Тағдыр | Судьба

ИІРІМ

Көлденеңдеп тоқтай қалған төбедей көліктен жайбарақат түскен ең жеңді жігіт бүктетіле құлады. Шеке тұсынан жылымшылап аққан қан қылқындыра галстук байланған әппақ көйлекті әп-сәтте қызыл түске бояп тастады. Марқұм қапелімде не болғанын да аңғармай қалса керек, әнтек ашылып қалған жанары маңдай тұстағы жарыққа қарап қатты да қалды.

Жұмбақ өлім

Соңынан іздейтін жоқтаушысы жоқ, қарапайым қаңғыбас емес, аудандағы сүт зауытының атын бүкіл облысқа таратып үлгерген белгілі кәсіпкер Қыдырбек Байжоловтың тосын өлімі ажалдың айтпай келетінін ұғындырғандай болды. Үлкен бизнеске апарар жолды 30-40 шақты сиыры бар фермадан бастап, айналдырған он жыл ішінде оны ірі сүт зауытына айналдырып, шаруасын дөңгеленткен Қыдырбектің көзі тірісінде кімдердің жолын кесуі мүмкін? Көпшілікті дүрліктірген істі ашуға облыстан мамандар келді. Олар оқ 300 метрдей қашықтықтағы көрші үйдің ат ақырынан атылған деп жорамал жасады. Кәсіпкердің тапсырыспен өлтірілгені белгілі. Тек қастандық кімнің айтуымен жасалған?

Осы іске сырттай болса да қатысы бар-ау деп күдік түскен адамдардан жауап алынып, сүт зауытының соңғы жылдардағы кіріс-шығысы тексерілді. Аудитор іс қағаздарын ай жарым уақыт парақтап шыққанымен, ешнәрсе таппады. Тек сүт зауытының есепшотына облыс орталығындағы үлкен корпорациядан қомақты ақша аударылғанымен қаражаттың қайда жұмсалғаны белгісіз. Жіптің ұшы облыс орталығындағы ауқатты адам басқаратын корпорацияға жетелеген. Прокурордың өзі Мәлікбайдың атын естігенде маңдайы тершіп, қопаңдап қалды.

– Қателесіп отырған жоқсың ба,-деді ол Кенжебекке шұқшия қарап. –Абайла, Мәкеңнің құрығы ұзын… Ұятқа қалып жүрмейік.

Кенжебектің бұрын атын естігені болмаса, сөйлеген сайын оң қабағының үсті діріл қағып отыратын Мәлікбайды алғаш көруі. Ол қарапайым адамдар секілді прокуратураның атын естігенде қипақтап, абыржыған жоқ, сұп-сұр өңін өзгертпеген қалпы «ал енді не айтасың» дегендей Кенжебектің жүзіне тіктеп қарады.

– Марқұм жақсы бала еді,-деді ол. – Ажал ғой…Көзіңнің тірі кезіңде қу дүниенің соңынан алаөкпе болып қуып жүресің де, талқаның таусылған күні тірліктен бархадар таппай тұңғиыққа аттанып кете барасың. Осыдан кейін Мәлікбай Кенжебектің шаруасына көшті.

– Иә…. айтпақшы, «Сұңқар» копорациясы жүз миллион теңгені сүт зауытына аударыпты дейсің бе? Қызық екен? Баяғының ОБХС-тері ақша алған жерді тексеруші еді, прокуратураның қаржы аударған мекемені төңіректегенін бірінші рет көруім. Жә, жарайды… Мәлікбай алдындағы түймешені басып еді, есіктен сәнді киінген жас келіншек кіріп келген.

– Рита Кенжәлиевна, сүт зауытына жүз миллион теңгенің аударылғанын мен қалайша білмеймін, әлде бәрің беттеріңмен кеттіңдер ме? Әдемі келіншек мұндайды күтпесе керек, төмен қарады.

– Мына жігітке, есебін тауып беріңіз, ал менің тығыз шаруам бар,- деді ол сосын алақанын жайып.

Рита Кенжеәлиева да ақшаның бір шоттан екінші шотқа аудырылғанын растағанымен, қаржының не үшін сүт зауытының қоржынына түскенін дәлелдеп бере алмады.

– Бастық айтты біз орындадық! Көрдіңіз ғой, ол кісінің қолы тұр. Сүйкімді келіншек найзадай кірпігін төмен түсірді.

Күмән

Ертесіне Кенжебекті облыс прокуроры шақырған.

– Істі қаржы полициясына өткізіңіз. Ақша мәселесімен солар айналыссын.

– Ау, Әбеке, дей беріп еді, ол «айттым, бітті» дегендей қолын сілтеді. Кенжебек жоғары жақтағы ықпалды адамнан пәрмен түскенін түсінді.

Бөлмесіне келіп, сотқа өткізетін істерді қарай бергені сол еді, полицияның жедел іздестіру бөліміндегілер телефон шалды:

– Кенжеке, «Сұңқар» корпорациясының бас есепшісі Рита Кенжәлиеваның жансыз денесі үйінен табылды.

Тергеу тобы оқиға болған жерге жеткенде тергеуші хаттама толтырып, криминалист саусақ іздерін түсіріп, жұмыстарын аяқтап қалған екен. Үстел үстінде екі бокал тұр. «Ританың жанында болған кім?» Тұс-тұстан қаумалаған сауалдарға сот сараптамасының қорытындысы жауап берді. «Рита Кенжәлиеваның өлімі шарапқа қосылған клофейннің қан қысымын күрт көтеріп жібергенінен болған». Күмән көбейді. Кенжебек бас есепшінің тосын қазасының ұшы Қыдырбек Байжоловтың өлімімен сабақтасып жоқ па деп ойлап қойды. Тіпті қомақты қаржы бас есепші арқылы сүт фермасының есепшотына аударылған күннің өзінде бұл жерде марқұмның қандай жазығы бар? Көп күмәннің ортасында қалған Кенжебек жұмбақтың шетін тағы да ауылдан іздемек болған.

Сүт зауытының бас есепшісі Бердібек едәуір күттіріп барып келді.

– Қай көгермегірдің әкеліп жүргенін, қазір осы ауылда екінің бірі шөп орап шегеді, бойын үйретіп алғандары инеге отырады. Мына тажал талқанымызды шығарып бітті. Есірткі дегеніңіз түбі көрінбейтін оқпанға айналып барады. Бұған тоқтау бола ма, жоқ па? Полицияға айтсаң ұстап жатырмыз дейді. Әлде оны тоқтатуға полицияның бастығы Шалабаевтың шамасы жетпей ме? Айтсаң, тыңдамайды. Прокуратура қайда қарайды?

Бердібек тоқтай бергенде прокурор негізгі шаруасына көшті.

– «Сұңқар» корпорациясынан сүт зауытының есепшотына аударылған жүз миллион теңгенің есебін таппай отырмыз, есеп-қисаптың адамысыз, одан сіздің бейхабар болуыңыз мүмкін емес, ақша қайда жұмсалды?

– Оны Қыдырбек марқұмның өзі қолма-қол ақшаға айналдырып алып кеткен. Бастық айтты, мен орындадым, біз кішкентай адамбыз ғой. Бердібек қалбалақтап, қалтасынан темекі алып тұтатты.

Есепшінің сөзінен кейін Кенжебек сұрау салғанда жыл ішінде есірткі пайдаланғаны үшін ауданда елу адамның жауапқа тартылғанын естіп, бас шайқады.

– Неге көп?

– Енді …қолдан келгенін жасап жатырмыз,-деп ақталды аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Ахмет Шалабаев алақанын жайып.

Кенжебек есірткі қолданғаны үшін сотталғандардың прокуратурада сақталған қадағалау істерімен танысып шықты. Барлығы да бір сарынды. Жеке басы үшін пайдаланған. Кейбірі есірткіні жолдан тауып алған. «Мұның ауданға жеткізілетін арнасы қайда»? Жедел уәкілдермен сөйлесіп, сыр суыртпақтап көріп еді, олар да ішкі істер басқармасы бастығының сөзін қайталады. Толтырылған хаттамаларда «Қисық» деген есім жиі кездескенмен неге екені белгісіз одан жауап алынбаған. Әлде оның іске қатысы жоқ па?

– «Қисық» деген кім,-деп сұрады аудан прокурорынан.

– Ә, ол Хисмет Бектұрғанов қой,-деді аудан прокуроры.– Лақап аты «Қисық». Бұрын есірткі үшін екі мәрте сотталған. Қазір тауда мал бағады. Тексергенбіз, күдіктенетіндей бөтен тірлігін таба алмадық.

Саңылау

Хисметтің үйі тауға апаратын жылан жолдың тұмсық тірейтін жеріне орналасқан екен. Қыстау деген аты болмаса, қызыл кірпіштен өріліп салынған екі қабатты үй мен заманауи үлгімен тұрғызылған қора кішігірім фермаға көбірек ұқсайды. Есіктің алдында қаңтарулы тұрған екі төбедей джип пен бес алты шет ел көлігі Хисметтің жаман тұрмайтынын аңғартқандай.

– Шаруашылықтың жағдайы осы,-деп таныстырды Хисмет бұлармен танысқан соң. – Осында бес жүз сиыр бар, бұрын Қыдырбек ағамыз бар кезде сүтті қайда өткіземіз деп уайымдамаушы едік, енді тапсыратын жер таппай қиналып отырмыз. Облыс орталығы шалғай, жеткенше өнім бүлініп кетеді. Шіркін қандай адам еді, –  деп қойды.

– Апырмай, мынандай қауындар мен көкөністерді қайдан алдыртасыз,-деді есік алдындағы қол арбаға тиелген сап сары қауындар мен теңкиген қарбыздарды көрсетіп. Хисмет лекіте күліп алды.

– Кенжеке-ау, мынандай заманда кім тегін әкеліп аузыңа тосады дейсің. Таудың үстіндегі жонда елу гектар жерім бар, қауын-қарбыз егемін, балалар көкті сағынады ғой, –деп қойды.

Бірақ, жерді көргісі келген Кенжебекке түрлі сылтау айтқан Хисмет бұл тақырыпты жылы жауып қоя салған. Сөздің кәдімгідей әсер еткенін байқаған прокурор «Неге қашқақтады екен» деп ойлады.

…Көрші ауданның құқық қорғау органдары басқа облысқа жол тартып бара жатқан ірі көлемдегі есірткі тасымалымен айналысатын топты қолға түсірмегенде жылдар бойы тамырын тереңге тартқан бұл қылмыстың құпиясы ашылмай, тасада қалып кететіні ақиқат еді. Күдіктілерден жауап алуға Кенжебектің өзі қатысты. Топ жетекшісі лақап аты «Гафур» Ғалым Шаймерденов ә дегенде түрлі бұлтаққа салды. Кенжебек ірі көлемдегі есірткі тасымалы үшін ғана ауыр жаза күтіп тұрғанын айтқан кезде ғана:

– Егер шындықты айтсам, сотта ескеріле ме, – деп сұрады.

– Тергеуге көмек көрсеткеніңіз міндетті түрде қаперге алынады,-деді Кенжебек.

– Маған сенбейтін шығарсыз, бірақ таң қалмаңыз, бұл істің басында аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Ахмет Шалабаев тұр, қалғанынан хабарым жоқ. Олар Хисмет екеуі қаладан қаңғыбастарды әкеліп, таудың ішіндегі қауындықтың ортасына жасырын көкнәр ектіріп отыр. Қажет десеңіз алқаптың қай жерде екенін көрсетіп те бере аламын, – деді ол.

Есірткі қайдан?

Мұндай ақпарат таңертеңгі мәліметтермен бүкіл ішкі істер органдарына хабарланып қойғандықтан операцияны кешеуілдетуге болмайтын еді. Нақты дәлел болмағандықтан Ахмет Шалабаевты ұстау ерте деп шешілді. Полковник дәл іргесінде көкнәр егілген алқаптың бар екенін алғаш естігендей қайта-қайта бас шайқап, қоластындағыларға шүйлігумен болды.

– Осы іске Хикметтің қатысы бар екендігін талай рет айтқан жоқпын ба, қайсысың тыңдадың? Енді мынау тұзымыздың жеңілдігінен ел-жұрттың алдында абыройдан айырылып, масқара болып отырмыз. Е, бірақ сендердің нелерің кетеді? Погон мен қызметтен айырылатын мен емеспін бе? Шеке тамырлары білеуленген Ахмет ақ адал адамның кейпінде шапылдап сөйлеп, көпке дейін басылмады.

Айналдырған бір сағат ішінде егістік үш жақтан қоршауға алынып, жасақ басшысының дыбыс күшейткіш арқылы беріліңдер деген ескертпесіне киіз үйдегілер оқпен жауап берді. Тарс-тарс атылған мылтықтардың гүрсілінен құлақ тұнып, маңай лезде көк түтінге бөгіп қалды. Атыс сәл саябырси берген шақта әлдекім жыңғыл арасынан шыға келіп:

– Атпаңдар, атпаңдар, –  деп айқайлап тұра жүгірді. Жасақ бастығы атысты тоқтатыңдар деп әмір бергенімен тосыннан тарс еткен тапаншаның дауысы естіліп, бейтаныс адам бүктетіле құлаған.

– Кім атты,-деді жасақ бастығы. –Кім атты деді сосын тағы да қайталап.

– Мен аттым,-деді аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Ахмет Шалабаев. – Қаруын маған кезенгенін байқап қалдым.

Жараланған Хикмет еді. Абырой болғанда оқ сол жақ иығына тиген екен. Ол өзін атқан Ахмет Шалабаевты танып қалып тұра ұмтылды.

– Хайуан, менің көзімді құртқың келген екен ғой, жоқ жарқыным, біз бір жіптің ұшына байланған адамдармыз,түпсіз иірімге бірге кетеміз.

Аумағы ат шаптырым келетін егістіктен қауашақ байлай бастаған көкнәрдің мың түбі табылды. Ахмет Шалабаев өзінің бұл қылмысқа қатысы жоқ екендігін, Хикметтің жала жауып тұрғанын айтып, басын ала қашқанымен бәрібір шындықтан қашып құтыла алмады. Қылмыс кезінде Қыдырбек Байжоловқа қастандық жасаған да осылар екені анықталды. Аударылған ақшаны толық бергісі келмеген кәсіпкер өзіне-өзі ор қазғандай болған екен.

 Елеусіз МҰРАТ

 

Комментарий

Бөлісу | Поделится