Бас тақырып | Тема дняЕлең еткізер | Актуально

КОРОНОВИРУС: алаңдауға негіз барма ?

30 ҚАҢТАР КҮНГІ МӘЛІМЕТТЕР БОЙЫНША, ҚЫТАЙЛЫҚ КОРОНАВИРУСТАН КӨЗ ЖҰМҒАНДАР САНЫ 170-КЕ ЖЕТТІ. АУРУДЫ 7711 АДАМ ЖҰҚТЫРҒАНЫ БЕЛГІЛІ БОЛЫП ОТЫР. БІР КҮН БҰРЫН СЫРҚАТТЫ ЖҰҚТЫРҒАНДАР САНЫ 5974, КӨЗ ЖҰМҒАНДАР 132 ЕДІ…БІРНЕШЕ КҮННЕН БЕРІ БІЗДІҢ ХАЛЫҚ ТА ДЕНСАУЛЫҒЫНА АЛАҢДАУЛЫ. СӘТ САЙЫН ҚОЛЫ- МЫЗДАҒЫ ТЕЛЕФОНҒА КЕЛІП ЖАТҚАН ЖАЛҒАН ХАБАРЛАМАЛАР КОРОНАВИРУСТЫҢ ДАҚПЫРТЫН  АРТТЫРА ТҮСУДЕ. ОСЫ ОРАЙДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАС САНИТАР ДӘРІГЕРІ ЖАНДАРБЕК БЕКШИН ДЕ «ЖАЛҒАН АҚПАРАТТЫ ТОҚТАТУЛАРЫҢЫЗДЫ СҰРАЙМЫН» ДЕП ХАЛЫҚҚА ӨЗ ӨТІНІШІН ЖЕТКІЗДІ. ӨЙТКЕНІ ЕЛІМІЗДІҢ «БІРЕСЕ АНА ҚАЛАСЫНАН, БІРЕСЕ МЫНА АУДАНЫНАН КОРОНАВИРУСТІҢ ЖАҢА ТҮРІ ТІРКЕЛІПТІ» ДЕГЕН ҚАУЕСЕТ ТОЛАСТАР ЕМЕС.

Дегенмен дәл қазіргі таңда елімізде Қытайдан келген 35 адам оқшауланып, дәрігерлер бақылауына алынған. Олардың ішінде 22 адамда өткір респираторлық вирусты инфекция анықталса, төртеуінде – тұмау, біреуінде тұмау мен паратұмау, яғни аралас инфекция  бар болып шықты. Еліміздің Бас санитары қалған 8 адам және ауруханаға жатқызылған басқа да азаматтардан сынама алынып, Алматыдағы Әйтімбаев атындағы ерекше қаупі бар инфекциялар ұлттық ғылыми-зерттеу орталығында қосымша тест бақылауға жіберілгенін жеткізді.

Жалпы, 6 қаңтардан бері Қытай шекарасы арқылы Қазақстанға 12 610 адам келгені, олардың ішінде 12 365 адам – Қазақстан
азаматы, қалған 245-і – шетел азаматы екені  белгілі болып отыр. Осы уақытқа дейін медициналық мекемелердің Қытайдан келген қазақстандықтардың 50 пайызымен, яғни 6449 адаммен байланыс орнатып, хал-жағдайын сұраған. Қалған азаматтармен де тиісті мекемелер хабарласып, бәрін тіркеуге алуға тырысып жатыр. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде жазылушылары көп блогерлер мен өнер жұлдыздары, журналистер Қазақстан Халықаралық теннис федерациясының Феде- рация кубогінің іріктеу матчтарын Дунгуаннан Нұр-Сұлтанға ауыстырылған 4-8-ақпан аралығында өтуіне қарсы шықты. Нәтижесінде  Қазақстан үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия аталмыш жарыстың елімізде  өткізілмейтінін мәлімдеді. ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Қытайға пойыздар мен автобус қызметі тоқтатыла-
тынын хабарлады.

«Қытай Халық Республикасындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты, Қазақстан Үкіметі Қазақстанда коронавирустың одан әрі  таралуына жол бермеу үшін шаралар қабылдауда.

Осыған байланысты, 2020 жылдың 27 қаңтарынан бастап Алматы-Нұр-Жолы–Үрімші, Өскемен–Майқапшағай–Үрімші,Жаркент–Қорғас–Құлжа, Аягөз–Бақты–Зимунай бағыттарына автобус қатынасы тоқтатылды», – деді Индустрия және
инфрақұрылымды дамыту министрлігінің Көлік комитетінің төрағасы Самат Гилимов журналистерге арналған брифингте.

Қазір аспанасты еліндегі кеселге қарсы күреске 12 млрд АҚШ доллары бөлінген. Сарапшылар аз уақыт ішінде індеттің жолы кесілетініне сенімді. Қытай премьер-министрі Ли Кэцян аурудың тез  таралуына байланысты мемлекеттегі жағдайды өте  ауыр деп атап отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің жаппай таралуына байланысты мәселені  тағы да талқыға салу үшін кеңес отырысын шақырған.  Осы орайда бірнеше жыл Қытай елінде оқып келген,  өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көрші елдегі жағдайды ұдайы бақылап, ақпараттарды аударып беріп отырған журналист Ертай Нүсіпжановпен аз-кем пікірлесіп, қалыптасып отырған ахуалға баға беруін сұраған едік…

Ертай НҮСІПЖАНОВ, журналист:«Ақпараттың аздығы үрейді күшейтеді»
– Қытайлық коронавирустан бізге қауіп бар ма?

– Вирустың шарықтау шегі екі апта болады деп жатыр. Одан соң қалыпты жағдайға түседі деп болжануда. Қытайдағы қаза болғандар санын естіп, біздің халқымыз шошып отыр. Бірақ, ол сан миллиард Қытай үшін елеусіз, тозаңдай ғана. Оның үстіне сол статистиканың өзі Қытайдың әр жерінде шашырап жатыр. Он миллионнан астам халқы бар провинцияларының ішінде жиырма шақты адам зардап шеккен. Вирус жұқтырғандардың басым бөлігі Ухан қаласының провинциясы  Хубэйде тіркелген. Қазір ол қаланы толықтай жауып тастады. Бізге  келіп жатқаны өткір респираторлық вирусты инфекциямен ауырғандар. Осыған дейін де осылай тыныс жолдары ауырып, мезгілдік тұмауға шалдыққандар елімізге келіп жатты. Бірақ, біз мән бермедік. Тек дәл қазір ғана солардың барлығына шошып қарап отырмыз. Сондықтан ең бастысы бізге сабыр сақтау керек. Аурудың өзі стрестен пайда болады деп жатамыз ғой. Сондықтан күйзеліске түспей, салқынқандылық танытып, барынша сақтанып жүруіміз керек.  Жағдайды қадағалауда ұстап отыру қажет. Еліміз де сақтық шараларын жасап жатыр.

– Иә, онсыз да елімізде Қытайфобиясы бар еді. Мына вирустан соң, көршіміз халқының
санын әдейі азайту үшін осындай вирус таратты деген болжам бас көтеріпті.

– Мұның барлығы дұрыс ақпараттың жоқтығынан. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жағдайды түсіндіру жағы кемшін. Талдамалы ақпараттар мүлдем жоқ. Жеткілікті деңгейде  ақпарат болмаған соң халық тиісті орындар бірдеңені жасырып отыр деп қорқады, ұялы телефонына келген қауесетке сенеді. Жаңа ғана оқыдым, сол Ухан қаласындағы ауруларды зерттеу институтында 3-4 дәрінің коронавирусқа кәдімгідей әсер ете бастағанын, көмектесетінін жазды.  Вирус қандай қателіктен тарап кеткені жөнінде болжам көп. Алайда оның ауыздықталатынына  сенемін. Инновациялық заманның мүмкіндігі оған жетеді.

Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Комментарий