Құқық | Право

Еңбек келісімшартынсыз жұмыс істеуге болмайды

Алматы – Қазақстандағы ірі мегаполистің бірі. Мұнда көптеген өндіріс ошақтары, кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер орналасқан. Жұмыс орындары көп болған сайын қалаға нәпақа іздеп келетін азаматтардың саны да артатыны, соған орай еңбек қатынастарында түрлі даулардың туындайтыны түсінікті.

Әсіресе, жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы келіспеушіліктердің көбі құқықтық сауаттың төмендігінен, құжаттарға салғырт қараудың кесірінен орын алатынын айта кетуіміз керек. Бұлай дейтініміз, еңбекақысын даулаған жұмысшылардың басым бөлігі жұмысқа тұрарда келісімшарт жасамайды. Ал, еңбек келісімшартын жасамаған адам өзінің жұмыс істегенін, өнімді еңбек еткенін немен дәлелдей алады? Азаматтар еңбек келісімшартын жасауға неге мән бермейді? Сауалнама көрсетіп отырғандай, олардың біразы мұндай құжаттың не екенін, қаншалықты маңызды екенін білмейді. Екіншіден, келісімшарттың қажеттілігін білгенмен, жұмыс беруші жұмысқа қабылдамай қоя ма деген қауіппен өз құқығын пайдалана бермейді. Осының кесірінен өзінің жұмыс істегені заңдастырылмағандықтан еңбек ақысына қол жеткізе алмай жүргендер қаншама?
Дұрысында, еңбек келісімшарты – жұмыс беруші мен жұмысшы арасында жасалатын жазбаша келісім. Кемінде екі данамен жасалатын келісімшарт екі тарапта да сақталады. Мұнда екі тараптың да жұмыс барысындағы міндеттері, құқығы, жұмыс кестесі, тәртібі толық көрсетіледі. Жұмысшы өзіне жүктелген міндеттерді талапқа сай атқаруы тиіс болса, жұмыс берушінің қарауындағы азаматтардың еңбек етуіне жан-жақты жағдай жасауы, еңбек қауіпсіздігін сақтауы, айлықты уақытында төлеуі керектігі арнайы заңдарда жан-жақты дәйектелген. Еңбек келісімшартын жасамаған жұмыс берушіге әкімшілік құқықбұзушылыққа жол бергені үшін жаза бар.
Сондай-ақ, мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін «Еңбек келісімшартын жасаңыздар» деген атпен республика көлемінде акция да ұйымдастырылып келеді. Мұндай шаралар жұмыс берушілерді де, жұмысшыларды да ойлантса игі.
Эльвира ОМАРБЕКОВА,
Тоғжан ҮСЕНБАЕВА,
Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мемлекеттік инспекторлары

Комментарий