Бас тақырып | Тема дняЕлең еткізер | Актуально

Сәкен ӘМІРЕЕВ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры, эпидемиолог-вакцинолог: «КОРОНАВИРУСҚА ВАКЦИНАДАН БАСҚА ҚОЛАЙЛЫ ЕМ ЖОҚ»

3 АҚПАН КҮНГІ ЖАҒДАЙ БОЙЫНША ҚЫТАЙЛЫҚ КОРОНАВИРУСТАН ӨКПЕ ҚАБЫНУЫНА ШАЛДЫҚҚАНДАРДЫҢ САНЫ 17 205 АДАМҒА ЖЕТКЕН. АЛ, КӨЗ ЖҰМҒАНДАР 361-ГЕ АРТТЫ. БІР КҮН БҰРЫН СЫРҚАТТАНҒАНДАР 14 380 БОЛСА, ҚАЗА БОЛҒАНДАР 304-КЕ КӨБЕЙГЕН ЕДІ. ЯҒНИ АТАЛМЫШ ВИРУСТЫҢ БЕТІ ҚАЙТАТЫН ТҮРІ БАЙҚАЛМАЙДЫ. КЕРІСІНШЕ КҮН ӨТКЕН САЙЫН ӨРШІП БАРАДЫ. ЖАСЫРАТЫНЫ ЖОҚ, ХАЛҚЫМЫЗ АЛАҢДАУЛЫ. ҚАЛЫПТАСЫП ОТЫРҒАН ЖАҒДАЙҒА ОРАЙ С.АСФЕНДИЯРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, ЭПИДЕМИОЛОГ-ВАКЦИНОЛОГ СӘКЕН ӘМІРЕЕВ МЫРЗАМЕН СҰХБАТТАСЫП, КӨҢІЛДЕГІ КӨП СҰРАҒЫМЫЗҒА ЖАУАП АЛҒАН ЕДІК.

– Коронавирустың өршіп кетуіне орай әркім әртүрлі болжам айтуда. Қытайдың Хунань провенциясында H5N1 жұқпалы құс тұмауы таралып жатыр деген ақпарат та таралуда. Осы орайда «фармбизнес өкілдері вирусты әдейі таратып отыр» деген пікір де бар. Маман ретінде сізге қай болжам жақын?

– Осы салада көптен бері еңбек етіп жүрген маман ретінде вирусты әдейілеп таратуы мүмкін деген пікірді жоққа шығарамын. Олар өздері де қорқады ғой вирустан, жақын-жуығы бар дегендей. Жазықсыз адамдарды ауруға әдейілеп шалдықтыру ғалымдардың ойына келмейтін іс. Сондықтан бұл әңгіме негізсіз. Әлемді алаңдатып отырған ауру – табиғи өзгеріп жатқан вирустың бір түрі. Мысалы коронавирустың бұрын жеңіл түрі болса, мутацияланып уақыт өте ауыр түрін туындатқан. Қазір Новосибирскіде Ресей мен Қытай елдерінің ғалымдары бірігіп тез арада вакцина жасап шығаруға тырысып жатыр. Негізі мұндай ауруларға вакцинадан басқа қолайлы ем жоқ. Алдын ала халыққа ем жасап қойсақ, ауруға шалдыққандардың бойында сырқат процесі жеңіл өтеді.

– Тұмауды бұрын ауру деп елемейтін едік. Түшкіріп, жөтелсек те жұмысымызды жасап жүре беретін едік. Қазір барған сайын тұмаудың белгілері күшейіп барады. Тұмауратсақ бірден жатып қалатын болдық. Дене қызуы да анау-мынау дәріге көнбейтін болып алған. Неге?

– Тұмау деп аударғанымыз дұрыс емес. ГРИПП деген халықаралық атау қала беруі керек. ГРИПП әлем бойынша ГРИПП. Вирустың бір түрі. Яғни қазір осы ГРИПП-тің вирусы мутацияланып, түрленіп қайта айналып соғып жатыр. Вакцина соның вирусынан сақтайды. Бірақ оның өзгеруіне қарай ілесе алмай отырмыз. Осыған дейінгі вирусқа арналып жасалған вакцина адамға алдын ала егілген жағдайда кезекті вирустың жеңіл өтуіне әсер етеді. Бірақ, толықтай сақтай алмайды. ГРИПП-тің вирустары өте тез өзгереді. Іш ауруға қатысты вирустың 3000-ға жуық түрі бар. Оның бәрін бірдей қамтитын вакцина ойлап табу мүмкін емес.

– Яғни жыл сайын емханалардың қазан айында ГРИПП-ке қарсы аяғы ауыр аналарға, қарт кісілерге арнап салған вакцинасы толықтай қорған бола алмайды ғой?

– Сол ғой түсіндіріп отырғаным. Биыл қандай вирус тарайтынын білмейміз. Алдын ала сақтандырып, бірақ, алдыңғы жылы тараған вирусқа орай жасалған вакцинаны жыл сайын мемлекет тарапынан қаржы бөліп сатып аламыз. Аналар мен балаларға,қарт кісілерге егеміз. Бірақ сол вакцинамен оны толықтай қорғауға кепілдік бере алмаймыз.

– Коронавирусқа біздің еліміздің денсаулық сақтау саласы дайын ба?

– Жоқ, дайынбыз деп толықтай айта алмаймыз. Маска тақ, қолыңды жиі жу, созылмалы ауруы бар үлкен кісілерге көп үйден шықпа, тазалық сақта деп сақтандыру шараларын айтып отырамыз. Соған сай сақтану керек. Әзірге коронавирустың нақты емі де, вакцинасы да жоқ. Сондықтан сақ болғанымыз, аурудың алдын алғанымыз өзімізге жақсы.

– Коронавируспен ауырған адамның қан талдауын алып зерттейтін медициналық зертханамыз бар ма?

– Әрине бар.

– Онда неге «оқшауланған науқастардың сынамаларын алып зерттеуге шетелге жіберіп жатыр» деген деректер тарады?

– Бұл жаңа вирус болғандықтан дамыған елдерге жіберіп әлде де жан- жақты тексеру үшін жасалып жатқан шаралар болуы керек. Елімізде республикалық вирусологиялық зертхана бар. Шетелдің зертханасына жіберу арқылы біз вирустың ерекшелігін тексеруді мақсат етеміз.

– Вакцина демекші, вакциналар неге кері әсер береді? Қайбір жылы Шымкентте жасөспірім қыздарға салған вакцина көптеген жасөспірімге кері әсер беріп, халықты шошытты. Осыны
естіген кейбір адамдар қазір вакцинадан түбегейлі бас тартуда. Одан бөлек еліміз сапасы нашар вакцина сатып алады деген қауесет те жиі айтылады. Мұның астарында не жатыр?

– Иә дұрыс айтасың, қазір вакцинадан бас тартушылар көбейіп барады. Бірақ вакцина сапасыз деп айта алмас едім. Өйткені ол дайын болғанша бірнеше этаптық қадағалаудан өтеді. Ең соңында ДДҰ-ның зертханасында жанжақты тексеріледі. Бізге әкелгеннен кейін де реактегенді әсері тағы сыналады. Оны Үндістан шығарып жатыр ма, жоқ әлде Ұлыбритания шығарып жатыр ма, бәріне қойылатын  талап біреу. 2009 жылы жатыр мойны рагіне қасы жасөспірімдерге вакцина салуға бастама көтерген мен едім. Оның вирусы анықталды. Вирустың рак туындататын онкогендік қасиеті бар екенін білдік. Вирусы белгілі болғаннан кейін АҚШ, Ұлыбритания, Белгия бірлесіп вакцина шығаруға күш салды. Вакцинасы өте жақсы. Бірақ, түрлі себептермен кейбір балаларда реакция берді. Содан қарсы көзқарас қалыптасып қалды. Негізі вакцинаға қарсы болып жүргендер медициналық білімі жоқтар. ОСПА, полиомиелит деген ауруларды вакцинаның арқасында жеңдік. Көптеген елдер полиомиелиттен толықтай құтылды. Нигерия мен Ауғанстан ғана вакцина салдырмай әлі күнге сал ауруынан зардап шегіп келеді. 1 млрд 150 мың халқы бар Үндістанның өзі бұл аурудан құтылды. Біздің еліміз де жыл сайын вакцинаға миллиондаған ақша бөліп, халыққа тегін салып жатыр. Соны біз түсінуіміз керек. Созылмалы аурулардың соңы көбінесе ракқа ұласады. Сондықтан барлық
аурудың алдын алып, вакцина арқылы сақтануымыз к ерек. Қазір бізде вакцинаны өз еркімен салдыруға рұқсат берді. Келешекте түрлі қауіпті ауруларға шалдығушылар саны күрт арта ма деген
қаупім бар. Немістер екпе салдырмаған ата-аналардың медициналық сақтандыруын қабылдамайды екен. Ал біз жалынып, түсіндіруге тырысып әуреге түсіп жатамыз. Вакцинадан бас тартқан бір
баланың құқығын қорғаймыз деп, ана жақтағы вакцина салдырған 20 баланың құқығын біз бұзып отырмыз.

– Коронавирусты тәжвирус деп аударып алдық. Дұрыс па осы?

– Дұрыс емес. Бүкіл әлем дифтерия дейді, ал біздікілер күл ауруы деп жүр. Сол секілді бүкіл әлемде қалыптасқан ортақ атауы бар аурулардың атын қазақшалауға тырыспауымыз керек. Коронавирустың атауы оның түрінің тәжге ұқсаған формасына орай қойылған. Бірақ оны аударудың қажеті
жоқ.

– Елімізде санитарлық қызметтің жойылуы санитарлық эпидемиологиялық салаға өзінің кері әсерін тигізіп тұр ма?

– Әрине, тигізіп жатыр. Қазір ешқандай салада санитарлық бақылау, қадағалау деген мүлдем жоқ. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанда әлі күнге санитарлық қызмет бар. Біз ғана жоқтан бар жасаудың орнына, бар нәрсені жойып тастап, қарап отырмыз. «Санитарлық қызмет жақсы ұйымдастырылса, емдеу бөліміндегілерге жұмыс қалмайды» деген сөз бар. Ал, біз санитарлық саланы мүлдем алып тастап, жұқпалы ауруларды қолдан көбейтіп отырмыз.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Комментарий