Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

ЖОО: Дипломы көп, жұмысы жоқ…

Соңғы жылдары бірнеше жоғары оқу орнының лицензиясы тоқтатылды. Саны бар, сапасы жоқ білім ордаларының санын қысқарту талайдан сөз болған. Өткен аптада ғана екі оқу орны лицензиясынан айрылғанын жаздық.

Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев: «Біз мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға көтердік. Министрлік білім беру бағдарламасын жаңартумен, сондай-ақ ЖОО-лардың академиялық дербестігін арттырумен айналысуда. Енді Білім және ғылым министрі мен жергілікті атқарушы органдар осы міндеттерді дұрыс атқаруы тиіс. Қазіргі таңда елімізде білікті ұстаздардың тапшылығы айқын сезіліп отыр. Мамандардың жасы ұлғайған сайын олардың орнын басатын лайықты мұғалімдер жетіспей жатыр. 330 мың мұғалімнің 27 пайызы – зейнет жасын жақындаған немесе жеткен мамандар», – деді.

Сондай-ақ, Тоқаев мұғалімдерді даярлайтын ЖОО-ларда көбінесе үлгерімі нашар түлектер баратынын атап өтті.

«Олардан кәсіби деңгейі төмен мамандардың шығатыны осыдан. Мемлекет тарапынан тиісті өкілеттік берілді. Қажетті ресурс бар. Сондықтан, қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертуіміз керек. Бізге жаңа талаптарға сай мұғалімдерді даярлайтын Жоғары оқу орындары қажет. Диплом сатып, жоғары білімнің беделін түсіретін жекеменшік оқу орындарынан біржола құтылу керек», – деді ол.

Осы мәселеге байланысты біз маманның пікірін сұрап білдік.

Ғани Бейсембаев, Білім сарапшылары қазақ лигасының президенті:

Грантты колледжге көп бөлу керек

– Жоғары оқу орындарының санын қысқарту мәселесі бүгін ғана туындаған жоқ. Себебі, қазір дипломды жұмыссыздар саны көбейіп кетті. Яғни, ЖОО бітірген шәкірттердің білімі мен біліктілігіне күмән көп. Сондықтан да оқу орындарын жүйелеу, артығын қысқарту білім сапасының көтерілуіне оңтайлы әсер ететіні сөзсіз.

Тағы бір мәселе – жоғары оқу орындарының оқытушылары қатарынан 4-5 университетте сабақ береді. Одан қандай пайда бар? Оның үстіне мүйізі қарағайдай професорлар мардымсыз жалақыға жұмыс істеп жүр. Мектеп бітірген 120-200 мың түлек оқу орнына мамандық алып, кәсіп иесі болу үшін түседі. Меніңше, жоғары оқу орны санын азайту арқылы орта білім, яғни, колледждердің сапасын арттыруға ден қою қажет. Өйткені, жоғары оқу орнына түспеген жастардың колледжде оқу мүмкіндігін күшейткен жөн. Керісінше, колледждерге бөлінетін грант санын арттырсақ, жастар белгілі бір кәсіп алып шығып, соның арқасында өзін асыраса, ең басты масқат осы. Ал жоғары оқу орнына басқару деңгейіне жеткен шәкірттер баруы керек. Бізде расында ЖОО саны да, студенттер де көп, бірақ сапасы көңіл көншітпейді. Жалпы, екі, үш диплом алу дегенді қолдамаймын. Сол диплом пайдаға асып отыр ма? Бұл текке кеткен уақыт пен далаға кеткен ақша емес пе?! Осы тұрғыдан қарағанда, Президенттің жоғары білімге қатысты саясатын оң қабылдаймын.

Комментарий