Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Браконьерлер бой бермей тұр

2017 жылы Үкімет қаулысымен әр жыл сайын 16 ақпан мен 14 маусым аралығында көктемгі аңшылыққа тыйым салу жөнінде 2021 жылға дейін мораторий белгіленген болатын. Үкіметтің мұндай қадамға баруына бір топ депутаттың сол кездегі Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа сауал жолдап, соңғы жылдары заңсыз аңшылық жасайтын браконьерлер көбейіп, аң, құс пен балықты қынадай қырып жатқандарына алаңдаушылық білдіруі негіз болған еді.

Мәселен, соңғы жылдардың статистикалық деректеріне көз жүгіртсек, 2015 жылы заңсыз аң аулаудың 636, ал 2016 жылы 758 фактісі тіркелген. 2017 жылы елімізде заңсыз аң аулау бойынша рекордтық көрсеткіш орнаған. Табиғат қорғау инспекторлары ұстаған браконьерлер
туралы 4774 хаттама толтырып, 4643 адам әкімшілік, 30 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Сонымен қатар, 51 қару тәркіленіп, аңшылар 2,5 млн теңге айыппұл төлеген. Бұл әрине, ұсталғандары, тіркелгендері. Ал, қаншасы «бармақ басты, көз қыстымен» жабулы күйі қалды десеңізші.?! Өйткені, біздің елде мұндай деректер жиі орын алатыны жасырын
емес. Бұған Бас прокуратураның жақында жариялаған дерегі дәлел. Онда Маңғыстау және Атырау облыстарында ұсталған браконьерлерді жергілікті жердегі учаскелік полиция қызметкерлері «қамқорлықтарына» алып, әрекеттерін бүркемелеп келгені айтылды. Олар заңсыз балық аулаған, аң, құсты атқан. Бұдан да сорақысы 2019 жылдың 17 наурызында орын алды. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, Ақмола және Қарағанды облыстарының аумағында жүздеген ақбөкеннің денесі табылған. Арнайы іздестіру тобы
құрылып, олар жедел іздестіру барысында күдіктілерді ұстаған. Масқара болғанда, олардың қатарында Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары да бар. Бұл енді қасқырға қой бақтырғандай жағдай болып отыр. Осы жылдың басында ғана Қарағанды облысы аумағында осы «Охотзоопром» мекемесінің инспекторы Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің қолынан қаза тапқаны белгілі. Кейін Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Е.Нұрғалиевтің әрекетін ерлікке балап, 3-ші дәрежелі «Барыс» орденімен мараппаттады. Ал, жақындағы заңсыз оқиғада инспекторлардың қандықолдармен ауыз жаласуы олардың әріптестерінің атына кір келтіріп тұр. Күдіктілер тергеліп, тексеріліп, жазасын алар. Алайда, жүздеген ақбөкенді енді тірілте алмаймыз. Олардың қаншамасы
буаз, жақын күндері төлдейтінін есептесек, қандықолдардың тартар жазасы да ауырлай түсуі тиіс… Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің белгілеуі бойынша, елімізде сүтқоректілердің – 34, құстардың – 59, балықтардың – 70 түрін арнайы рұқсатпен аулау енгізілген. Тек заң бойынша белгіленген аңшылық нысанда аулануы тиіс аңдардың тізімінде бұғы, аю, сібір тау ешкісі, елік, доңыз, борсық, суыр, түлкі, қасқыр бар. Ал құстардан кекілік, шіл, құр, қырғауыл, қаз және үйректің барлық түріне аңшылық етуге рұқсат берілген. «Заң бойынша белгіленген аңшылық нысаны» дейтін себебіміз, бүгінде Қазақстан аумағында 690 аңшылық шаруашылық тіркелген. Мұның сыртында аң аулауға барлық маусымда мүлде тыйым салынған мемлекеттік қорықтарымыз да бар. Өкінішке қарай, жоғарыда айтылған
690 аңшылық шаруашылық өкілдері көктемгі аңшылыққа тыйым салған Үкімет қаулысына қарсы болып отыр. Олар енді депутаттар арасынан өздерінің сойылдарын соғушыларды тауып, Үкіметтің жоғарыдағы Қаулысының күшін жоймаққа әрекет етуде. Бұл олардың балық, аң, құстың қаны мен одан түсетін қарыжысына құныққанын көрсетсе керек. Егер балық,
аң, құсқа да сәл ғана жанашырлықпен қарар болса, көктемде құстар жұмыртқа басып, аңдар төлдеп, балық уылдырық шашады емес пе? Яғни, осынау тіршілік иелерінің де көбею процесі жүреді. Ал, шаруашылықтарындағы аң, құс пен балықтың көбейгені оларға да дұрыс емес пе? Болашақ ұрпаққа да табиғат байлығын қалдыруды неге ойламаймыз дейсің, еріксіз.
Табиғат жанашырларының бақылауы мен зерттеуіне қарағанда, тыйым салынған 2 жылдың ішінде ғана құстардың көбеюі байқалған. Бұл жөнінде Алматы мемлекеттік табиғи қаумалдығы кешені директорының орынбасары Жұмат Оспанұлының айтуынша, соңғы 2 жылда қорық аумағына мылтық асынып кіретін браконьерлер анағұрлым қысқарған.
Соның нәтижесінде аңдар туристерден үрікпей, олардың суретке түсіруіне мүмкіндік туындаған. Бұл енді жақсы жетістіктің нышаны. Егер осы мораторийдің уақытын 10 жылға дейін созар болсақ, балық пен аң, құсты қазіргі деңгейден де көбейтуге мүмкіндік тумақ.
Қазіргі таңда елімізде мылтық қолдануға рұқсат алған 150 мыңнан астам әуесқой және кәсіпқой аңшы тіркеліпті. Оларда кемінде 2 мылтық, көбінде 5-6 отты қарудан бар екен. Оптикалы бұл қарулардың алды 1,5 шақырымдағы аңды қағып түсуге қауқарлы. Мұның
сыртында жол талғамайтын көліктер мен әуеден ажал сеуіп келетін тікұшақтарды
пайдаланған браконьерлерге ерік берсең, болашаққа жыбарлаған тірішілік иелерін қалдырар түрі жоқ. Сондықтан, заң шығарушы органдар қандықолдарға қатысты заңды қатайтып, заңсыз аң, құс аулағандарды бас бостандығынан айыруға дейін жаза тағайындауы қажет. Әйтпесе, бүгін айыппұлын төлеп, ертең заңсыз әрекетін жалғастыратындар тыйылмай тұр.
Нұрболат АБАЙҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий