Судья мінбері | Судебная система

Жаңа заң сот жұмысын жеңілдетуде

Биылғы жылдың басында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Аталған  заңға меншік құқығын қорғауды күшейтуге, төрелікті дамытуға, сот жүктемесін оңтайландыруға және экономикалық қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған түзетулер енгізілді.

Айта кету керек, қабылданған заң Мемлекет басшысының сот төрелігінің сапасын арттыру туралы тапсырмасының және «Ұлт жоспары» шеңберінде соттарды реформалаудың практикалық жалғасы болып табылады. Осыған орай, заң шеңберінде 42 заңнамалық актіге, соның ішінде 11 кодекске түзетулер енгізілді. Жалпы, заң сот жүктемесін оңтайландыру аясында өзгерген, онда соттардан дауларды қамтымайтын істерді шығаратын бірқатар нормалар енгізілген. Нәтижесінде сот орындаушыларының іс-әрекеттерін санкциялау, бірқатар даусыз талаптарды нотариусқа беру әрекеттері соттардағы жүктемені азайтуға және судьялардың назарын шын мәнінде күрделі сот дауларына аударуға мүмкіндік берді. Бүгінгі күні Алматы қаласында кей азаматтық істердің нотариусқа берілуі сот жүктемесін 20%-ға жеңілдетті деген статистика бар. Демек елімізде сот жүктемесін азайту, азаматтық процесті жеңілдету, сот ісін жүргізудің жылдамдығын арттырып, ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесіз емес деуге болады.

Яғни алдыңғы қатарлы отыздыққа ұмтылған жас мемлекетіміздің даму стратегиясын жүзеге асыруда Мемлекет басшысы сот билігінің алдына бірқатар тапсырмалар қойған еді. Осы орайда бүгінгі күні судьялық кадрларды дұрыс іріктеу және біліктілігін арттыру, судьялардың жүктемесін азайту, сот ісін жүргізуде ақпараттық технология­ларды кеңінен енгізу, сондай-ақ тұрғын­дар­дың сотқа деген сенімін арттыру бағыты бойын­ша жүйелі түрде кезең кезеңімен атқарылып жатқан жұмыстардың саланы дамытуда маңызы артып отырғанын атап өту керек.

Бекжанов Жанат,  Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының төрағасы

Комментарий