Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

«Апат айтып келмейді», десе де…

Наурыздың 27-сі күні Қызылорда облысының Жалағаш ауданында әскери-әуе күштеріне тиесілі тікұшақ апатқа ұшырады. Төрт әскери тікұшақтан тұратын бөлімнің құрамы Ақтаудан Шымкентке бағыт алған-ды. Өкінішке қарай, экипаж мүшелері түгелдей қаза тапты. Көп ұзамай-ақ бортта болған 13 адамның тізімі анықталды. Олар – майор Роман Костыгов, майор Тимур Кұдайбердиев, лейтенант Аслан Айтбаев, майор Данияр Коңырбай, майор Сабыр Тоқбаев, капитан Сырым Мәселім, үшінші дәрежелі сержант Қайрат Нұрсапанов, аға сержант Мұрат Шәріпов, кіші сержант Асхат Абдұлманат, ефрейторлар Айдын Әбділдинов, Қуаныш Сарқытбаев, Өмірхан Қауқаев, Мирас Жұматаев болатын.

Тікұшақ неге құлады?
Бүгінде зерттеу барысында белгілі болғандай, Ақтаудан ұшып келе жатқан топ Бейнеуге қонып, сосын әрі қарай Байқоңырдың «Крайний» аэродромы арқылы Шымкентке ұшпақ болған. Бірақ, Байқоңырдан ұшып шыққаннан кейін бірнеше минуттан соң тікұшақтың диспетчерлік қызмет радиолокаторындағы белгісі жоғалып кеткен. Кейінірек тікұшақтың жерге құлап, түгелдей жанып кеткені анықталды. «Лада» басылымының мәліметінше, МИ-8 тікұшағының экипаж командирі құлап бара жатқан тікұшақты басқа бағытқа бұрмақ болған. Десе де, ауа райының қолайсыздығы себепті қолбасшының пәрмені бойынша белгіленген бағытта ұшуды жалғастырыпты. Артынша апат орнына 2 өрт сөндіру тобы және шымкенттік ТЖК-ның іздеу-құтқару тобымен Ми-171 әскери тікұшағы жетті. Хабарланғандай, әскери тікұшақтың бөлшектері апат орнынан шамамен жарты шақырым жерде шашылып жатқан.

Тозығы жеткен техника ма, әлде…?
Бұған не себеп болуы мүмкін? Көпшілік оны тікұшақтың ескілігінен көріп жатқаны жасырын емес. «Ресейдің ескі-құсқысына қашанғы телміреміз, неге Еуропадан заманауи техника сатып алмаймыз?» деушілер көп. Бұл сөздің де жаны бар. Себебі, тікұшақ апаты елімізде бірінші рет болып тұрған жоқ. Жалпы, соңғы жылдар елімізде ұшақтардың жиі құлауымен есте қалған болатын. Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылы 24 қарашада Алматы облысы Алакөл ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшыраған еді. Бортта болған 8 адамның мәйіті араға бес күн салып табылған-ды. Тағы бір апат 2015 жылы Талдықорған маңында орын алды. 27 мамыр күні түстен кейін Көксу ауданында құлаған тікұшақ апатынан облыстық Мәслихат депутаты Жанайдар Егінбаев және ұшқыш қаза тапты. Бұл апаттың себебі автожирдың жоғары вольтты электр өткізгіш желісін іліп өткенінен болды деп тапты. Тағы бір жеке меншіктегі С-341 тікұшағы 2017 жылдың ақпан айында Үржар ауданындағы Қожа ауылынан
ұшып шығып, Аягөз ауданындағы Ақшатау ауылына қонуы керек болған. Куәгерлер тікұшақ Айғыздың үстінен ұшқанын көрген. Алайда, діттеген жеріне жетпеген. 25 ақпанда сағат 18.30-да пилот байланысқа шықпаған. Іздеу шаралары барысында тікұшақ қалдықтары Аягөз қаласынан солтүстік-батысқа қарай 60 шақырым жерден табылған. Бұл апаттың себебін мамандар әуе ұшағын басқару және қауіпсіздік қағидаларын сақтамаудан деп тапты. Бұдан бөлек, Алматының өзінде ұшақтар жиі-жиі апатты жағдайда қона бастаған соң, әуежайдың орнын ауыстыру жөнінде әңгіме шыққаны және есімізде. Сонымен қатар, мамандар да ұшақтардың ескіргенін айта бастаған-ды. Алайда, бұл жолғы әуе кемесінің құлауы техникалық
себептен болуы мүмкін емес деді  ғарышкер Талғат Мұсабаев. Оның айтуынша, МИ-8 тікұшағы әуеге көтерілген кезде ауа райы қолайсыз, қараңғы болған.
– Бұл тікұшақ – өте сенімді әуе көліктерінің бірі. Мұндай тікұшақ Кеңес Одағы кезінде де болған. Ол қазір жан-жақты жетілдіріліп, заманауи талаптар бойынша қатаң тексерістен
өтіп, көкке көтерілуге рұқсат етілген. Сондықтан, апат техникалық ақаудан болды дей алмас едім. Меніңше, негізгі себеп – ауа райының қолайсыздығы. Өйткені, мұндай метео жағдайда ұшу өте ауыр. Экипаж қолынан келгенінің бәрін жасады. Техниканың аты – техника, авиация – көліктің ең күрделі түрі, кейде осындай ауыр салдары болады және жағдай үнемі экипаж
мүшелеріне байланысты бола бермейді, – дейді ол. Осы тұста біз апатқа ұшыраған  МИ-8 тікұшағының техникалық мүмкіндіктеріне тоқтала кетсек, әуе көлігінің салмағы – 6 тонна 600 кг. Ал, ұзындығы 25 метрден асады. Көкте 13 мың тонна көтере алатын тікұшақтың  ішіне 32 адам сыяды. Сондай-ақ, ол 4700 метр биіктікке көтеріле алады. Қозғалтқыш қуаты 1700 аттың күшіне тең. Алғаш рет 60-жылдардың басында Ресейде құрастырылған.

 Марқұмдардың отбасына миллион теңге…

Оқиғаға байланысты еліміздің Бас  прокурорының орынбасары Андрей Лукин «Бас әскери прокуратура бүгінгі күні қозғалған қылмыстық істі қадағалайды, түрлі сараптамалар жүргізіліп жатыр. Барлық қажетті тергеу әрекеті Қазақстан Бас прокурорының бақылауында. Тергеу шаралары «Ұшу ережелерін бұзу» бабы бойынша басталды», – деп хабарлады Сенаттың кулуарында. Осы категория бойынша Бас прокурор тікұшақтың апатқа ұшырауын тергеуді бақылауына алған. Ал, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев апатқа байланысты өзінің Twitter-дегі парақшасында «Тергеу жұмыстары жүргізіледі. Қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтамын. Отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі», – деп жазған болатын. Аталмыш материалдық көмек тікұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына миллион теңге көлемінде көрсетілмек. Шейіт болған 13 адамның 12-сі Ақтаудағы 30153 әскери бөлімінің қызметкерлері болатын. Сондықтан, материалдық төлем Маңғыстау облысының әкімдігі тарапынан бөлінеді. Бұл туралы облыс әкімі Ералы Тоғжанов еске салды.
– Қайғылы оқиғадан қаза тапқан Маңғыстаудағы 30153 әскери бөлімінде әскери міндетін атқарған əрбір отбасыға облыс әкімдігі атынан 1 миллион теңге көлемінде материалдық
көмек көрсетіледі. Отан алдындағы борышын өтеу кезінде қыршын кеткен жігіттердің қазасы орны толмас қайғыға душар етті. Егемендікті мәңгі баянды ету жолында шейіт болған
жауынгерлердің туған-туыстарына Маңғыстау облысы тұрғындарының атынан және облыс әкімінің атынан қайғырып көңіл айтамын, – деді аймақ басшысы. Байқасаңыздар, бізде тікұшақ апаттарының себебін көбіне ауа райының қолайсыздығынан деп табады. Расында
солай ма, болмаса бұл оқиғаны жылы жаба салу ма?! Қанша темір десек те, техниканың да тозуы заңды ғой. Ендеше, апатты «ауа райына» жаба салмай, әскери техникаларды бүтіндейтін кез жетті. Әйтпесе, тағы қанша азаматтарымыздан қапыда көз жазып қаларымызды кім білсін..?
Мәриям ӘБСАТТАР,
«Заң газеті»

Комментарий