Құқық | Право

АПАТ ТУДЫРҒАНДАР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕУМЕН ҚҰТЫЛМАЙДЫ

Заман алға жылжыған сайын, заңдарды жаңғыртып, жаңартып отыру қажеттілік. Мұндай өзгерістер қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеу үшін, азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғау үшін, заңсыздықтардың алдын алу үшін жасалатыны мәлім. Биылғы жыл да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірнеше заңға қол қоюымен басталды. Соның ішінде «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы азаматтардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр.

Бүгінде заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар көпшілік арасында қызу талқылануда. Себебі, басқа заңдарға қарағанда әкімшілік заңнамадағы құқықбұзушылық деректерімен қарапайым халық жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, жаңалықтарды қарапайым тілмен, ескі кодекс пен бүгінгі өзгерістерді салыстыра отырып түсіндіру басты міндет. Құқықтық мемлекетте азаматтар өз құқығын білмеуден зардап шекпеуі керек. Біздің осы мақаланы жазудағы негізгі ұстанымымыз да сол. Жалпы алғанда өзгерістер мен толықтырулар негізінен қазіргі әкімшілік шараларды төмен жазалауларға алмастыруға; ескерту түріндегі әкімшілік жазаларды қолдануды кеңейтуге; әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірқатары бойынша тек сот тәртібінде берілетін санкцияларды соттың ведомстволық бағыныштылығынан алып мемлекеттік органдарға беруге, жалпы айтқанда кодекстің құқық қолдану тәжірибесінде анықталған құқықтық кемшіліктер мен қайшылықтарды жоюға бағытталған. Көріп отырғанымыздай, өзгерістер жасағанда жұртшылықтың бұған дейін айтып, жазып
келген ескерту, пікір, ұсыныстары басшылыққа алынған.
Мысалы жаңа өзгерістерге сәйкес, «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінің бірінші азат жолы «Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау жəне айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тəртiптi жəне жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай əрекеттер», – деген редакциямен
ауыстырылып, 434-2-баппен толықтырылды. Яғни, 434-2-бап «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау», – деп аталады. Онда құқық бұзушыларға төмендегідей жазалар бекітілгендігі көрсетілген:
1. Ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, əкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап
жасалған əрекеттер – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Қоғамдағы теріс қылықтарға нөлдік төзімділік қалыптастыруды көздейтін бұл шаралар қаншама айыппұл салынғанымен, толықтай жойылып кетті деп айта алмаймыз. Тіпті іс сотқа түскенде ғана темекі тұқылын лақтырудың, көшеде
сыра ішудің, саябақта шемішке шағып, ортаны ластаудың заңға қайшы екенін, ол үшін айыппұл төлейтінін біліп жатады. Әрине, құзырлы орындардың заңды түсіндіру бағытында атқарған жұмыстарының нәтижесінде азаматтар қазір ортаны сыйламаудың, айналаны ластаудың залалын біліп қалды. Ал, жаңа өзгерістерге сай бұған дейін соттардың құзырында болып келген бұл істер сақшылардың қарауына беріліп отыр. Заңның жаңа редакциясына сәйкес, енді ортақ пайдаланылатын орындарды ластаушыларға полиция департаментінің қызметкерлері хаттама толтыру арқылы айыппұл салу құзыретіне ие болды. Бұл өзгеріс судьялар жүктемесін жеңілдетумен бірге, азаматтардың да әуре-сарсаңын азайтады. Себебі, бұрын полиция қызметкерлері қылмыстық теріс қылық жасаған азаматты анықтап, куәлерді сөйлетіп, жазған хаттамасын сотқа жолдайтын. Іс сотта қаралып, шешім шығып, айыппұл мемлекет қазынасына түскенше де біраз уақыт өтетін. Енді бар түйткілді полиция қызметкері оқиға орнында шешіп, хаттама толтырып, айыппұлды өзі сала алады. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, кейбір құқыққа қарсы жасалған әрекеттерге қолданылатын
жаза қатаңдатылды. Айталық, соңғы жылдары жол-көлік оқиғалары жиілеп, оған кінәлілердің басым көбі көлік
құралын масаң күйде басқарып келгені анықталған. Көлік тізгінін масаң күйде басқарған адам өз өмірі үшін ғана емес, өзгелердің де өмірі үшін жауапты екенін ұмытып кететіні рас. Жазаның жеңілдігі де кейбір жандарды есіртіп келгенін жасыруға болмас. Осыған орай, жаңа заң көлік рөліне масаң күйде отырғандарға қатысты жазаны едәуір ауырлатып отыр. Жазаны ауырлату – қылмыстың белең алуына тосқауыл болатыны бұрыннан белгілі. Ендеше жаңа жылдың 11 қаңтарынан бастап күшіне енген бұл қатаң талап, ішімдік ішіп көлік басқаратындар қатарын айтарлықтай азайтады деп сенеміз. Яғни, бұдан былай көлік құралын бірінші рет масаң күйде басқарған жүргізуші 7 жылға рөлге отыру мүмкіндігінен айырылады. Бұдан бөлек жауапсыз жүргізуші 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынады. Осыдан көріп тұрғанымыздай, апат тудырғандар айыппұлмен құтылмайды. Ал, масаң күйінде денсаулыққа қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ
зиян келтірген немесе материалдық шығынға әкеп соққан ЖКО жасағаны үшін көлік құралын басқару құқығынан айыру 7 жылға көбейтілді және 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу енгізілді. Соныман қатар, жүргізушінің көлік құралын әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап масаң күйде басқаруы 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға және 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соқтырады. Егер азамат масаң күйін куәландырудан бас тартып, құзырлы орынның заңды талабын орындамаса, бұл үшін жаза 8 жылға көбейтіліп, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу белгіленді. Сондай-ақ, көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушінің көлік құралын басқарғаны үшін елу айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлмен қоса 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу туралы норма енгізіліп, ал осы құқықбұзушылықты бір жыл ішінде қайтадан жасағаны үшін 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы белгіленді.
Заңға енгізілген тағы бір маңызды өзгеріс – отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге қатысты болып отыр. Яғни, бұрынғы нормаға сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер нәтижесі – ескерту жасауға не үш тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соқтыратын. Ал, жаңа нормаға сәйкес мұндай құқық бұзушылық жасаған адамдарға тағайындалатын жаза – ескерту жасау немесе бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу болып белгіленді. 73-1-бабы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру 1-1 бөлігімен, яғни, құқықбұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастағы орын алған құқықбұзушылықтарға ескерту жасау немесе он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу бөлігімен толықтырылды. Бұл жерде ескерту тек отбасындағы жақын адамдар арасындағы құқықбұзушылыққа қолданылады. Ал бөтен әйелге қол көтергендерге жауаптылық басқа. Сондай-ақ, 73-2 бабы ұрып-соғу 1-1 бөлікпен, яғни құқықбұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастағы орын алған құқықбұзушылықтарға ескерту жасау немесе он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алумен
толықтырылды. Жоғарыдағыдай әрекетке тағайындалған жазаны ауырлату – мұндай олқылықтардың алдын алып, азаюына әсер етумен қатар, адамдардың қоғамға деген сыйластығын, адамдармен қарым-қатынас барысында әдепті болуын, өзгенің құқығына қол сұғылмауын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Заң – баршаға ортақ. Еліміздің Ата Заңы да азаматтарды тегіне, жынысына, әлеуметтік жағдайына қарай
алалауға жол берілмейтінін бекіткен. Ендеше, әлсіздерге әлімжеттік жасаушыларға жазаның қатайтылып, пәрменнің күшеюі дер кезінде жасалған дұрыс қадам.

Гүлмира ИСКАКОВА,
Қызылорда қаласының
мамандандырылған әкімшілік соты
төрағасының міндетін атқарушы

Комментарий