Талқыдағы тақырып

Аттандап, ала шапқын боп, қиқулап шыға келеміз

Бізге осы САБЫР жетіспейді. Аттандап, ала шапқын боп, қиқулап шыға келеміз.
Өткенде бір көршіміз өзіне өзі қол салып, о дүниелік болған екен, жергілікті молдалар жаназасын шығармапты. “Ойпырмай”-деп іштей қынжылдым. Күнәһар болса да анығын Алла білмей ма? Кім неден жаңылса да, “ол жағдайға не итермеледі, сол қателікке немесе қылмысқа қандай көңіл-күйде барды? “-деп неге сұрақ қоймаймыз? Неге соттауға, үкім айтуға асықпыз біз? Қабаған иттей бір бірімізді жеп қоюға дайын тұрамыз, неге сонша қатыгез боп барамыз? Жақында осы фейсбукта біреу екінші адамды ел алдында масқаралауға ниеттеніп, айыбына айғақ келтіргісі келгеніне куә болдым. Біреудің айыбын бүкіл елге жайып, масқаралауға келгенде тіпті алдымызға жан салмайтын болып алдық. “Күнәні жасыр” демей ме?!
Өзіміз де бүгін бір ойда болсақ, ойымыз өсе келе ертең ол ойдан айнып, пікірді өзгертпеуші ме едік? Ешкімге ешкім кепіл бола алмайды, мені де біреулер періште деп ойлайтынын білем, бірақ мен пенде ғана-мын, мен де адасам, менде де жаман ойлар болады,. Бәріміздің де ішімізде бір-бір жыртқыш бар.
Қорықпаңыз, ешкім жазасыз қалмайды, шаңның тозаңындай болса да жасаған жақсылығымыз да, жамандығымыз да ескерусіз қалмайды, таразыға түсетін күн келеді. Тек соған дайындығымызды ойлайық.
Өзі таза адам өзгенің де кемшілігін көрмейді. Өзі бақытты адам өзгенің бақытын қызғанбайды.
Не болса да, анығы Аллаға ғана аян. Адамның тағдырын шешіп беретін сіз бен біз емес, бізді жаратқан Ұлы жаратушымыз бар, бәрі соның қолында екенін ұмытпайықшы.

Фейсбуктегі парақшасынан

Айгүл Бажанова

Комментарий