Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

«Бауыздап өлтіріп жатса да тәртіп сақшысы келмейді» – қаратаулықтардың жанайқайы

«Әкімді шақырсаң, әкім елден қашады. Қазір осы жерге келсе болады ғой. Ол халыққа қызмет етемін деп отырды ғой сол орынға. Ал олар халықтан қашады. Тығылып алады», – дейді Қаратау қаласының тұрғыны Қайрат Қоқымбаев.

“Өркениеттен жұрдаймыз” деген Қаратау қаласының тұрғындары 20 жылдан астам уақыттан бері айра-жайра болып жатқан ғимараттардың қирандылары мен жарық, жол мәселесін айтып шағымданып отыр. Талай мәрте әлеуметті жағдайды көтерген тұрғындар әкімдіктің табалдырығын тоздырыпты, деп хабарлайды  Skifnews.kz  ақпарат порталы, “Хабар 24”-ке сілтеме жасап.

«Дым жоқ. Жарық та жоқ. Ит деген өріп жүреді. Адам соғыспақ түгілі бауыздап өлтіріп жатса да тәртіп сақшысы келмейді. Таппайсың! Оқушылардың автобусы да жүрмейді. Бірде жүреді, бірде жүрмейді», –  дейді еститін құлақтың жауап беретінінен үмітін үзбеген Қаратау қаласының тұрғындары.

Ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, ет комбинатының орнында малдың сүйек-саяқтары мен қалдықтары әлі күнге дейін шашылып жатыр. Тазартылмаған. Қаңғыған иттер осының иісіне жиналса, бұзақылар биік қабырғаларын тасалайтын көрінеді. Ал дәл осы жер тұрғындар мен оқушылардың күнделікті жүретін жолы. Маңайда жарық орнатылмаған. Қала шетіндегі жұрт балаларын мектепке жалғыз жіберуге қорқады.

«Жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Шыны керек. Ет комбинатының жатысы мынау. Көшемізде ешқандай жарық жоқ. Ең кішкентай көше. Не жарық бермейді. Не қарамайды. Еш уақытта әкімшіліктен келіп көрген емес. Енді бала-шағаны шығаруға да қорқамыз», – дейді Қаратау қаласының тұрғыны Дәметкен Сыпатаева.

Екінші мәселе төңіректе қаңғыған иттер қаптап кеткен. Ұйыққан мақұлықтар тіпті адамға шабатын болыпты. Бұл жөнінде талай рет жауапты мекемелерге шағым айтылғанымен нәтиже жоқ.

Үшінші проблема – оқушылар мен тұрғындарды мектеп пен орталыққа тасмалдайтын автобус тұрақты жүрмейді. Шағымданушылардың айтуынша, қоғамдық көлік әбден тозған. Бірде жүрсе, бірде жүрмейді. Қорқынышты жолмен амалсыз жүруге мәжбүрміз дейді. Әсіресе күні қысқа қыс айларында қиналатындарын айтып отыр.

«Әкімді шақырсаң, әкім елден қашады. Қазір осы жерге келсе болады ғой. Ол халыққа қызмет етемін деп отырды ғой сол орынға. Ал олар халықтан қашады. Тығылып алады», – дейді Қаратау қаласының тұрғыны Қайрат Қоқымбаев.

Әкімдік өкілдері тұрғындар тараған уақытта келді. Негізгі деген мәселелер: жарық, қоғамдық көлік, ескірген жолдар мен иттерге қатысты сауалды біз де қойдық.

«Қираған ғимараттарға байланысты ескертілген болатын. Осы уақытқа дейін қоршаймыз, тазалаймыз деп келді. Тазаланбауына байланысты шара қолданатын боламыз. Оқушыларды тасымалдау бойынша айтып өтер болсақ биылғы жылдың басынан мердігермен келісімшарт жасалып, заң талабына сай жылы жаңа автобустар алынды. Резервке тағы автобус қойылды»,- деді Қаратау қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Рысбаев.

Комментарий