Қоғам | Общество

Коронавирус: Қазақстан маскасыз қалуы мүмкін

Қытайдың Ухань қаласынан тараған коронавирус әлемді жалмап барады. Қазір осы індеттен көп жұмғандардың саны 170-тен асты. Қазақстан да қамсыз қалмауы керек. Қазірдің өзінде дәрі-дәрмек былай тұрсын, кәдімгі масканың тапшылығы сезіле бастады.

Қытайда көшеде бетпердесіз жүргендерді жазалап жатыр. Сақтану құралына кезекте тұрғандардың қарасы көп. Мұның салдарынан Қытай көрші елдерден көп көлемде маска сатып алып жатқан көрінеді. Бұл қаншалықты рас?

Бүгін маска сатып алайын деп жақын маңдағы дәріханаға бас сұқтым. Фармацевт: «Маска жоқ, түстен кейін түседі» деді. Бағасын сұрап ем, 70 теңге екен. Әншейінде 20 теңге тұратын қарапайым маска неге қымбаттап кеткен? Фармацевт иығын қиқаң еткізді.

Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде 2 млн-нан астам, ал резервте 1,3 млн бір реттік маска бар. Сондай-ақ, 3 млн-нан астам маска сатып алу қарастырылған. Сонда кез келген дәріханадан оңай табылатын дүние неге қат бола қалды?

Алматы қаласының тауарлар, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің эпидемиологияға қарсы күрес бөлімінің бастығы Саят Қауметбаевтың айтуынша, Алматыда 800-ге жуық дәріхана бар. Біз бөлім басшысынан бірқатар сауалға жауап алдық.

– Саят Айыпұлы, Алматыдағы дәріханалардың көпшілігінде маска жоқ. Мұны кім бақылайды?

– Себебі, жаппай сұраныс көбейді.

– Бірақ қалада жаппай маска тағып жүргендер көрінбейді…

– Қытайдағы коронавируске байланысты бәрі сатып алып, үйлеріне қойып қойды. Ол масканың бәрін қайтпек? Мүлдем қажеті жоқ.

– Сонда кім сатып алып жатыр?

– Бізде фармацевтикалық фирмалар бар. Мысалы, Алматы қаласындағы үш фирма 13 мың маска сатып алған. Олар фабрикадан алады да, сатады. Бұлар да алыпсатар сияқты ғой. Ал дәріханалардан халық сатып алуда. Алматыда 2 млн-дай халық бар. Көбі қорабымен сатып алып жатыр.

– Бәлкім, оған ғана байланысты емес шығар. Осындай ұрымтал кезде пайда тапқысы келгендердің ісі емес пе? 

– Сол ғой. Ақпарат құралдары күнде «коронавирустан мұншама адам өлді» деп хабарлап жатыр. Яғни, жұрт қажеті боп қалады деп қораптап сатып алуы мүмкін.

– Масканың бағасы 20 теңгеден 70-100 теңгеге көтеріліп кетті. Мұны кім қадағалайды?

– Баға жағын білмеймін. Дәріханалардың бәрі – жекеменшік. Бағасын қалай қоям десе де, өзі біледі. Бағасында шаруамыз жоқ, біз тек дәріні рецептімен бере ме, жоқ па, сол жағына жауаптымыз. Денсаулық сақтау министрлігі «мынандай бағадан аспасын» деген нұсқау береді. Бірақ оны тыңдап жатқан ешкім жоқ.

– Бізде қарапайым масканың өзі тапшы. Бірақ оның көмегі шамалы дейді. Рас па?

– Кәдімгі маска адам түшкіріп, жөтелген кезде ауруды шақыратын микробтардан қорғайды. Масканы адам көп қоғамдық орындарда киген дұрыс. Ал респираторды қарапайым адамдарға сатып алудың қажеті жоқ. Оны күндіз-түні жұқпалы ауруханада жұмыс істейтін дәрігерлер тағады. Тіпті, маска таппасаңыз, дәкені төрт қабаттап, байлап киіп алуға болады.

– Кейбір ақпараттарға сенсек, Қытай мемлекеті біздегі маска шығаратын компаниялармен келіссөз жасап, сатып алып жатқан көрінеді. Солай ма?

– Қытайдың 1,5 млрд халқы бар. Барлық жағынан дамып кеткен мемлекет. Олар біздің маскаға мұқтаж емес. Біздікі көлге тамған тамшыдай ғой. Олар алып жатқан жоқ. Осы індет жан-жаққа тарағалы бері біздің үкімет шекарада бақылауды күшейтті. Әрі де, бері де ешкім өтпейді. 3 ақпаннан бастап Қытаймен арадағы ұшақты да, пойызды да тоқтатады.

Бұл жайында «Almaty Med-Pharm Group LTD» ЖШС бас директоры Қыдырәлі Оразұлының пікірін білдік.

– Негізінен маска АҚШ, Ресей, Қытайдан шығады. Оны шығаруға Қазақстанның қауқары жоқ. Себебі, оның фильтрі өте қымбат. Сондықтан да біз шетелден сатып аламыз. Қазір сол масканы қайтадан Қытайға сатушылар көп. Айналасы бір аптаның ішінде Қазақстандағы маска түгел сатылып кетті! Құдай бетін әрі қылсын, егер індет бізге келсе, маскасыз қалдық! «Сендер ақша үшін халықты маскасыз қалдырайын деп отырсыңдар! Ертең біз қайдан аламыз?» десем, тыңдамайды.  Мұны Үкімет біліп отыр ма, жоқ па, білмеймін. Себебі, жекеменшік компаниялар өз білгенін істейді. Кім қанша ақша төлесе, сата береді. Оларға тек бизнесін жүргізу керек. Бұрын  респиратордың көтерме құны 150 теңге тұрса, қазір 300 теңгеге өсті. Мәселен, 100 мың респиратор алып, үстіне 10 теңге қосса, 1 млн теңге болады екен.

– Бізде маска шығаратын арнайы өндіріс орны бар дейді ғой.

– Өтірік айтады! Бізде тек кәдімгі үш қабатты масканы шығарады. Оның өзінде материалы Қытайдан келеді. Министрліктің сатып аламыз дегені де жәй маска ғой. 2 млн маска деген түк емес. Оның үстіне бір реттік қана. Бізде қорда кем дегенде 20 млн маска болуы керек.

Жоғарыдағы мамандар бізде маска шығарылмайды десе, Dolce Farm   медициналық компанияның экспорт менеджері Рафик Жарылқасыновтың пікірі басқа.

– Бір сұхбатыңызда бізден Қытай компаниялары маска сатып алып жатыр депсіз. Қаншауын алды?

– Иә. Қазір Қытай қай мемлекетте респиратор бар, бәрін сатып алуға тырысып жатыр. Сол сияқты біз Қытаймен келіссөз жүргізген кезде қоймада 1 млн респиратор болған. Содан кейін жарты сағатта-ақ бәрі сатылып кетті. Ал, есептей беріңіз. Әрине, біздің әр өңірдің қоймасында арнайы қор бар. Керек кезде бұл қор ашылатын шығар. Бірақ мұндағы масканы бүкіл халыққа таратса, бір күнге де жетпеуі мүмкін.

– Біз, керісінше, Қытайдан сатып алған жоқпыз ба?

– Бұған дейін Қазақстан Қытайдан сатып алды. Мысалы, респираторды қолдану уақыты 2 сағаттан аспайды. Қытайда 2 млрд-қа жуық халық болса, оның 1 млрд-ы күніне 7-8 маска кисе, бір күнге қанша кетеді? Ондай көлемде бетперде шығаратын зауыт әлемде жоқ. Сондықтан бұл елдің халқы мен науқас санына шаққанда бетперде өте көп қажет. Мен – 2011 жылдан бері респиратормен айналысып келе жатқан бірден-бір маманмын. Өйткені, бізде халық түгіл, медицина саласында жүргендердің өзінде респираторды қалай пайдалану керектігі жөнінде сауат жетіспейді.

– Біздегі маска шығаратын зауыт туралы айтыңызшы…   

– Қазақстанда респираторды жалғыз Dolce Farm компаниясы шығарады. Өзім осы компанияның шетелге экспортқа шығару мәселесімен шұғылданамын. Масканы технологиялық тұрғыдан жасау оңай емес. Оған қажетті құралдар шетелден келеді. Тәулігіне 10-20 мың респиратор дайындап жатыр. Сондықтан, біз АҚШ, Еуропа стандарттарымен өнім шығарамыз. Қазақстанда қазір FFB-2, FFB-3, N-95, N-98 стандарттарымен жасалған маска, респираторлар сұранысқа ие болып тұр.

– Тек респиратор ғана ма? Жәй маска ше?

– Кәдімгі масканың еш пайдасы жоқ. Ол вирустан қорғай алмайды. Кейде сол масканың зияны бар. Шын мәнінде, коронавирустан респиратор ғана қорғай алады. Енді Қытайдағы вирустың күшеюіне байланысты жаппай осы респираторларға көшу қажет. Әсіресе, шекара, кедендегі қызметкерлер жаппай пайдалануы керек.

P.S. Біз хабарласқан мамандардың барлығы респиратор былай тұрсын, кәдімгі масканың жетіспейтінін айтты. Ал қарапайым халық дәріханаларда маска жоқ екенін, болған күнде де қымбатқа сатылып жатқанын айтады. Осы мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігінен ресми жауап күтеміз.

Комментарий