Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

ХАЛЫҚТЫ БОРЫШҚА БАТЫРҒАНДАРҒА ТОҚТАУ БАР МА?

Қанша жерден «олар халықты теспей сорып» жатыр десек те, бүгінгі қаржы нарығында микроқаржы
ұйымдарының айы оңынан туып тұр. Бүгінде әуелі «айлыққа дейін ақша береміз» – деп елді елітіп, артынан жылдық табысыңды сыпырып алатын қарыз берушілердің қулығы шетінен әшкереленіп жатыр. Бұған тоқтау бар ма?

Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:
Өткен жылы ҚР Ұлттық банкі бастамасымен жаңа заң қабылданғанымен, оны сақтап жатқандар аз.
Аталған заңның талабын негізінен Ұлттық банкті реестрі бар, мемлекеттік тіркеудеге тұрған, арнайы
лицензиясы бар қаржылық ұйымдар ғана орындайды. Ал, жабайы нарықта халыққа түрлі жолмен қарыз берушілер бұл заңға бағынбайды. Олардың көпшілігі жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркеліп, қағаз жүзінде өздерін кәдімгі кәсіпкер ретінде көрсетіп, қулықтарын асыруда. Яғни, олар іс жүзінде халыққа қаржылық қызмет көрсеткенімен, тіркеуде қарапайым кәсіпкер болып тұр. Міне, біз осындай ұйымдардың әрекетін әшкерелеп, халықты ашықтан ашық тонауға жол бермеуіміз керек. Әрине, ол үшін заң жұмыс істеуі тиіс. Әсіресе, құқыққорғау ұйымдарының пәрмені жетіспей тұр. Халықтың мұндай ұйымдарды жағалау себебі түсінікті ғой. Кейінгі кезде мені жастардың онлайн-несие үлестірушілердің арбауына түсіп, қарызға белшесінен батып жатқаны алаңдатады. Он сегізге енді толған жастарды қарызға кіргізу деген қоғамға жаны ашитын адамның әрекеті емес. Азаматтар мұндай қарызға ұрынбас бұрын ол ұйымның лицензиясы бар ма, ҚР Ұлттық банкінің реестрінде тіркелген бе, соны анықтап алғаны абзал. Ал, егер несие рәсімдегеннен кейін қиындықтар туындап жатса заңгерлердің көмегіне жүгінгендері жөн. Себебі, жүз мың теңге несие беріп, кейін уақытында қайтара алмағандарды «үйіңді, көлігіңді тартып аламыз» – деп қоқан лоққы көрсететіндер де бар. Шын мәнінде ондай аз сомаға бола бәленбай миллион тұратын мүлкіңді алуға хақысы жоқ. Сондықтан, мұндай жағдайға тап болған азаматтарға айтарым, несие берушілер сотқа берем десе де, жүз пайыздан артығын төлемеуі керек. Тағы бір айта кетерлігі, жаңа заң талабына сай кешіктірілген несиенің үстеме пайызын 90 күннен артық өсіре алмайды. Сондай-ақ, қолданыстағы заң бойынша екінші деңгейлі банктердің жылдық жиынтық пайызы 56 пайыздан, шағын несие беру ұйымдары санатына жататын онлайн, жедел несие берушілердікі 100 пайыздан аспауы керек.

Еркін КЕНБАЕВ, Жамбыл облысы Меркі аудандық сотының судьясы:
Микрозаем бойынша бізде қаралып жатқан талап арыздар аса көп емес. Кезінде «Альянс банк» жабылғаннан
кейін микрозаеммен айналысатын кейбір ұйымдар олардың клиенттерінің қарыздарын өздеріне алып, екі ортада делдал болып, халыққа оңды-солды заем бере бастады. Уақыт өте келе бұл үлкен мәселеге ұласып, әсіресе 2016– 2018 жылдары сотта банктік қарыздарға қатысты дауларды көбірек қарадық. Финанс ЖШС, «Борышкерлермен жұмыс бюросы» деген сияқты микроқаржы ұйымдары «Альянс банк», «Форте банктер» бойынша талап ету құқығынан шегіну шартын жасап, банктердің қарыздарын сатып алады да, сол бойынша банкке төлеген ақшасын борышкерлерден өндіріп алу үшін оларды сотқа береді. Мұндай қарыздар көбіне 2011 жылдары алынған десек, олар тек сотқа 2015–2016 жылдары жүгіне бастады. Сол кезде біз банктерден
жауапкердің соңғы төленген жеке есепшотын сұратып, соған сай шешім шығардық. Мысалы бізде сотқа арыз беру мерзімінің өтуі (срок давность) үш жыл. Яғни, бұл талап арызды қанағаттандыру немесе қанағаттандырмау мәселесі осыған байланысты деген сөз. Одан кейін микроқаржы ұйымдары төңірегіндегі талап арыздар көбейді. Себебі, олар біраз шектен шығып кеткен болатын. Сөйтіп, ҚР Азаматтық процестік кодекске өзгеріс еніп, соттар ондай дауларды оңайлатылған тәртіппен қарайтын болдық. Мұнда жауапкерге арыз түскені туралы хабарлама жіберіп, оған қарсылық білдіруге 15 жұмыс күн уақыт береміз. Бірақ, көп жағдайда қарсылық түспейді. Ал, 2018 жылдан бастап сот өз тарапынан артық төленген пайыздарды есептеп, қалпына келтіріп, борышкердің нақты қарызын қайтара бастады. Яғни, бүгінде сот мұндай заңсыз алымдар бойынша артық төлемдерді халыққа қайтарып жатыр.

Сауалнаманы әзірлеген Камила ЫСҚАҚОВА, «Заң газеті»

Комментарий