Қоғам | Общество

Дәрігердің жағдайы түзелмей, ауру емделмейді

ХАЛҚЫМЫЗ ЖАМАН АУРУ АТАҒАН ОБЫР ДЕРТІ ЖАЙЛЫ МӘЛІМЕТТЕР ЖАН ТҮРШІКТІРЕДІ. СОҢҒЫ 20 ЖЫЛДА ҚАЗАҚСТАНДА ҚАТЕРЛІ ІСІКПЕН СЫРҚАТТАНУШЫЛАР 8 ПАЙЫЗҒА ӨСКЕН. ЕҢ ҚОРҚЫНЫШТЫСЫ, ЕМДЕЛУІ ҚИЫН БҰЛ ДЕРТ ЕҢБЕККЕ ҚАБІЛЕТТІ 18 БЕН 60 ЖАСТАҒЫ АДАМДАРҒА АУЫЗ САЛУДА. ҚАТЕРЛІ ДЕРТТЕН ҚАЙТЫС БОЛАТЫНДАРДЫҢ ДА САНЫ КӨП. ОСЫ СЫРҚАТТАН ЖЫЛ САЙЫН РЕСПУБЛИКАДА 14 МЫҢ АДАМ ӨМІРМЕН ҚОШТАСАДЫ ЕКЕН.

Соңғы он жылда 160 мың адам осы сырқатпен дүниеден озған. Бұл бір қаланың тұрғындарына тең адам саны. Өлімнің негізгі себептері өкпе, асқазан және сүт безінің обыры болып отыр. Онкологиялық дертке шалдығушылар әсіресе Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында көп. Ал, олардың ішінде емделіп жазылатындары айтарлықтай емес. Ем алғандардың 51 пайызы ғана бес жылдан аса өмір сүреді екен. Ал, өзге елдерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Яғни, бізде обыр ауруының алдын алып, емдеу деңгейі әлемдік стандарттан төмен деген сөз. Неге? Обыр ауруына қатысты осы және өзге де көкейкесті сауалдар жуырда Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында сөз болды.Отырыста айтылғандай, елімізде обыр дертіне қатысты екі-үш бағдарлама жасалып, оларды жүзеге асыру үшін 80 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Жиында баяндама жасаған еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, осы шаралардың арқасында өлімді 100 мың халыққа шаққанда 102,4-тен 95,8ге дейін төмендетуге, ерте сатыда анықтау деңгейін 50,1 пайыздан 53,5 пайызға дейін
жеткізуге мүмкіндік туған. Халықаралық сарапшылардың ұсынымдарына сәйкес, сырқатты ерте диагностикалау көрсеткіші өзгертілді. Обырмен ауырғандарға көмек көрсету деңгейі де артып келеді. Министр өз баяндамасында олардың біразы жайлы мағлұмат берді. Солардың бірқатарына тоқталсақ, мәселен, елімізде ересек халыққа онкологиялық көмек үш деңгейде көрсетіледі. Біріншісін амбулаториялық-емханалық деңгейде онкологиялық ауруларды ерте анықтау, диагнозды қою кезінде, сондай-ақ, диспансерлік байқауда амбулаториялық деңгейде қызмет көрсету мақсатында 405 онколог кабинеті және 1604 қарау кабинеті жүзеге асырады. Екіншісі, яғни қатерлі ісіктермен ауыратын науқастарға медициналық көмек 16 өңірлік онкологиялық диспансер және Ақтөбе, Жезқазған, Шымкент, Көкшетау қалаларында көпбейінді ауруханалардағы төрт онкологиялық бөлімшеде көрсетіледі. Үшінші деңгейдегі медициналық көмекті Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығы береді. 2018 жылы Астана қаласында томотерапия орталығының ашылуы, Ұлттық ғылыми онкология орталығындағы протон орталығы және үш сәулелі терапия аппараты іске қосылған. Министр бұл мәселедегі кемшіліктерді де жасырмады. Оның сөзінше, қатерлі ісікті емдеп жазудың басты кепілдіктерінің бірі – сырқатты ерте анықтау деңгейі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бұған онкологиялық скринингтермен қамту пайызының төмендігі, диагностикалаудың жоғары технологиялық әдістерінің және инновациялық емдеудің, оның ішінде, сәулелік терапияға толыққанды қол- жетпеушілік, онкологиялық науқастарды емдеу мен байқауды толық көрсету үшін медициналық ақпараттық жүйелердің талапқа сай интеграцияланбауы, жаңа технологиялар
саласында жеке ғылыми базаның және дайындаудың жеткіліксіздігі себеп. Ал, ісікке қарсы емдеудің негізгі компоненттерінің бірі – cәулелік терапиямен қамту бар болғаны 20 пайыз деңгейінде. Бұл көрсеткіш дамыған елдерде 60-75 пайыз екен. Онкологиялық көмек көрсетудің тиімділігі елдегі профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға байланысты болса, Қазақстандағы бұл шараға арналған шығынды айтпағанда, жалпы денсаулық
сақтау саласының қаржыландырылуы әлемдік деңгейден екі жарым есеге төмен. Осыдан обырға шалдыққандар дәрімен толық қамтамасыз етілмей отыр. 2019 жылы онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеудің 30 жаңа хаттамасы қайта қаралды, 25 жаңа таргеттік және иммуноонкологиялық препарат енгізілді. Оларға жыл сайын 5,6 миллиардтан
8 миллиард теңге көлемінде қосымша қаржы қажет. Науқастарды ауруханалық төсекпен қамтамасыз ету де төменгі деңгейде. Бұл көрсеткіш мың адамға шаққанда 15-тен келіп отыр. Онколог мамандардың тапшылығы да өзекті мәселе. Ел көлеміндегі олардың бос штат бірлігі 126,5 болып отыр. Мамандарға, әсіресе, Қостанай, Павлодар, Алматы облыстары, Астана және Шымкент қалаларындағы емханалар зәру. Бұған сөз алған депутаттар да айрықша назар аудартты. Солардың бірі депутат Гүлнар Ықсанова онкологтардың жетіспеушілігін жалақының аздығымен байланыстырды. Бұл мамандар емханаларда учаскелік терапевтпен бірдей жалақы алады екен. Содан олар қосымша ақы төленіп, ынталандырылатын мамандандырылған емханаларды таңдайды. Жай емханаларда жұмыс істейтін онкологтар бұл міндетті өзге саламен қосып атқарады. Обырмен ауыратындар саны бойынша
республикада ең алдыңғы орында тұрған Алматыдағы емханалардың 58 пайызында
мамандар осылай жұмыс істеуге мәжбүр. Жыл сайын 4 мың адам обырға шалдығатын бұл шаһарда бүгінде 20 мыңнан астам сырқат бақылауда тұр. Мамандар, сонымен қатар, Астана мен Алматыда ғана жұмыс істеуге ынталы. Былтыр оқу орнын бітірген жүз маманның жартысы ғана өңірлерге орналастырылған. Онкохиругтар да жетіспейді. Бұл кадр бойынша мақсатты резидентура жоқ. Медициналық жоғары оқу орындарында онколог терапевтер мен жалпы хирургтерді ғана дайындайды. Онколог хирург болу үшін үш айлық курстан өту қарастырылған. Бұл толыққанды маман болуға жеткіліксіз. Сондықтан, жалпы хирургия
бойынша резидентураға онкохирургтің мақсатты тобын енгізу қажет. Депутаттар сырқаттың алдын алу деңгейінің төмендігіне қатысты да өз ойларын ортаға салды. Олардың айтуынша,
онкология сырқаттардың 40 пайызында соңғы сатысында анықталған. Бұл дертті дер кезінде диагностикалауға скринингпен алдын ала тексеруде қол жетсе, ауылдық жерлердегі халықтың жарты сынан астамының оған қамтылуы қиын. Өйткені, 475 елді мекенде медициналық ұйым жоқ. Демек, елу мыңнан сексен мыңға дейін адам тұратын ауылдарда
скринигтер өткізілмейді. Тұрғындар бұл шараның ақысыз өткізілетінінен жеткілікті хабардар емес. Аудандардағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтарында ешқандай дайындығы, материалдық-техникалық базасы жоқ команда жұмыс істеуде. Сондықтан, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесінің нормативтерін қайта қарау керек. Сондай-ақ, медициналық қызметкерлердің онкоқырағылығын арттыру өзекті тұр. Тек көзбен көріп, тексергенге сену қажет емес. Шетелдерде бұл ауруға бейімділік қанның онкомаркерлері арқылы анықталады. Халық қалаулылары технологиялық әдіспен ауруды анықтау деңгейіне қатысты да сын пікір айтты. Олардың мәлімдеуінше, елімізде сәулелі емдеу бар болғаны бес заманауи аппаратпен ұсынылады. Қалғандары тозған. Осыдан жыл сайын кем дегенде 10 мыңға жуық сырқат сәулелі емдеуден сырт қалады. Сегіз өңірде ауруды анықтау аппараттары  ескірген. Төрт өңірдегі, оның ішінде, Астанадағы маммографтың да тозығы жеткен. Жалпы, онкологиялық емдеу жүйесіндегі құрал-жабдықтар
паркін тұтастай жетілдіру керек. Өйткені, жабдықтарды жөндеу ұзақ әрі жабық жағдайда жүзеге асырылады. Олар кейде жабдықты сатып алғаннан қымбатқа түседі. Бұл орталықтандырылған аппараттарды жөндеу қызметін де құру қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар, ядролық медицинаны құру үшін медициналық және медициналық емес кадрлар
дайындау өзекті мәселе болып отыр. Онкология саласының бас ауруына айналған бұл мәселелер тұтастай денсаулық сақтау ісінің проблемасы. Сондықтан да елімізде сырқатқа дауаны шетелден іздеу қалыпты үрдіске айналып бара жатыр. Жағдайы келмегендер елден жылу жинайды. Бүгінде әлеуметтік желілерде шетелде ем алуға ақша сұраушылар көп. Жиында бұл жайында да айтылды. Депутаттардың бірі аймақтардағы «сақалды құрылысқа»
айналған онкологиялық емдеу орындарын салуға миллиардтап ақша бөлгенше, шетелде емделу үшін квота санын көбейту керек деген пікір қосты. Бұған министр мырза мұндай көмек тек елімізде емдеу мүмкіндігі жоқ сырқаттарға берілетінін, шетелде емделгісі келетіндердің барлығының тілегін орындау отандық медицинаның дамуын, мүмкіндігін тежейтінін айтты.
Дұрыс-ақ. Егер ем сапалы болып, мамандар сырқаттарға білікті көмек көрсетіп жатса, бұған еш дау жоқ. Бүгінде ауруханаға аяқпен барып табытпен қайту жағдайы көбейіп отырғанда, жұртшылықтың шетелде емделуге деген құштарлығына отандық медицинаның мүддесі тұрғысынан қарау қаншалықты қисынды?! Министр осы жиында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының тармақтарын іске асыру үшін қолға алынған «Қазақстан Республикасында дербестендірілген және превентивті медицинаны енгізудің 2019–2021 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасына» бастамашы болып отырғанын айтты. Демек, медицина саласын тағы бір үлкен өзгеріс күтіп тұр. Алайда, одан бұл саланың ауған көші түзелеріне сену қиын. Бізге осындай жалаулатқан ауқымды шаралардан гөрі ақ халатты жандардың айлық табысын, әлеуметтік жағдайын дұрыстау қажет секілді. Өйткені, дәрігерлер арасында алдындағы сырқатқа біреудің жары, біреудің баласы, біреудің әкесі, біреудің анасы ретінде қарап, оның артында тұтас бір әулеттің тағдыры тұрғанын сезінетіндер азайып барады. Олар үшін адам өмірі бизнеске, табыстың көзіне айналып бара жатқандай. «Ораза, намаз – тоқтықта» дегендей, Гиппократ анты ақ халаттылар үшін күн-көрістің көлеңкесінде қалғандай көрінеді.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий