Құқық | Право

Билік Instagram-да лотерея ойнатуға тыйым салмақ

Бүгінде блогерлер ара-тұра өткізіп қоятын лотереяларды мұндай терминмен атауға болмайды, әрі ондай шараны жарнамалағандар жауапқа тартылады.

Лотерея және лотереялық қызмет туралы заң жобасы Instagram-да лотерея өткізуге заңды түрде тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мәжілісте ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді.

– Лотерея және лотерея қызметі туралы заң жобасында бар. Лотерея операторынсыз (Операторы “Сәтті жұлдыз” АҚ), оператордың лотерея ойнату туралы келісімінсіз жүзеге асырылған кез-келген ойындар заңсыз деп саналады және лотерея деп саналмайды, – деді Райымқұлова.

Ол бүгінде блогерлер ара-тұра өткізіп қоятын лотереяларды мұндай терминмен атауға болмайтынын, әрі ондай шараны жарнамалағандар жауапқа тартылатынын жеткізді.

– Мұны заңмен лотерея деп атауға болмайды, яғни лотерея деп аталатын, бірақ іс жүзінде лотереяға жатпайтын шараның жарнамасы үшін жауапқа тарту, жазалау көзделген. Ұтыс ойындарын лотерея деп атауға болмайды. Бұл мүлдем басқа түсінік, – деді министр.

Сонымен бірге, Мәдениет және спорт министрлі кейде нақты лотерея болмаса да, лотерея белгілері кездесетін жайттар бар екенін түсіндірді.

– Егер лотереяның операторы болса және оған ақша салатын лотерея қатысушысы болса – бұл лотереяның негізгі белгісі. Ол ақша жинақталып, аппараттық кешенде ойнатылады және ол ақшаны біреу ұтып алады. Егер мұндай белгілер болмаса, ол лотерея деп танылмайды, – деп түсіндірді Ақтоты Райымқұлова.

Комментарий