Елең еткізер | АктуальноЭкономика

Зейнетақы қорына не болды?

Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кірістілігі жөнінде көзге жас алмай отырып жазу мүмкін емес. 2019 жылдың қортындысы бойынша активтердің нақты кірістілігі 1,17 пайыз болды. 2018 жылы нақты кірістілік 5,97 пайызды көрсеткенін ескерсек, активтерді басқару жұмысының бес есе нашарлап кеткенін байқауға болады. Зейнетақы қорына не болды?

Қош дейік, зейнетақы активтерінің портфелі 10,8 триллион теңгеге жеткен. Оны Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры әдеттегідей екіге бөледі. 66,7 пайызды теңгемен инвестициялайды, 33,3% – шетел валютасында. Инвестициялар құнды қағаздарды сатып алу мен қаржы құралдарын пайдалану аясында жүзеге асырылып келе жатқанына бірнеше жыл болды. Ол 2016 жылы Ұлттық банк қабылдаған БЖЗҚ-ның инвестициялық декларациясымен тікелей байланысты. “Қор инвестициялық декларацияда жазылған қағидаларды қатаң сақтауы тиіс және дәл осы қағидалар мол кіріс түсіруге мүмкіндік бермейді” дейді сарапшылар.

«Ең алдымен инвестициялық декларацияны қайта қарау қарау керек. Қазір ондағы лимиттер шетелдік және отандық бағалы қағаздар арасында бөлінеді. Декларация бойынша шетелдік бағалы қағаздар инвестициялық портфельдің жартысынан аспауы тиіс», – дейді EXANTE сарапшысы Андрей Чеботарев.

 

Оның айтуынша, БЖЗҚ инвестицияға арналған бар қаржысының 40 пайызын отандық банктердің облигацияларына жұмсай алады. Тіпті, банктердің рейтингіне қарау да міндетті емес. Біз оның ішінде қарызды өздігінен қайтара алмайтын банктердің де болатынын түсінеміз. Демек, банктерді қайта-қайта құтқару идеясы инвестициялық декларацияға да еніп кеткен. Зейнетақы қорының банктерді жарылқаймын деп қарапайым салымшыларды табыстан қағуына барлық жол ашылған. Онда Қордың шын мәнінде активтерді тиімді пайдаланып, инвестор ретінде табыс табуға емес, отандық компаниялар мен жобаларға кез-келген уақытта ақша беретін әмиян ретінде пайдаланып жүргенін ашық айтуымыз керек.

“Мысалы, Норвегия қорында жергілікті эмитенттердің (компаниялардың) лимиті 10-20 пайыздан аспайды” дейді Андрей Чеботарев. Қалғанын Норвегия әлемдік биржаларға шығарып, білікті басқарудың арқасында қомақты пайда тауып жүр. Бізге де БЖЗҚ инвестициялық портфеліндегі отандық қарыз алушылар үлесін азайту қажет. Ішкі нарықты қаржыландыруды зейнетақы есебінен жүзеге асырудың түбі жақсылыққа әкелмейтінін бұған дейін де көзі қарақты сарапшылар шұқшып көрсеткен. Бірақ Үкімет өзіне қолайлы әмиянды уыстан шығарғысы жоқ.

 

Комментарий