Экономика

Huawei тыңшылықпен айналыса ма?

Қытайдың технологиялық алып компаниясы – Huawei-дің басына қара бұлт үйірілді. Қытай компаниясы аз уақыттың ішінде әлемге телекоммуникациялық құрылғы жеткізушіден смартфон жасайтын және мобильді байланыс желілерінің бесінші буыны үшін құрал-жабдық әзірлейтін әлемнің ірі өндірушісіне айналды.

Бірақ АҚШ компаниялары Huawei технологиясынан кибершпионаж жасауға мұрсат беретін «жасырын» мүмкіндіктер тапқанын мәлімдеген еді. Осы арқылы Қытай билігі немесе қытай компаниялары өзге елдерде тыңшылықпен немесе кибертеррормен айналыса алады деген күдік бар. Қазір Канадада Huawei компаниясының қаржы директоры әрі оның негізін қалаушының қызы – Мэн Ваньчжоуды АҚШ-тың сот орындарына беруге қатысты сот өтуде. Ол АҚШ-тың тыйым салғанына қарамастан Иранға құпия түрде телекомуникациялық құрылғыларды сатқан деп айыпталуда.

Австралия және Жапония ресми түрде өздерінің 5G мобильді желісіне Huawei-ді кіргізуден бас тартты. Қазір Германияда да осыған қатысты пікірталас жүріп жатыр. Осы айдың аяғына дейін Ұлыбритания да қытай компаниясын британдық 5G желісіне жіберу-жібермеу мәселесін түпкілікті шешеді деген болжам бар.  АҚШ сенаторы Марко Рубио британдық әріптестерін Huawei-ден өзге де қауіпсіз балама компаниялар барын ескертсе, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Лондон Huawei компаниясын 5G желісін дамыту нарығына жіберетін болса, Ұлыбританияның тәуелсіздігіне қауіп төнетіні туралы ашық мәлімдеді.

АҚШ-тың жоғарғы билігі Huawei-ді Қытайдың Халық-азаттық армиясымен «тығыз қарым-қатынаста» екені туралы мәлімдеп, компанияның Чехия, Польша және Нидерландыда тыңшылықпен айналысқанын, және Германия, Израиль, Ұлыбритания мен АҚШ-тағы бәсекелестерінің зияткерлік меншіктерін ұрлағанын мәлімдеген еді.

2019 жылы Вашингтон Huawei-ді АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін компаниялар тізіміне қосты.

Комментарий