Экономика

Bek Air-дің шаруасы бітті ме?

Bek Air қызметкерлері басшылық бұйрығымен кезексіз демалысқа шығып, үйде отырғандарын айтты. Мұны Nege.kz тілшісі анықтады. Кезексіз демалыс үшін ақы төленбеген. Otrar Travel туристік компаниясына Bek Air ондаған миллион теңге қарыз екен. Және алдын-ала билет алып қойған азаматтарға ақшасы қайтарылмаған. Бұлай жалғаса беретін болса, Қазақстанның әуе тасымалы саласында жұмыс істейтін компаниялар саны қысқаратыны анық. Қысқасы, Bek Air аренадан кетуі мүмкін деп хабарлайды Zanmedia.kz  nege.kz-ке сілтеме жасап.

Кеше Bek Air Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қайта ұшуға рұқсат беретін сертификатты қайтару жөнінде өтініш білдіріп, хат жазды.

Компанияның бас директоры А.Тілеубеков эксплуатант сертификатын қайтарып алу бойынша шешімнің заңды негізі құзырлы мекемелер тарапынан берілмегенін жазады. Осыған қатысты, компания министрліктен өзінің сертификатын қайтарып беруді сұрап отыр. Мәжбүрлі түрде демалыс алып, үйінде отырған қызметкерлеріне де Bek Air басшылығы “тағдырларың сертификаттың қайтарылуына қатысты” деп мәлімдеген. Қазіргі таңда шамамен әуе компаниясының 300-ге жуық қызметкері ақысыз демалысқа кетті. 

Bek Air-дың одан басқа да қарыздары аз емес. Otrar Travel компаниясының басқарушы директоры Ирина Бунакова Finance.kz-ке әуе компаниясының еш байланысқа шықпай, телефон қоңыраулары мен хаттарға жауап бермей отырғанын мәлімдеді. Қазір Bek Air билеттерін сатқан туристік компаниялар түсініксіз жағдайда отыр. Азаматтар билет құнын қайтару бойынша туристік компанияларға шағымдануда. Ал әуе компаниясы ешкімге билет шығынын қайтаруға асығар емес.

Комментарий