Экономика

Министрлік жәрдемақыны бала үш жасқа толғанға дейін төлеуді ұсынып отыр

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бала күтіміне байланысты жәрдемақыны бала үш жасқа толғанға дейін төлеуді ұсынып отыр. Бұл туралы ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов мәлімдеді. 

Қазіргі таңда еліміздегі аналарға бала күтіміне арналған жәрдемақы сәби бір жасқа толғанға дейін төленеді.

«Біз еңбек министрлігінде бала күтіміне байланысты жәрдемақыны көтеру туралы бастама көтергіміз келеді. Қазір ол бала бір жасқа толғанға дейін төленеді. Енді біз оны бір жарым жасқа немесе үш жасқа дейін ұзартуды  қарастырып отырмыз, тиісті есептеулер жүргізіп жатырмыз. Бұл қисынды болар еді», – деді министр үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Қазір республикада 387 мың ана бала күтімі бойынша жәрдемақы алады. Олардың басым бөлігі – әлеуметтік сақтандыру қорынан.
“Яғни жұмыс істемейтін аналар бюджеттен бір жыл бойы ай сайын 15 мыңнан 24 мың теңгеге дейін жәрдемақы алады. Ал әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істейтін әйелдер алады. Олардың жәрдемақысы өз жалақысының 40 проценті шамасында. Сондықтан біз осы мәселелерді қарастырып, бастама көтергіміз келеді”, – деді Нұрымбетов.

Комментарий