Судья мінбері | Судебная система

Сот саласы цифрлы технологияға тез бейімделді

Елімізде заманауи ақпараттық технологияларға дер кезінде көшіп, олардың игілігін халыққа жеткізген салалардың бірі сот саласы. Жедел ақпарат алмасудың озық технологиясы дамыған ХХІ ғасырда сотқа жүгінудің инновациялық тәсілдерінің іске қосылуы саланы айтарлықтай алға сүйреді. Республика соттарында ақпараттық технологияларды белсенді түрде қолданудың нәтижесінде бұқараның басым бөлігі қағазбастылық пен соттардағы ұзын-сонар кезектен арылып, үйлерінен шықпай-ақ сот төрелігіне қол жеткізуге мүмкіндік алды. 

Қазіргі таңда еліміздің барлық соттарында арызды беру және тіркеу сатысынан бастап, заңды күшіне енген сот актісін орындауға жібергенге дейін сот ісін жүргізу процесі түгелдей дерлік электронды форматқа көшірілді. «Сот кабинеті» сервисінің арқасында электронды цифрлық қолтаңбаға ие азаматтар қазіргі таңда үйінен немесе кеңседен шықпай-ақ сотқа талап арыз, шағым, өтініш, пікір немесе қарсы талап арызды электронды түрде беріп, мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеуде. «Сот кабинеті» адвокаттар мен заңды өкілдер қызметінің тиімділігін арттырып, азаматтардың құқықтық мәдениетін нығайтуға жәрдемдесуде. Аталған сервиске деген сұраныс күн санап артып келеді.

Жоғарғы Сот ұсынатын электронды қызмет түрлері бұлармен шектелмейді. Халық үшін тиімді жобалардың қатарында сот практикасының қорытулары мен сот актілері дерекқорын, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын пайдалануға мүмкіндік беретін «Талдау» форумын, сотқа талап арыз, апелляциялық, кассациялық өтінішхат беру кезінде мемлекеттік баж салығын төлеуге арналған «Электронды үкіметтің төлем шлюзі», «Төрелік» сот органдарының ақпараттық-талдамалық жүйесін, «Сотқа шақырту қағазы», «Сот құжаттарымен танысу», «Хабарлама бойынша сот құжаттарын көру» сервистерін атап өтуге болады. Сот жүйесінде қазіргі заманғы технологияларды енгізу және қолдану сот ісін жүргізуді жеңілдетіп, бюрократиялық кедергілерді жоятынына күн өткен сайын көз жеткізіп келеміз.

Шабан Ю, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының жетекші маманы 

Комментарий