Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Мүгедектік бойынша жәрдемақы мен еңбекке жарамсыздыққа байланысты төлемдерді SMS арқылы рәсімдеуге болады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алу және еңбекке жарамсыз болып қалғанына байланысты берілетін әлеуметтік төлемді тағайындау мәселесін ешқандай мемлекеттік органдарға жүгінбестен, SMS арқылы шешу қызметін ұсынды.

 Ол үшін мұқтаж адамдар мобильді азаматтар базасына тіркелуі керек және 3 күн ішінде алғашқы хабарламаға жауап беруі қажет. Енді бұдан былай осындай жәрдемақыны тағайындау үшін мемлекеттік органдарға құжат жинап сабылудың қажеті жоқ дейді министрлік өкілдері.

«Менің ойымша, қазір қызметімізді осындай форматқа көшіру керек, өйткені біз – әлеуметтік министрлікпіз. Мемлекет азаматтар үшін жұмыс істеуге тиіс. Сондықтан қазақстандықтар құжаттарды жинауға, жолға және күтуге уақыты мен ақшасын жұмсамауы үшін қарапайым SMS-хабарламалар жібереміз. Бұл ыңғайлы қызмет, сіздің қайда тұратыныңыз маңызды емес, жай ғана SMS-ке жауап берсеңіз болды», – дейді вице-министр Нариман Мұқышев.

Бұрын осы екі жәрдемақыны тағайындату үшін азаматтар ХҚКО және Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық бөлімшелеріне баратын. Сонымен бірге, екі қызметті egov.kz порталы арқылы да алуға болады.

Комментарий