Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Әли БЕКТАЕВ, «Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты:”Шекара бойындағы ауылдардың тозуы ел қауіпсіздігіне қатер”

– Әли Әбдікәрімұлы, ауылға қаншалықты жиі барып тұрасыз? Соңғы кезде кең пейілдің, ынтымақ-берекенің символы іспетті ауыл адамдары жайлы түрлі жағымсыз әңгімелер айтылып қалып жүр. Көршісінің шөбін өртеп, малын ұрының алдына салып беретіндер де бар көрінеді. Есігі құлыптанбайтын ауылдағы ақ ниетті жандардың пейілі неге бұзылды? Мұны да заманға артамыз ба, әлде…?
– Мүмкіндік болса, ауылға барып тұруға тырысамын. Наурыз мерекесінің алдында ғана туған жеріме барып қайттым. Мектебінде болдым. Ауылдағы қауымнан шынайылықты, ақжарма пейілді, үлкенге деген ілтипатты, дәстүрімізге деген ерекше құрметті табамын. Мүмкін, қазіргі заманға байланысты адамдардың психологиясында өзгерістер болып жатқан шығар. Өз басым, ауыл халқына тән менталитет өзгерген жоқ деп ойлаймын. Бірақ, ауыл туралы шынайы ақпарат көп беріле бермейді. Әсіресе, ауыл адамдары туралы жағымсыз әңгімелер жиі айтылады. Кей телеарналардан берілетін бағдарламалардан, көркем фильмдерден де ауыл халқын келемеждеген әңгімелерді естіп, сюжеттерді көріп қаламыз. Шыны керек, біз ауылдың мәртебесін осылай өз қолымызбен түсіріп жатырмыз. Керісінше, ауылдың жағымды образын жасап, дәріптеуіміз керек еді. Өйткені, ауыл халық ретінде өз түбірімізден ажырамауымызға, ұлттық салт-дәстүрімізді сақтауға қызмет ететін – ең үлкен құндылығымыз.
– Өркениеттен алыс жатқандарын айтпағанда, сапалы ауызсуға жарымай отырған елді мекендер аз емес. Мұндай жағдайда ауылдың мәртебесін құр мақтап көтеру мүмкін бе?! Қаншама бағдарлама қабылданды. Тек, оң нәтиже жоқтың қасы. Керісінше, болашағы жоқ ауылдар пайда болып, оларды тарату жөнінде шешім қабылдануда…
– Біріншіден, адамдарды ауылдан қалаға немесе қаладан ауылға апарудың қажеті жоқ. Ауылдарымызда қазіргі таңда 7,5 миллионнан астам халық тұрады. Солардың 3 миллионға жуығы жастар. Осы буынға білім беріп, туған жерінде жұмыспен қамтамасыз етіп, тұрақтандырып қалсақ, сол үлкен жеңіс. Иә, ауыл бойынша көптеген бағдарлама қабылданды. Бірақ, ол шаралар жалпы әлемде ауылдарға қатысты қабылданатын шаралардың деңгейіне жете бермейді. Мемлекет тарапынан ауылға аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Мысалы, 2000-2003 жылдар «Ауыл жылы» болып жарияланды. Осы кезең ішінде ауылға үлкен бетбұрыс жасалды. Елбасының Жарлығымен елді мекендерді дамытуға 370 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Соның есебінен 1077 мектеп, 100-ден астам денсаулық сақтау мекемесі, 400-ден астам мәдениет және спорт ғимараттары салынды. Ол кезде мемлекеттің экономикалық жағдайы әлсіз, қаржысы аз болатын. Соған қарамастан осындай жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, 4200-ден астам елді мекенге ауызсу жеткізілді. Ол уақытта елді мекендердің ауызсумен қамтамасыз етілу деңгейі 21 пайыз ғана болатын. Осы бағдарламаның арқасында бұл көрсеткіш 42 пайызға жетті. Қазір ауыл шаруашылығын дамытудың 2021 жылға арналған бағдарламасы шеңберінде ауылдың инфрақұрылымын дамыту қолға алынып жатыр. Онда ауызсумен, газбен қамтамасыз ету, энергетика жүйесін дамыту үшін қосымша жұмыстар атқарылады. Бірақ, әлемдегі өзгерістің жылдамдығы өте жоғары. Оған ауыл түгілі, қаланың өзі ілесе алмауда. Сондықтан, кейде ауылдар қалыс қалып
жатады. Қазір елімізде 6936-дан астам елді мекен бар. Солар аталмыш бағдарламаға сәйкес, әлеуеті жоғары, орта, төмен және экологиялық жағдайы нашар елді мекендер деп төртке бөлінген. Бүгінгі таңда аталмыш ауылдардың 18,9 пайызы әлеуеті жоғары, 75,6 пайызы әлеуеті орта деп есептеледі. Бұл өте жақсы көрсеткіш. 430- дан астам елді мекеннің әлеуеті өте төмен, яғни, болашағы жоқ ауылдар санатында. Меніңше, осы елді мекендер бойынша
мемлекет тарапынан дербес бағдарлама қабылданып, арнайы шаралар жүзеге асырылуы керек. Әсіресе, шекараның бойында жатқан ауылдар бойынша нақты шара қабылдануы қажет. Өйткені, олар біздің жеріміздің, еліміздің тұтастығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан, бұл ауылдарды жоймай, керісінше, дамытып, халқын тұрақтандыруға күш салынуы керек. Бастысы, ондағы мектептерді сақтап қалуға тиіспіз. Мектеп жабылса, ауыл көшеді. Себебі, бәріміз де бала үшін өмір сүріп жатырмыз. Сонымен қатар, денсаулық сақтау мекемесі, ауызсуы болуы шарт. Тіпті, тұрғындары көп ауылдардан халықты соларға көшіру қажет. Қазір «Серпін» бағдарламасы бойынша халықты солтүстік жаққа көшіру іске
асырылып жатыр ғой. Сол сияқты, шекара маңындағы ауылдарға да халықты арнайы көшіру саясатын жүргізу керек. Болашағы жоқ деп ауылдарды жоя берсек, шекарамыз ашық қалып, мұның соңы елдің, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретінін естен шығармауға тиіспіз.
– Кейбір саясаттанушылар, тәуелсіз сарапшылар урбанизация жағдайында ауылды дамытудың қажеттігіне күмән келтіреді. Мына сөзіңізге қарағанда, мұнымен келіспейтін сияқтысыз…
– Әрине, келіспеймін. Иә, урбанизация әлемдік үрдіске айналып отыр. Ауылдағы халықтың жақсы өмірге ұмтылуы заңды. Балалары жақсы жерде тұрса, сапалы білім алса, озық қызметтердің игілігін көрсе дейді. Ол әрбір адамға тән арман. Бірақ, біздің елімізді, территориямызды басқа елдермен салыстыруға болмайды. Мәселен, Еуропа елдерінің жер ауқымы кішкентай. Оларда қала мен ауылдың арасы 15-20 шақырым ғана. Ауылда тұрып та қалада жұмыс істей беруге болады. Бізде қалаға көшіру үшін ауылды көшіру керек. Оның адамдары қалаға қатынап жұмыс істей алмайды. Екіншіден, бізде Еуропадағыдай әлеуеті жоғары қала жоқ. Қазіргі таңда Қазақстанда агломерацияға жататын үш-ақ қала бар. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент. Иә, оларға келіп өмір сүру деңгейін жақсартуға болатын шығар. Бірақ, басқа қалаларда ондай әлеует жоқ. Өйткені, қалалардың да мүмкіндігі шектеулі. Шаһарлардың өз тұрғындарының санына ғана лайық мектебі, медициналық мекемелері, жұмыс орындары бар. Оларда ауылдан көшіп келгендердің бәріне жұмыс, үй тауып беру, балалардың бәрін балабақша және мектеппен қамтамасыз ету мүмкін емес. Қазір қалаларға келіп жатқан ауыл азаматтарының тұрмыс-тіршілігі керемет болып кетіп жатқан жоқ. Көбісі әлі жұмыссыз жүр. Балалары мектепке, балабақшаға орналаса алмауда. Сондықтан, ауылдан келіп алып не пәтері жоқ, әр жерді паналап, жұмыссыз жүрген ауыл тұрғындарын қалаға көшіргеннен гөрі ауылда жағдай жасап, тұрақтандыру біздің мемлекетіміз үшін маңызды. Ауылда жұмыс орындарын ашудың мүмкіндігі зор. Бүгінгі таңда
ауылшарушылық өнімдерінің 29 пайызы ғана қайта өңделеді. Егер барлық ауылшарушылық өнімдерін қайта өңдеу өндірісін жолға қоятын болсақ, әр ауылда кішігірім болса да цех, зауыттар ашуға мүмкіндік туар еді. Екіншіден, игерілмей жатқан жерлерді мал шаруашылығын, көкөніс шарушылығын дамытуға пайдалану керек. Сол кезде ауылда жұмыс та көбейеді, өнім де артады.
– Бұл жөнінде көп айтылады, бірақ, бәрі сөз жүзінде қалып жатыр…
– Қазіргі жасалып жатқан мемлекеттік бағдарламалар негізінен жергілікті жерлерде жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Ауыл кәсіпкерлеріне шағын несиелер беріліп жатыр. Осының бәрі ауылға жету керек. Бұл мәселелерді тек бір министрлік шешеді деуден аулақпын. Бірақ, соның бәрімен айналысатын тікелей азаматтар бар. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры, несие корпорациялары жұмыс істейді. Осы ұйымдардың жұмысын да әлі де бюрократия, қағазбастылық бар, шаруаларға қоятын талаптар көп. Несие алуға қажет кепілдіктерді рәсімдеу үшін көптеген кедергі тудырады.
– Сарапшылар дамыған мемлекеттер үкіметтерінің азық-түлік тапшылығын жасап, өз тауарларына қажеттілік тудыру үшін дамушы елдердің шенеуніктерімен астыртын келісімге келіп немесе оларды сатып алып, осындай айла жасайтынын айтып жатады. Бұған сенбейін десең, базардағы өнімнің дені сырттан келген. Қаншама суармалы жеріміз, оны игере алатын өзіндік технологиямыз бола тұра жат жұртқа ақша шашуымыздың себебі не?
– Нарықтың өз талабы бар. Әркім өз өнімін өткізгісі келеді. Шетелдік тауарлардың ішінде сапалысы да, сапасызы да бар. Қай елдің тауарын алуды халықтың өзі шешеді. Импорттық тауарлар арзан болғандықтан келуін тоқтатпайды. Сол үшін өзімізде өндірілетін тауарлардың
көлемін, сапасын арттыруымыз керек. Шынына келсек, осы шараларды атқаруға құзырлы тұлғалардың жауапкершілігі жете бермейді. Кейде әлсіздік танытады. Көбісі қаржы тәртібін бұзып, әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қорқады. Шенеуніктердің бойында өзінөзі әлдебір қауіптен сақтандыру менталитеті бар. Айта берсек, мұның себептері өте көп. Бірақ, қазіргі уақытта біртіндеп реттеліп келеді. Ауылға арналған шаралар толықтай атқарылып, бөлінген қаржы мақсатқа сай жұмсалса, көп мәселе тиімді шешілер еді. Иә, суармалы жерлер – үлкен байлығымыз. Оларды тиімді пайдалану көп қаражатты және белгілі бір бағытта атқарылатын ауқымды жұмысты қажет етеді. Осы ресурсты пайдалану арқылы
азық-түлік молшылығын да қамтамасыз етіп, жұмыссыздықты да азайтуға болады. Сондықтан, мемлекет саясатының бір бағыты осыған арналуы керек. Өз басым бұл мәселе бойынша бірнеше рет депутаттық сауал жолдадым. Сол секілді, жайылым да үлкен байлық. Мал шаруа шылығын дамыту үшін осы жерлерді тиімді пайдалануымыз керек. Бұл туралы
да біз Парламент мінберінен бірнеше рет мәселе көтердік. Қазір осы бағытта қаржы бөлініп, жұмыс жүріп жатыр.
Ауылдың жайын айтқанда Сіз жетекшілік ететін «Ауыл» партиясын айналып өту мүмкін емес. Шетелдерде партияларды кім басқаратынын ешкім білмейді екен. Оларды тек бағдарламасы бойынша ғана ажырататын көрінеді. Ауыл үшін не істеп жатырсыздар?
– Партия қоғамдық-саяси ұйым. Ол біреуге бірдеме салып беріп немесе ақшалай көмек көрсететін мекеме емес. Ел өміріндегі өзекті мәселелерді тиісті орындарға жеткізіп, билік пен
халықтың арасында дәнекер болатын ұйым. Біздің партия әуелде «Ауыл» социал-демократиялық партиясы болып құрылды. Осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанның Патриоттар партиясы мен Ауыл демократиялық партиясы қосылып «Ауыл» демократиялық патриоттар партиясына айналды. Сол кезде осы ұйымның төрағасы болып сайландым. Содан бері біраз жұмыс атқарылды. Біріншіден, партия сайлау мен сайлаудың арасында өткел жасайтын ұйым болмау керек. «Ауыл» партиясын БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы байқап жүрсеңіз, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына қатысты түрлі игілікті бастамалар жасап, нақты жұмыс тар атқарып келеді. Қазір «Ауылды» ұйықтап жатқан партия деп ешкім айта алмас. Жергілікті жерлерден түсіп жатқан хаттар, пікірлер, әлеуметтік желілерде айтылып жатқан әңгімелер соның дәлелі. Тек осы аталмыш мерзім ішінде біздің
ұйымға 42 мыңнан астам жаңа мүше қабылданды. Егер партияның жұмысын көрмесе, азаматтар тарапынан мұндай белсенділік болмас еді. Осы төрт жыл ішінде біз бірнеше
маңызды мәселелерді көтердік. Соның бірі мемлекетіміздің азық-түлік қауіп сіздігін қамтамасыз ететін шаралар – органикалық өнімдерді өндіру, шетелден келіп жатқан азық-түлік тауарларының сапасын тексеру жайы. Қазақстанға қазір сырттан тегі өзгертілген өнімдер (ГМО) көптеп келуде. Оның адам ағзасына пайдасы не зияны туралы ешбір
маман айта алмайды. Мұндай өнімдерді шығарудағы мақсат үлкен агрофирмаларға пайда әкелу. Себебі, өнімнің көлемі мен сақталу деңгейі артады. Біздің тиісті заңнама бойынша, өнімдер тегінің өзгеруі шектік деңгейден аспауы керек. Бірақ, соның бәрін қадағалап, жүйелі түрде тексеріп отырған ешбір ұйым жоқ. Олар анда-санда еске түскенде ғана тексеріледі.
Себебі, арнайы лабораториялар жоқ. Біз «дөңгелек үстелде» сарапшылар мен ғалымдардың, мүдделі ұйымдар өкілдерінің басын қосып, осы мәселені талқыладық. Сонда айтылған пікірлерді, ұсыныстарды жинақтап Үкіметке ұсындық. Бізге берілген ақпарат бойынша, олар қабылданып, тиісті әкімшіліктерге жіберіліп, нақты шаралар қолға алынуда. Сондай-ақ,
ауылдық жерлерде ең төменгі жалақы алатын азаматтар жайлы да мәселе көтердік. Осы тақырыпта құзырлы министр атына сараптаулар негізінде депутаттық сауал жолдадым. Бұл мәселе Елбасының әлеуметтік бастамаларында қолдауға ие болып, соның арқасында бүгінде шешімін тауып жатыр. Ауыл шаруашылығын техникамен қамтамасыз ету жайына да
құзырлы орын назарын аудартып келеміз. Шыны керек, ауылдағы техниканың дені тозған. Әсіресе, көкөніс жинайтын, мал шаруашылығына пайдаланылатын техникалар қатты ескіріп кетті. Бұл мәселені де арнайы семинар өткізіп, машина құрылысымен айналысатын сарапшылар, инженер-механик мамандар арасында кеңінен талқылап, нақты ұсыныстар әзірлеп, Үкіметке өткіздік. Жұмысымыздың тағы бір бағыты ауылдың мәртебесін көтеруге арналды. Бұл үшін жыл сайын «Ауылым – алтын тұғырым!» деген тақырыпта жас әдебиетшілер арасында байқау өткізіп келеміз. Тек былтырдың өзінде оған 280-нен астам шығарма түсті. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтап, марапаттаймыз. Оларды елге үлгі етеміз. Озық шығармаларды сайтқа қоямыз. Үш жанр, яғни, поэзия, проза, драматургияны қамтитын шығармалардың барлығы ауылдың жайын қаузайды. Байқау өз нәтижесін беріп жатыр. Жылдан-жылға оған қатысушылар көбеюде. Биыл тағы да өткізіп, жинақ шығарайық деп отырмыз. Әр жыл сайын үш жанр бойынша үш кітап шығарып жүрміз. Оларды ауыл кітапханаларына тегін таратамыз. Оларды оқып отырып тебіренбеу мүмкін емес. Ауылдың қадір-қасиетін, қазақ үшін маңызын ашатын, құндылығын көрсететін небір туындылар бар. Біз осы байқауымыз арқылы халықты ауылға жақындатып қана қоймай, таланттар көзін ашып жатырмыз. Тарихи кодты тану, рухани жаңғыру дегеннің бір бағыты осы. Алдағы уақытта байқауда жүлде алған драматургиялық шығармаларды сахналап, көркем фильмге айналдырсақ деген ойымыз бар. Ауылда жақсы дүние көп қой. Сондықтан, халықты өз түбіріне жақындатып, ауылға деген құрметін ояту үшін оның жақсылығын дәріптей беруіміз керек. Бұл тек «Ауыл» партиясының ғана емес, ауылда кіндік қаны тамған әрбір азаматтың парызы деп білемін.
– Десе де, «Ауыл» партиясы ауылдың жайын күйттеу үшін емес, сайлау үрдісіне қажет демократияның декорациясын жасау үшін жасақталған деген пікір бар. Көбісі сіздерді «Nur Otan» партиясының шекпенінен шыққан деп те айтып жатады. Бұл қаншалықты шындық?
– Партия деген жалғыз сөз болғанымен, ол жалғыз адамнан тұрмайды. Біздің бүгінде 300 мыңға жуық мүшеміз бар. Олардың дені аудандар мен ауылдарда тұрады. Сондай партияны басқа партияның шекпенінен шықты деуге бола ма?! Екіншіден, жақында «Nur Otan» партиясы 20 жылдығын атап өтті. «Ауыл» партиясының құрылғанына 19 жылдан асты. «Ауыл» партиясы Социал-демократиялық партиясы болып құрылған кезде «Nur Otan» «Отан» партиясы болатын. Бір жылға толмаған партияның шекпенінен қалай басқа партия шығады?! Демек, біздің ұйым елдің талап-тілегіне сай. уақыттың өзі тудырған партия. Жұмысымыз жүріп жатыр. Иә, қаржымыз аз. Біз тек өз мүшелеріміздің жарнасымен өмір
сүріп келеміз. Алайда, соған қарамастан партия ретінде аяғымыздан тік тұрдық дей аламыз.
– Осынша деңгейге жеткен партияның сайлауда қоғам тарапынан тоталитарлық саясаттың жандайшабы деген баға алған Коммунистік партияның соңында қалып, Парламентке өтпей қалу себебін немен түсіндірер едіңіз?!
– Парламентке өту үшін сайлаушылардың 7 пайызының дауысын алу керек. Коммунистік партия бұрыннан келе жатқан саяси ұйым. Халқымыз 70 жыл осы партияның жетегінде болды. Әлі де осы партияның идеологиясын қолдайтындар бар шығар. Бірақ, болашақта елдің сенімін иеленіп, парламенттік партия боламыз деген үмітіміз бар. Өйткені, руханиятымыздың түбірі, болашағымыздың көкжиегі ауылда жатыр. Ауыл қашаннан да тіл мен ділдің, дәстүрдің қайнар көзі, молшылықтың, берекенің ұясы. Сондықтан, ауылды
дамыту мемлекет саясатының басты бағыты. Ал, «Ауыл» партиясы өз ісіне осынау өміршең стратегияны өзек етіп, айнымас мұратына айналдырған бірегей саяси ұйым.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий