ішкі өнімінің өсімі өздері айтып жатқандай 6,5 пайыз емес, шындығында даму көрсеткіші 3 пайыз көлемінде болуы мүмкін.
– Соңғы онжылдықта Орталық Азия ғана емес, Африка елдерінде де Қытай инвестициясының көлемі айтарлықтай ұлғаюда. Мұны қалай түсіндіресіз?
– Шетелге капиталдың кетуі қулық болуы да мүмкін. Оны капиталдың қашуы ретінде де қарастырып жатқандар аз емес. Қазақстан да қазір Еуропаға инвестиция салуда. Өйткені мұнда оның қорғалуына әлі де сенім аз.
– Қазақстанның сыртқы саясаттағы әртараптық ұстанымы өзін-өзі ақтады ма?
– Иә, бұл ұстаным өзін-өзі ақтап келеді. Мәселен, кейбір жағдайда Тәжікстанға қазір Қытайдан басқа ешкім көмек бермейді. Ал, біздегі жағдай бұдан өзгеше.
– Орталық Азия елдері арасында қазір бір-біріне инвестиция салуға қызығушылық бар ма?
– Жеке мәселелерде ғана бар. Жүйелі түрде емес. Мысалы, Өзбекстанға шетелден келіп жатқан инвестиция билеуші кланның өз қаржысы, яғни бір қолдан екінші қолға өту ғана болуы мүмкін. Өйткені мұнда айта қоярлықтай инвестициялық климат жоқ. Инвестицияға барлық ел мұқтаж. Бізде қор биржасында ағылшындық жүйе бар. Өзгелерден басты артықшылығымыз осында. Құқықтық реформа инвесторларды тарту үшін керек.
– Қазақ тарихына қарасақ халқымыз өз көршілерінің ішінде ең көп соғысқаны жоңғар да, орыс та емес, өзбектер екен. Бұл кездейсоқтық па?
– Өзбек қаупі Қазақстанда қазір де бар. Ол адами экспанциясына қатысты. Егер біз көші-қон саясатын жеңілдететін болсақ халқының тұрмыс деңгейі бізден әлдеқайда төмен өзбектің көбі Қазақстанға ағылуы мүмкін. Одан кейін бұл көшке тәжік, бангладеш, үнділер қосылуы ғажап емес. Миграциялық экспанцияға біз қазір аса мән бермей отырмыз. Сондықтан шетелдегі оралмандарды мүмкіндігінше жинап, елімізде бір ұлт, бір тіл жасауымыз керек.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
«Заң газеті»

Комментарий