Бас тақырып | Тема дняЕлең еткізер | Актуально

ҰТЫС АРҚЫЛЫ ҰПАЙ ЖИНАУҒА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛАДЫ

 Елімізде лотерея операторынан басқа  ұйымдар  жарнамасында «лотерея»  сөзін қолдануға заң жүзінде тыйым  салынбақ. Парламент Мәжілісінің  жалпы отырысында бірінші  оқылымда  мақұлданған  «Қазақстан  Республикасының кейбір заңнамалық  актілеріне лотереялар және  лотерея қызметі мәселелері бойынша  өзгерістер мен  толықтырулар  енгізу тура-лы» заң жобасының басты  жаңалығы  осы болып  отыр.

Құжатты депутаттар алдында қорғаған ҚР Мәдениет және спорт министрі  Ақтоты Райымбекованың айтуынша, бұл  шара лотереялық қызмет атын жамылып  алаяқтық жасайтындар мен жарнамада  жалған лотереялық қызмет туралы ақпарат таратушылардан азаматтарды қорғау  үшін қажет. Қазіргі уақытта Әкімшілік  құқықбұзушылық туралы кодексте айқындалған лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея қызметін жүзеге асыруына қатысты талаптарда  «Лотерея және лотерея қызметі туралы»  заң ережелерін іске асыруды қамтамасыз ететін нормалар жоқ.

Лотерея – бұл ермек демалыстың бір  түрі, өзге елдердегідей біздің елде де ол  мемлекет бақылауында. Лотерея ойындарын өткізу – мемлекеттің әлеуметтік  бағдарламаларын қолдау мен спортты  дамытудың бір мүмкіндігі. Бұл қызметте лотерея операторы лотерея қатысушыларынан түскен ақшаны жинап, кейін ұтысқа  ие болғандарға ойынға салған заттарын таратады.

2017 жылғы 10 ақпандағы №48 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Сәтті Жұлдыз» акционерлік қоғамы лотерея операторы болып анықталған болатын. Министрдің айтуынша, бүгінде бұл шешімнің дұрыстығына көз жетіп отыр. Лотерея операторы 2017–2019 жылдар аралығында лотерея билеттерін 18,4 млрд теңгеге сатып, жалпы құны 12 млрд теңгеден астам ұтыс төлеуді қамтамасыз етті. Ел бюджетіне лотереядан түсетін салық сомасы 2,7 млрд теңгеден асты. Спортты дамытуға 400 млн теңгеден артық үлес тиді. Сонымен қатар лотерея операторымен келісім-шарт бойынша агенттік қызметін жүзеге асыратын 3000-нан астам ұйым жұмыс істеуде. Ең бастысы лотерея операторы мемлекет пен қоғам алдында қызметтің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етті. Сондықтан  бұл институттың құқықтық негіздерін одан әрі нығайту қажет. Осыған орай заң жобасы бойынша Мәдениет және спорт министрлігінің құзырына лотереялық қызметті тиімді әрі жедел мемлекеттік реттеу құқығы беріліп отыр. Олар лотереяны өткізудің ережесі мен ойынды жүргізу тәсілдеріне қойылатын талапты бекіту мәселелерін қамтиды.

Бұл шаралар уәкілетті орган ретінде Мәдениет және спорт министрлігіне лотерея қызметі саласындағы жаңалықтарға жедел ден қоюға және ондағы құқыққа қарсы қызметті тиімді шектеуге жол ашады. Жалпы, бұл саланың одан әрі дамуы салық түсімдерінің және спорт үшін қажет қаржының өсуіне мүмкіндік туғызады.

Депутаттар сауалына жауап беру барысында Ақтоты Райымқұлова қаралып отырған жаңа құжат негізінде оператордан өзге ұйымдардың жарнамаға лотерея  сөзін қосқаны үшін әкімшілік жаза айқындалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай қадамға барған жеке кәсіпкер 200, ұсақ бизнес ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдар 700, орта кәсіпкерлік нысандары 1000, ірі бизнес секторындағылар 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болады. Алайда, бұл шара ескерту берілген соң бір жылдан кейін қайталанса ғана қолданылмақ. Мәселенің бұлайша қойылуы депутаттарға ұнамады. Әсіресе, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мұндай жазаның тиімділігі  болмайтынын бірден кесіп айтты. Оның пайымдауынша, лотерея сөзін құзырлы ұйымнан өзгелердің пайдалануы Қылмыстық кодексте дәйектелген заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу әрекеті ретінде танылып, жазалануы керек. Керісінше  жағдайда, жаңа құжат бойынша енгізілген өлшем заңсыз лотерея ойнатушылар санын тек көбейтеді. Себебі, бір жыл тым ұзақ мерзім. Пәрменді шара дер кезінде қолданылғанда ғана тиімді болмақ.  Сондықтан Нұрлан Зайроллаұлы бұл мәселенің екінші оқылымда пысықталуы қажеттігін талап етті. Депуттаттар тарапынан лотерея сөзін  жарнамаға пайдаланушыларды анықтап,  оларға тиісті жаза көлемін белгілейтін  уәкілетті органға қатысты да сұрақ туды.  Өйткені, оны жүзеге асыратын лотерея  операторы «Сәтті жұлдыз» акционерлік  қоғамының аймақтарда өкілдігі жоқ. Жалпы, бұл ұйымның да заңсыздықты қадағалауы дұрыс емес. Мұны құзырлы орган,  яғни Мәдениет және спорт министрлігі  жүзеге асыруы керек. Бұл пікірді министр  құптап, мәселені жан-жақты зерделеп, құжаттың екінші оқылымына дейін оңынан  шешуге келісті. Тоқетерін айтқанда, бұл  заң жобасы қызметін де, тауарын да  ұтысқа қоятын біраз қауымның әрекетіне  шектеу ғана қоймай, қалтасын да жұқартатын болып тұр.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий