Саясат | Политика

Дариға Назарбаева: «Бәріміз де адамбыз»

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Сенат Бюросының отырысы болды. Бұл туралы Парламенттің ресми сайты хабарлады. 

Мүгедектігі бар адамдар құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы жұмысының нәтижесі туралы ақпарат күн тәртібіндегі бірінші мәселе болды.

Отырыс барысында Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы мүгедектігі бар адамдар құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде 62 ұсыныс әзірленгенін атап өтті.

«Барлық ұсыныстардың 42-сі заңнамалық актілерге, 20-сы заңнан кейінгі актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы болды», – деді М.Бақтиярұлы.

Сенат Төрағасы өз кезегінде жиналған ұсыныстарды баршаға ортақ талқылау үшін ақпараттық ресурстарда жариялау қажеттігін атап өтті.

«Заңдарды, нормативтерді, әдістемелерді жақсарту және осы құжаттарды жұмыс істету, жауапкершілікті күшейту үшін барлық мүмкіндікті жасау – Сіз бен біздің міндетіміз. Бұл аса маңызды әрі ауқымды жұмысқа ең соңында бүкіл қоғамды тарту керек, бұл тек мемлекет пен әлеуметтік қызметтердің ғана міндеті емес. Көп нәрсе әркімнің көзқарасына байланысты әрі бәріміз де адамбыз», – деді Д.Назарбаева.

Комментарий