Экономика

Олжас Құдайбергенов: Президентке жеке кіремін

Қошқарлардың басы бір қазанға сыймады. Зейнетақы жүйесін реформалауы тиіс жұмыс тобынан шығып кеткен экономист Олжас Құдайбергенов президентке ұсынысын жеке кіргізбек. Тоқаевтың өзі артынан кімдікі дұрыс екенін шешетін болады.

Бүгін Олжас Құдайбергенов бізге “Әлбетте, өз ұсынысымды жеке кіргіземін” деп жауап берді. Негізі, вице-премьер Бердібек Сапарбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, экс-министр Тамара Дүйсенова, президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов бар, бәрі бірлесіп Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауы тиіс болатын. Тапсырманың еш қиындығы жоқ. Тоқаев жұмыс тобын құрып, зейнетақы салымдарын азаматтардың қажетіне жұмсау бойынша ортақ ұсыныс дайындауды тапсырған. Енді ауызбіршілік те, ортақ ұсыныс та жоқ. Оның орнына Ақордаға шенеуіктер өз ұсынысын бөлек, Құдайбергенов өз ұсынысын бөлек ұсынатын болды.

Олжас Құдайбергенов. Фото: camonitor.kz

Демаршты Олжас Құдайбергенов кеше жасады. Алдымен фейсбук парақшасына жазып, “біраздан кейін ресми мәлімдеме” жариялаймын деді. Артынан ресми мәлімдемесін де жариялады.

“Тамара Дүйсенова мен Біржан Нұрымбетов жұмыс тобының атынан еш қисынға келмейтін шешім ұсынып отыр. Біріншіден, зейнетақы жинақтарын салымшылардың тек 1 пайызы ғана қолдана алатын жағдай туғызбақ. Ол 1 пайыз азаматтар баспанаға зәру емес. Екіншіден, 2023 жылдан бастап қосымша 5% зейнетақы жарнасын енгізу ұсынылды. Бұлары енді тіпті абсурд. Үшіншіден, жинақталған зейнетақы қаражатын сақтауға мемлекет беріп отырған кепілдікті алып тастауды ұсынып отыр. Бұдан кейін онсыз да жағдайы мәз емес зейнетақы жүйесіне халық мүлде сенбейтін болады. Төртіншіден, зейнетақы жарналарын төлемегені үшін халыққа айып салмақ. Мұны ескере отырып, мен жұмыс тобынан шығатынымды мәлімдеймін. Жоғарыда аталған адамдар отставкаға кетпейінше, жұмыс тобы дұрыс шешім таба алмайды”.

Олжас Құдайбергеновтің зейнетақы жүйесіне Сингапур моделін енгізу туралы идеясын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қабылдамай қойған еді. Сенаттың осы сұраққа қатысты отырысында ол “аталған үлгі Қазақстанда қолдануға келмейді” деп мәлімдеген.

“Сингапурда зейнетақы жарналары негізгі, арнайы және медициналық болып үш шотқа бөлініп түседі. Азаматтың жасы 55-ке келгенде оның негізгі және арнайы шоттары біріктіріледі. Ал жарна сомасы адамның жасына орай өзгеріп отырады. Мынаны атап айтамын, біз осыны жұмыс тобында талқылаған кезде, Сингапур үлгісін дәл қазір Қазақстанның зейнетақы жүйесіне таңудың мүмкін еместігіне көз жеткіздік”.

 

Осының алдында Олжас Құдайбергенов зейнетақыға қатысты шенеуіктермен түсініксіз жағдайда шекісіп қалып, тез татуласқан. Түсініксіздігі –  «Президенттің тапсырмасы орындалған жоқ», – деп жазып, халық қолдауына ие болып, артынан «Менің ойымша, президенттің тапсырмасы орындалды деп санауға болады» деп өз сөзінен бұлтарып кеткенінде. Онысы әріптес-сарапшылардың наразылығын туғызып, фейсбуктегі текетіреске алып келді. Нәтижесінде Олжас Құдайбергенов өзін сынағандардың көбінен теріс айналып, «банға» жіберген еді. Бірақ ақыры жұмыс тобынан өзі де кетті.

 

Халық күтіп отырған ұсынысты әзірлеуі тиіс азаматтардың бұлайша қырықпышақ болып қырқысуы әлеуметтік жағдайға жағымсыз әсер етті. Мемлекет зейнетақы салымдарының есебінен баспана сынды күрделі мәселені шешу мүмкіндігінен айрылып қалуы мүмкін. Енді президент Қ.Тоқаев бір емес, екі ұсынысты қарастыруға және олардың арасынан компромис іздеуге мәжбүр. Бұл уақытты одан әрі созбақ. Демек, зейнетақыға қатысты мәселе биыл шешіліп, тек 2021 жылы күшіне еніп жатса да, қуанатын боламыз. 

Комментарий