Экономика

Қазақстанда футбол НЕГЕ қымбат?

Телеграм арнасындағы Жемқорлықты зерттеу бюросы Қоры дейтін ұйым қызық мәлімет жарияланды. Шымкент қаласының әкімдігі «Ордабасы» футбол командасына 2020 жылға 6 млрд 250 млн теңге бөліпті. Қор өкілдері мұны мемлекеттік сатып алу реестріндегі мәліметтерге сүйеніп мәлімдеген.

Тексеріп көрдік. Расында да мемлекеттік сатып алулар бойынша 3871139-1 нөмірлі хабарландыруда Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы футбол командаларын дайындау және жергілікті, республикалық, халықаралық жарыстарға қатыстыру қызметіне осынша ақша бөлген. Бұл қаржы «Ордабасы» футболшыларының Түркия мен Өзбекстанға оқу-жаттығу жиынына баруына және УЕФА стандарттары бойынша сертификат алуына, тағы басқа мұқтаждықтарына жұмсалады. Бұлай деуімізге Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы шенеуніктерінің болашақ жеңімпаз ретінде «Ордабасы» футбол клубын ашық атап жазғаны негіз болады. Кей мәліметке сүйенсек, бұл қаржының басым бөлігі ойыншылар мен клуб қызметкерлерінің жалақысына жұмсалатын көрінеді. Бұл сома былтыр Шымкентте салынған 9 бірдей мектептің құнынан 250 млн теңгеге көп. Долларға шаққанда бюджеттен футболға бөлінетін қаржы 16 млн доллардан асады.

 

Салыстыру үшін айтсақ: былтыр Қазақстан чемпионы болған «Астана» командасына қазынадан 27 млн доллар, ал күміс жүлдегер атанған «Қайратқа» 10 млн доллар бөлінеді. Өткен чемпионаттың қола жүлдесін иемденген «Ордабасының» қаржылық жағдайы «Қайраттан» жақсы сияқты.

Жалпы шымкенттік шенеуніктердің футболға, оның ішінде жергілікті «Ордабасыға» деген қызығушылығы ерекше. Былтыр ғана жергілікті спорт басқармасының өкілдері осы «Ордабасы» командасының ордасы саналатын қаладағы Қажымұқан атындағы стадионды күрделі жөндеуден өткізуге 45 млн еуро жұмсалатынын айтқан еді. 1967 жылы салынған бұл стадион 20 мың жанкүйер қабылдай алады.

(Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадион, Шымкент)

Бұл сан аз ба, көп пе? Тағы да салыстырайық. Словакияның Трнава қаласында жергілікті «Спартак» командасының  Сити Арена (City Arena) деп аталатын 19 мың адам сиятын жаңа стадионның құрылысына 16 млн еуро жұмсалыпты.Ал Еуропада зат бағасы мен құрылысшыларға төлейтін еңбекақысы мен біздегі жағдайдың жер мен көктей екенін өздеріңіз де іштеріңіз біліп отыр.

(Сити Арена стадионы, Словакия. 16 млн еуроға салынған)

Биыл Ташкентте «Пахтакор» футбол клубы үшін халықаралық талаптарға сай, әлемдік деңгейдегі заманауи стадион құрылысы басталмақ. 30 мың орындық стадионның құны 100 млн долларға бағаланған. Бірақ оның ақшасын жергілікті бюджет емес, ресейлік миллиардер Алишер Усманов өз қалтасынан шығарады. Түрлі ырду-дырдуға шашылатын қалталылар қалтасына сыймаған қаржысын осындай құрылысқа жұмсаса қандай игі? Ал ондай кәсіпкерлердің Шымкенттен кемінде оншақтысы шығарына бәс тігемін. Айтпақшы Ташкенттегі жергілікті Бунёдкор командасының стадионы қазір қаланың көрікті орындарының біріне айналған.

(Ташкенттегі Бунёдкор футбол клубының стадионы)

Сонда Қазақстанда футбол клубын ұстау, стадион салу НЕГЕ қымбат? Жер жағдайы, қоршаған орта, ауаның ілеспе ағыны, инфляция, коронавирус…спорттың бюджет үшін қымбатқа түсуіне не әсер етеді? Сұрақтың сұрағы.

Айтпақшы, осыдан 4 жыл бұрын атақты футболшы, Румыния құрамасының жетекшісі Георге Хаджи Қазақстан құрамасымен болған кездесуден кейін: «Қазақстанда 200 миллион еуроға стадион салады, ал шын мәнінде біз теннис корты мен жасанды кілем ғана көреміз» деген екен.

 

Zanmedia.kz

 

 

 

Комментарий