Экономика

Өмірзақ Шөкеев қанша жалақы алатынын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер мен министрлерге бюджет қаржысын үнемдеуді, тиімсіз шығындарды қысқартуды тапсырған. Ал осы аптаның басында Премьер-министр Асқар Мамин әкімдер мен министрлерге тиімсіз шығындарды қысқарту үшін бір аптаның ішінде ұсыныс дайындауды жүктеді.

Nege.kz порталы осы мәселеге байланысты облыс әкімдеріне және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне сауал жолдаған. Ең бірінші болып сауалдарымызға Түркістан облысының әкімдігі жауап берді. Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Г.Асылбекова редакцияға хат жолдап, сауалымызға 5 ақпан күні жауап беретінін жазды.

Облыс әкімінің орынбасары Ж.Аманбаевтың айтуынша, 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасын қалыптастыру барысында шығыстардың бірқатар бағыттары қайта қаралып, имидждік іс-шараларға арналған шығыстар 315,3 млн теңгеге, мемлекеттік ұйымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету шығыстары 808,5 млн теңгеге қысқартылып, 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылдың аталған шығыстары 1,2 млрд теңгеге кеміген.

Сондай-ақ, облыс әкімдігі жол полициясына 73,6 млн теңгеге 7 арнайы көлік, жедел жәрдем стансасына 234,3 млн теңгеге 26 жедел жәрдем көлігін сатып алмақ. Бірақ әкімдік өздері мінетін люкс санатты көліктер ала ма, жоқ па, бұл жағын айтпапты.

Биыл Түркістан облысы бойынша әкімдік ғимараттарын күрделі жөндеуге бюджеттен 86,3 млн теңге қарастырылған.

Жаңадан іске қосылған облыстық спорт мекемесіне кеңсе техникаларын және жиһаз алу үшін 4,2 млн теңге жоспарланыпты.

Биыл әкімдік Түркістан облысында өтетін іс-шаралар мен форумдарға бюджеттен 744,2 млн теңге бөлмек.

«Облыс әкімдігі өткен жылы жалақы қорынан қанша қаржы үнемдеді?» деген сұрағымызға әкімнің орынбасары «3,9 млн үнемдедік» деп жауап берді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен оның орынбасарлары қанша жалақы алатыны да белгілі болды. Шөкеев 981 598 теңге жалақы алады. Ал бес орынбасарының айлығы 597 307 теңгеден бастап, 664 157 теңгеге дейін.

Бірқатар облыстардың әкімдік қызметкерлері ресми сауалымыз қолына тигеніне қарамастан, «поштамен салыңыз», «eGov порталы арқылы жолдаңыз» деп, жауап беруден қашқандай болды. Ресми сауалға екі апта ішінде жауап беруге міндеттейтін БАҚ туралы заңның талабын әлгіндей бюрократ шенділердің есіне саламыз.

Комментарий