Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Қазақстандағы зейнетақы жүйесі қалай өзгереді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоғаммен және бизнеспен сындарлы диалог жүргізуге әрдайым дайын.

Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың соңына дейін жұмыс істейтін азаматтардың өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныс енгізуге тапсырма берген болатын, деп хабарлайды Zanmedia.kz   ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы тапсырманы қарау үшін Үкімет жанынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен 25 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылды. Оған ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, ҚР Ұлттық Банкінің, БЖЗҚ, МӘСҚ, ӘМСҚ, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың өкілдері және тәуелсіз сарапшылар, соның ішінде Олжас Құдайбергенов кірді.

Жұмыс тобының мүшелері жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын, ықтимал тәуекелдерді, халықаралық тәжірибені зерделеді, БЖЗҚ тұрақтылығы бойынша алдын ала актуарлық есептер назарға алынды.

Әзірленген тәсілдерді жұмыс тобы мүшелерінің көпшілігі қолдады, Экономикалық саясат жөніндегі кеңес мақұлдады және “осы маңызды мәселені шешудегі алғашқы қадам” ретінде Мемлекет басшысының мақұлдауын алды.

Атап айтқанда, жұмыс тобы Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдаланудың мынадай нұсқаларын ұсынды.

Бірінші санат – тұрғын үй сатып алуға немесе қымбат емге (жеке тізбе бойынша) зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын беру ұсынылатын жұмыс істейтін азаматтар – бұл “жеткіліктілік шегінен” асатын зейнетақы жинақтары бар БЖЗҚ салымшылары (шамамен 100 мың адам). Бұл ретте БЖЗҚ “жеткіліктілік шегін” әрбір жас үшін, ерлер мен әйелдер бойынша жеке есептеген. Жастау адамдардың жинақтауды жалғастыру үшін болашақ еңбек қызметінің кезеңі (зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін) неғұрлым ұзақ болатыны назарға алынды. БЖЗҚ ұсынған “жеткіліктілік шегі” жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тұрақты қатысып келетін орташа статистикалық салымшыда (яғни зейнетақы жарналарын тұрақты түрде төлеп отыратын адамда) жаңа жарналар мен инвестициялық табыс есебінен өмір бойғы төлемдерді қамтамасыз ету үшін қажетті сомаға дейін кейіннен толықтыруы арқылы жиналуға тиіс зейнетақы жинақтарының ең төменгі шегі болып табылады. Салымшының жасы кіші болған сайын, “жеткіліктілік шегі” соғұрлым төмен болады.

Мысалы, 40 жастағы салымшы үшін (орташа еңбек өтілі 18-20 жылды құрайтын) жинақтаудың ең төменгі шегі: ерлер үшін 6,9 млн. теңгені және әйелдер үшін 9,8 млн. теңгені құрайды. 63 жастағы салымшы, яғни, зейнеткерлік жасқа жеткен адам үшін бұл шек ерлер үшін 8,2 млн теңгені және әйелдер үшін шамамен 10,1 млн. теңгені құрайды.

Екінші санат – бұл зейнеткерлер, оларға тұрғын үй сатып алу немесе қымбат ем үшін өзінің зейнетақы жинақтарының 50%-ын пайдалану мүмкіндігі ұсынылады. Осы ретте міндетті шарт – жоғалған табысты 40%-дан төмен емес деңгейде алмастыруды қамтамасыз ететін зейнетақының (базалық, ынтымақты және жинақтаушы) мөлшері болып табылады, бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Мұндай зейнеткерлердің саны – 119,5 мың адам.

2020 жылы жұмыс тобының қызметі жалғастырылуда. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі 2020-2024 жылдарға арналған жол картасы әзірленуде. Президенттің тапсырмасы бойынша зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігі берілетін азаматтар тобын біртіндеп кеңейту жұмысы да жалғасын табады.

Жұмыскердің пайдасына төленуге тиіс жұмыс берушінің 5% міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімі 2020 жылдан 2023 жылға ауыстырылды. Осылайша, Қазақстанда мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің ортақ жауапкершілігіне негізделген зейнетақы жүйесі құрылатын болады.

Бұл ретте, қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыруды қалыптастыру процесіне жұмыс берушілерді тарту – кең таралған халықаралық тәжірибе екенін атап өту қажет. Мысалы, Ресей Федерациясында әлеуметтік (зейнетақымен қамсыздандыру) жүйесіне жарналар жұмыс берушінің есебінен қызметкер табысының 22%-ы мөлшерінде төленеді, Беларусь Республикасында жұмыс берушілердің жарналары 28%-ды құрайды (қызметкер – 1%), Сингапурдың зейнетақы қорына аударымдар 17%-ға жетеді (55 жастан асқан жұмысшылардың пайдасына төлемдерді қоспағанда).

БЖЗҚ-ның актуарлық бағалауы бойынша жұмыс берушінің 5% қосымша жарналары (басқа шаралармен бірге) азаматтардың бұрынғы табысының 40%-ынан төмен емес зейнетақы төлемдерімен алмастыру деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік береді (Халықаралық Еңбек Ұйымының ең төменгі стандарттары). Бұл, әсіресе, табысы төмен қызметкерлер үшін өзекті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік және зейнетақы жүйелерінің тұрақтылығы мен бизнесті жұмыс орындарын құруға және жалақыны арттыруға ынталандыруды сақтау арасындағы теңгерімді ұстау мәселесін пысықтау қажет.

Осы тапсырманы іске асыру үшін жұмыс тобы еңбекке ақы төлеу қорынан әлеуметтік төлемдерді (оның ішінде ЖТС, әлеуметтік төлемдер, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар/аударымдар) төлеу тетігін жеңілдету, сондай-ақ жұмыс берушілер әлеуметтік төлемдерді төлейтін табысты біріздендіру бойынша ұсыныстар әзірледі. Өзге артықшылықтардан басқа бұл ұсыныс жұмыс берушінің 5% жарналарын біртіндеп енгізу және әлеуметтік салық ставкасын төмендету есебінен жұмыс берушілер үшін еңбекақы төлеу қорына жалпы жүктемені 41%-дан (2025 жылға жоспарланған) 2029 жылға қарай 35%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Жоғарыда атап өткендей, қазір жұмыс тобы Қазақстан Республикасында зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі 2020-2024 жылдарға арналған жол картасының жобасын келісуде. Жоғарыда көрсетілген іс-шаралардан басқа, жол картасының жобасында ең төменгі кепілдіктер жүйесін одан әрі жетілдіру (ең төменгі зейнетақы мөлшерін және басқа да әлеуметтік маңызды көрсеткіштерді айқындау әдістемесін қоса алғанда) және ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыны енгізу жөнінде ұсыныстар көзделген.

Осы бағытта қаралатын ұсыныстар негізінен базалық (конституциялық кепілдік берілген) зейнетақыны төлеуге мемлекеттік бюджет қаражатын жұмсаудың атаулылығы мен тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өткен жөн. Бұл ретте мемлекет бұрынғыдай БЖЗҚ-дағы зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік беретін болады.

Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Мемлекет басшысы “көлеңкелі экономикаға қарсы тұру және қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесін ұлғайту мәселелері Ұлттық Банк үшін де, Үкімет үшін де басым бағыт болып қала беруі керек”, – деп атап өтті. Сондай-ақ “фискалдық саясат маңызды жаңғыртуды қажет етеді” деп айтылды.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімділігі жұмыс істейтін халықтың жарналарын төлеудің тұрақтылығы мен толықтығы, олардың кіріс деңгейі мен зейнетақы активтерін басқару сапасы сияқты аспектілерге тікелей байланысты екенін ескере отырып, Жол картасының жобасында жұмыс істейтін халықтың құқықтарын қорғау және зейнетақы жарналарын ұстап қалатын және уақтылы аудармайтын адал емес жұмыс берушілерге қатысты шараларды күшейту жөніндегі бірқатар іс-шаралар көзделген (мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша, зейнетақы жарналары бойынша ағымдағы берешек шамамен 2,5 млрд. Теңгені құрайды).

Жұмыс тобының қызметі жалғастырылуда. Зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі әрбір жұмыс істейтін азамат үшін өте маңызды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоғаммен және бизнеспен сындарлы диалог жүргізуге әрдайым дайын, бірақ болашақ зейнетақы жүйесі мәселесінде асығыс және ойланбаған шешімдер қабылданбауы керек екенін түсіну керек.

Комментарий