Құқық | Право

Жанділдә ЖАҚЫПОВ, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» РҚБ Президенті, «Қазақстан медиаторлары қауымдастығы» ЗТБ Бас директоры: «Билік пен қоғам арасындағы алтын көпір»

– Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қоғамдағы рөлі қандай?
– Үкіметтік емес ұйым бұл билік пен қоғамды байланыстыратын алтын көпір. Әлемдік тәжірибеге үңілсек те, өз тәжірибемізге ден қойсақ та осыған көз жеткізуге болады. ҮЕҰ-ның азаматтық, демократиялық қоғамды дамытудағы алар орны да, атқарар рөлі де зор. Бағымызға орай, елімізде қоғамдық ұйымдарға, қайырымдылық қорларына, партиялар мен кәсіподақ ұйымдарына және басқа коммерциялық емес ұйымдарға деген көзқарас жылданжылға жақсарып келеді. Әсіресе, соңғы онжылдықта мемлекет тарапынан ҮЕҰ-ның қызметіне қолдау көрсету мәселесі оң жолға қойылды. Осының бір жарқын мысалы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыстарды айтуға болады. Мысалы, бұрын белгілі бір мемлекеттік орган өзінен жоғары тұрған органдарға есеп беріп, өз қазандарында өздері қайнап жататын. Сондықтан, олардың ішкі жұмысынан қоғам бейхабар еді. Тіпті, олар қандай қыруар шаруалардың басын қайырып жатыр? Қандай жетістіктері немесе кемшіліктері мен қиындықтары бар деген сауалға былайғы жұрт жауап бере алмайтын. Бүгінде Елбасының осы мәселеге назар аударуының арқасында мемлекеттік билікке тиесілі кейбір функциялар қоғамдық бірлестіктерге беріліп, нәтижесінде мемлекеттік мекемелердің қызмет сапасын арттыру, ашықтығын қамтамасыз ету, бағалау, жүктемесін азайтуға қол жеткізіліп отыр. Ең бастысы, мемлекеттік органдар мен қоғам арасында байланыс орнап, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарды билікке жеткізу мүмкіндігі арта түсті. Бұл мүмкіндіктер «100 нақты
қадам» Ұлт жоспарының 99-қадамында қарастырылған. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестердің құрылуы осының дәлелі. Тіпті, мұндай қоғамдық кеңестерді қазір министрліктердің де жанынан табуға болады. Сол сияқты, кейінгі кезде кәсіподақ
ұйымдарының жұмысына жан біткенін өздеріңіз де аңғарып жүрген боларсыздар. Тағы бір астын сызып айта кетерлік жетістік, қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері мен мәртебесін заңмен бекіту мәселесі де өз шешімін табуда. Сосын, бұрын ҮЕҰ ешқандай министрліктің қарамағына кірмейтін. Соңғы жылдары қоғамдық ұйымдар алдымен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің, ал, қазір ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қарамағына өтті. Осылай министрліктің қанатының астына өтуіміз біздің қызметіміздің дамуына тың серпін берді. Барлық проблемамыз осы министрліктің пәрменімен шешілуде. Әсіресе, Асылбек Қожахметов сынды қоғам қайраткерінің «Қазақстан Азаматтық
альянсына» президент болып сайлануы, Айдос Сарымның қоғамдық даму министрінің штаттан тыс кеңесшісі болуы бізді қуантып тастады. Өйткені, бұл азаматтар қоғам белсенділері ғана емес, сол қоғамның кез келген мәселесімен етене таныс, оны билікке жеткізе алатын азаматтар.
Сіздің алыс-жақын мемлекеттерді аралап, шетелдегі әріптестеріңізбен жиі тәжірибе алмасатыныңызды білеміз. Енді біздегі қоғамдық бірлестіктердің даму қарқынын өзге елдермен салыстырғанда қандай айырмашылық көресіз?
– Әрине, кез келген қоғам белсендісі өзі өмір сүріп жатқан қоғамның аяқ алысына, дамуына, сұранысына және басқасына нақты баға беру үшін оны өзгелермен салыстырады. Бізде не бар, оларда не бар немесе жоқ деген сияқты. Ғылымда «сызықтың түзу екенін білу үшін оны қисық сызықпен салыстыр» деген сөз бар. Мен шетелдерге барғанда да, бізге келген шетелдіктермен әңгімелескен кезде де оларға өзімді қызықтырған сұрақтарды қойып,
үнемі салыстырып жүремін. Салыстырмалы түрде алғанда, біздің ауыз толтырып айтарлықтай артықшылықтарымыз аз емес. Мысалы, Варшавадағы ЕҚЫҰның (ОБСЕ) жыл сайын өтетін ашық отырысына қатысқан кезде біздің елде жағдайдың өте жақсы екеніне көз жеткізіп, Үкіметімізге риза болдым. ТМД көлемінде де көш бастап тұрмыз. Сондықтан, анау
жетпейді, мынау болмайды деп аузымызды қу шөппен сүрткеніміз жарамас. Жуырда
Қарғызстанға барып келдім. Ол жақтағы медиатор әріптестерімнен «сіздерге мемлекет тарапынан мамандар бөліне ме?» деп сұрап едім, олар алғашында менің сұрағымды түсінбей қалды. Кейін мен бізде мемлекеттік қолдаумен мамандар бөлінетінін және оған жалақыны мемлекет төлейтінін айттым. Қырғыз әріптестерім бұл тәжірибеміз жайлы естігенде қатты таңданып, қызығып қалды.
– Қалай жүзеге асатынын тарқатып айтып беріңізші.
– Бұл Үкіметтің арнайы Жол картасы аясында жүзеге асады. Атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Жұмыспен қамту–2020» сынды бағдарламалар бойынша Үкімет біздің сұранысымызға сай мамандарды жібереді. Әсіресе, қолында су жаңа дипломы бар жастар өздерінің алғашқы еңбек жолын қоғамдық бірлестіктерден бастаймын десе, Үкімет оны
қолдауға дайын. Тіпті, біз секілді коммерциялық емес ұйымдарда біраз уақыт
жұмыс істегеннен кейін кеткілері келмей қалатындары да жетерлік.
– Ресми тіркелген қоғамдық бірлестіктер мен түрлі ҮЕҰ-дың саны 22 мыңнан асып жығылса, оның 14 мыңы ғана белсенді жұмыс істеп тұрған көрінеді. Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам құруды көздеген Қазақстан үшін бұл аз ба, көп пе?
– Меніңше, мәселе олардың санының аз немесе көптігінде емес. Аз болса да, сапаға көбірек көңіл бөлген жөн. Осы жерде еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың қызметінде кездесетін қиындықтарды да айта кетудің реті келіп тұрған сияқты. Жалпы, ҮЕҰ-лар мемлекетке есеп береді. Қоғамдық бірлестік, ұйымдарды ашу барысында бірқатар проблема кездеседі. Ең бірінші талап сол қоғамдық бірлестікке мүше болатын 10 адам табу. Сол адамдардың жеке басына қатысты құжаттары, өтініштері, хаттама, тағы басқа қағаздарды жинап,
оны тіркеуге беру де оңай шаруа емес. Осы кезде мемлекетке 15 000 теңге көлемінде
төлем төлеу тағы бар. Қарап отырсаңыз, бұл ұйым немесе бірлестік коммерциялық
мақсатта ашылып жатқан жоқ. Оның табыс көзі де, қандай да бір материалдық қызығушылығы да жоқ. Ниеттері қоғамға пайдалы іс жасау, көмектесу. Солай бола тұра, тиісті төлемді төлеу міндеттелген. Жарайды, он адам тауып, ақшаны төлеп, қоғамдық бірлестікті заңды тіркеуге қойдыңыз дейік. Енді сіздің алдыңыздан кеңсені жалға алу, оны жабдықтау, жалақы деген үлкен проблемалар шығады. Бүгінгі нарық жағдайында сізге ешкім
қоғамдық жұмыспен айналысады екенсіз деп жеңілдік жасамайтыны тағы анық. Он
адамды тауып тіркелуден бөлек, ұйымның жарғысын қабылдау және бар. Осы жарғы
төңірегінде де айтарлықтай қиындықтар кездесетінін айта кетпеске болмас. Егер жарғыға өзгеріс енсе қайтадан құжат жинап, хаттама толтырып, Әділет департаментіне өткізуге тура келеді. Өмір болған соң әртүрлі жағдай болады. Мүшелердің бірі басқа жаққа кетіп немесе өмірден озып және басқа себептермен қоғамдық ұйымнан шығатын болса, баяғы әуре-сарсаң қайта басталады. Біреулермен байланыс үзіліп қалса да, «байланыс жоғалуы себепті» деп жиналыс жасап, хаттама толтырып, тағы да әділет органдарын жағалаймыз. Сосын, сіз сұрағыңызда 22 мың деген санды көлденең тартып отырсыз. Бұл жерде де қынжыларлық мәселенің шеті шығады. ҮЕҰ-дар өзін-өзі қаржыландыратындықтан, олардың қызмет ету
мерзімі де көбіне ұзаққа созылмайды. Өз қызметін одан әрі жалғастыру мүмкін болмаған ұйымдардың мәселесін мен «15-10-5» деп атаймын. Он бес деген ол – төлейтін салық, он деген – он мүше табу, бес деген – бес жылдық мерзімді білдіреді. Яғни, ұйымды бес жылсыз жаба алмайсың. Осы мәселені өткенде Азаматтық форумда да айттық. Жұмыс істемейтін ұйымдар ресми түрде жабылған күнге дейін тиісті салықтық міндеттерді орындайды. Мұны «бос бағандар» деп атайды. Яғни, жұмыс істемей тұрған ұйымдар ресми тіркеуден шығарылмайынша салық органдарына, статистика басқармасына ай сайын, тоқсан
сайын, жыл сайын мәліметтерді беруін жалғастырады. Олар әділет органдарында тіркеуде тұрғандықтан қағаз жүзінде жұмыс істейді деп есептеледі. Бұл дегеніміз, жоғарыдағы мыңдаған ұйымдардың арасында қағаз жүзінде қызмет етіп жатқандары да баршылық деген сөз.

Жалпы, қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар, тағы басқа коммерциялық емес ұйымдардың қаржы мәселесі қалай шешіледі? Мемлекеттен қандай да бір қолдау қарастырылған ба?
– Негізі, өзін өзі қаржыландыратын ұйымдар тынбай жұмыс істегендері абзал. Өз басым басқаруымдағы Халықаралық құқыққорғау ұйымының жұмысын тоқтатпау үшін жиі-жиі іссапарларға шығып тұрамын. Тапқан-таянғанымды ұйымға құямын. Ал, қолдауға келсек, бізге бизнес өкілдері қолдау көрсетсе, мемлекет оларға 3 пайыздық салықтық жеңілдік жасайды. Кейбір елдерде ҮЕҰ қолдау көрсеткен бизнес өкілдері салықтан толықтай босатылады. Кей мемлекеттерде кәсіпкерлер қоғамдық бірлестіктерге қанша мөлшерде
қолдау көрсетсе, сол ақшаны мемлекет қайтарып береді. Енді мемлекет тарапынан жасалатын қолдауға келсек, бұл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, шетелдік қолдаулар бар. Оған біз халықаралық қорлар арқылы қол жеткіземіз. Жалпы, халықаралық қолдаулар туралы ақпараттар елшіліктерде ашық жарияланады. Түрлі әлеуметтік жобалар жарияланып, сол бойынша байқауларға қатысып, жеңімпаздары қолдауға ие болады. Әкімдіктердегі ішкі саясат бөлімдері ҮЕҰ-ға алдын ала «қандай әлеуметтік жобалардың тақырыптарын ұсынасыздар, таңдалған тақырыптың өзектілігі неде?» деген мазмұнда сауал жібереді. ҮЕҰ-дан келген ұсыныстар мен тақырыптарды Мәслихат депутаттары қарап, бюджетін бекітеді. Тапсырысқа қатысқан ұйымдарға тиісті қаражат бөлінеді. Грант деген бар. Ол қайтарылмайтын ақша. Бірақ, сол ақшадан мемлекетке салық төлейміз. Сосын тендерге ұқсас тәртіппен бөлінетін қаржылай қолдау да бар. Ол жерде кім төмен баға айтса, сол ұтады. Мәселен, шығыны бір миллион теңге болатын жобаны біреу сегіз жүз мыңға бағалап ұтып алса, ертең ол жобаны толыққанды орындау қиындық туғызуы мүмкін. Сосын, шетелден көмек алсаңыз да, мемлекетке салық төлейсіз. Бұл жағдайда да тапсырысты жүз пайыз орындау оңайға соқпайды. Алдағы уақытта осы айтылған мәселелер ескерілер деген үмітім зор. Жалпы, екі бірдей қоғамдық ұйымды басқарып отырған қоғам белсендісі ретінде бүгінгі үкіметтік емес ұйымдардың даму қарқынына менің көңілім толады. Қоғамға жаны ашитын, оның проблемаларына бей-жай қарамайтын азаматтар елімізде аз емес. Үкіметтің де азаматтық қоғамды дамыту, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарын жоғары бағалаймын. Қоғам мен билікті біріктіретін көпір ҮЕҰ-ның қызметі бұдан әрі де дамитынына сенімдімін. Өзім бұл салаға мемлекеттік қызметтен келдім. Ұлттық қауіпсіздік комитетінен денсаулығыма байланысты отставкаға шыққаннан кейін Халықаралық құқыққорғау орталығына ауыстым. Бұрынғы әріптестерімнің көбі демалысқа шыққан соң күзет саласына кетті. Ал, мен ойлана келе, ұзақ жылдар жинаған тәжірибем мен білімімді ел
игілігіне жұмсауға бел будым. Егер мен тып-тыныш айлық алып отыратын жұмысқа шықсам, жинаған тәжірибемнің  де, білімімнің де өзімнен басқа ешкімге пайдасы болмас еді. Міне, кезінде дұрыс шешім қабылдауымның арқасында қазір қоғамның белортасында тер төгіп, қоғам белсенділерінің ерен еңбектерін өз көзіммен көріп жүрмін. Жалпы, қоғамның ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген қоғам белсенділерінің еңбегі еленіп, елінің нағыз патриоты ретінде лайықты бағасын алуы керек деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ,

Комментарий