Саясат | Политика

Ұсталған әкім үшін Сағынтаев отставкіге арыз жаза ма?

Алматы қаласы Алатау ауданының экс-әкімі мен оның орынбасарының жемқорлық күдігіне іліккені бүгінде ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналып тұр.

«Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі, оның орынбасары, сондай-ақ осы аудан әкімі аппараты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысын әшкереледі. Олар 2019 жылы «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаражатын ірі мөлшерде ұрлады деген күдікке ілінді», – делінген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ, ведомство мәліметінше, аудан әкімінің орынбасары жалпы қамқорлығы үшін және қызметтік жалған әрекет жасау арқылы орындалған жұмыстар актілеріне нақты орындалмаған жұмыстардың атқарылғандығы туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізу жолымен мердігер ұйымның өкілінен 500 мың теңге сомасында параны карточкалық шотқа банктік аудару арқылы алу фактісі бойынша тергеліп жатыр.

«Аудан әкімі мен оның орынбасары ұсталып, Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешілуде», – делінген таратылған ақпаратта.

Ал әкімдіктің мәдениет бөлімінің басшысы кінәсін мойындауына және мен оның қорғаушысының келу туралы міндеттеме беруіне байланысты процессуалдық ұстау шарасы қолданылған жоқ.

Құзырлы орган нақты түрде «аудан әкімі» деп отыр. Алайда бұған дейін ақпарат құралдарында Алатау ауданының әкімі Ш. Рыспаевтың өз өтінішімен қызметінен кеткені, оның орнына Алматы қаласы әкімінің өкімімен, Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Азамат Қалдыбековтың тағайындалғаны хабарланған еді. Сонда Рыспаев қызметінен ұсталғанға дейін кетіп қалған ба? Олай болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет неге «аудан әкімі» деген ақпарат таратып отыр?

Бұл сұрақтың неден туындап отырғаны айтпаса да түсінікті сияқты. Былтыр желтоқсанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдарға өзгеріс енгізілді. Сол өзгеріс бойынша аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса, одан жоғары тұрған лауазым иесі отставкіге арыз жазады.  Ұсталған Рыспаев үшін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың отставкіге арыз жазуы мүмкін бе?   

Әрине, айыпталушының кінәсі дәлелденбейінше, оған қатысты үкім шығып, ол заңды күшіне енбейінше, алдын ала асығыс сөз айтуға болмайды. Дегенмен…

Бізге белгілі болған мәліметтерге қарағанда, Шахмерден Рыспаев  Алатау ауданының әкімі болып 2017 жылдың шілдесінде сол кездегі әкім, бүгінде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары  Бауыржан Байбектің өкімімен тағайындалған. Бір қызығы, бұл қызметті Рыспаевқа дейін Бағдат Манзоров атқарған. Ол сол кезде  Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет- құрылыс бақылау басқармасының басшысы болып өсіп кеткен екен. Бағдат Манзоровтың кейінірек Алматы облысы әкімінің орынбасары болып ауысып, былтыр пара алды деген күдікпен ұсталғаны, артынша оған тағылған айыптардың алынып, қылмыстық істің қысқартылғаны белгілі.

 

 

Oinet.kz

Комментарий