Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Әділ ҚҰРЫҚБАЕВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкідегі судьясы, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының құрметті профессоры:«Заңның алдымен қазақша жазылмауы – елдігімізге сын»

– Әділ Жамбасбайұлы, бүгінде ерінбегеннің бәрі мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәселесін көтереді. Бірақ соған қарамастан төл тіліміз туған жерінде әлі де босағадан сығалап тұр. Мұның бірден бір себебі оның қолдану аясының тарлығында. Көріп жүргеніміздей сот саласында да қазақ тілінің қолданысы мәз емес.

Бұл шындық. Қазақстан Республикасының «Тiл туралы» заңы 1997 жылы 11 шілдеде қабылданды. Осы заңның 4-бабы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi деп жариялады және мемлекеттiк тiл ретінде қазақ тілі – мемлекеттiң бүкiл аумағындағы қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi ретінде танылды. Оған қол соқтық. Енді тіліміздің бағы ашылды, қазақ тілі дамитын болды деп қуандық. Өкінішке орай, бұл үмітіміз, сеніміміз ақталмады. Содан бері 23 жыл өтсе де қазақ тілі отбасы, ошақ қасы тілі болып, ауылдан шыға алмай келе жатыр. Қазақ тілі бүгінде мемлекеттік ресми басқару тіліне айналған жоқ. Мұның нақты мысалы Қазақстанның парламенті әлі мемлекеттік тілде заң, құқықтық құжаттар қабылдамайды, қазақ тілінде сөйлемейді. Үкімет те парламенттен алыс кете қойған жоқ. Ол да құқықтық құжаттарын, қаулыларын, шешімдерін орысша жазып, қабылдайды, негізінен орысша тілдеседі. Ал биліктің екі тармағы осындай күй кешіп жатқанда сот билігі қайда барсын, оның жағдайы да мәз емес.

– Жалпы сот жүйесінде қазақ тілінің кең ауқымда қолданылуына не кедергі? Судьялардың қазақша іс жүргізуі, жазған шешім, үкімдері де қатеге толы. Сот жүйесінде ұзақ жыл қызмет еткен судья ретінде бұл жағдайға қандай баға берер едіңіз?

– Иә, ондай қателер ара-тұра айтылады.  Бұл тек судьяның сауатсыздығы ма, жоқ әлде бұған қоғамның да қатысы бар ма? Негізі сұрақ осылай қойылуы керек еді. Қазақстанның егемендігіне биыл 28 жыл толады. Бұрын Кеңестік биліктің қол астында құжаттарын орысша дайындап, орысша сөйлеп өз тілінен, қазақ тілінен айырыла жаздаған республика едік. Шыны керек, осы 28 жылда бұл жағдай өзгере қоймады. Басқаны айтпағанда сотта қаралатын азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істердің басым көпшілігі орыс тілінде қаралады. Күнде өзінің өндірісіндегі істерді орыс тілінде қарап, шешім шығарып жүрген судья жылына қазақ тілінде қараған бес-алты іс бойынша шығарған шешімдерін қаншалықты сауатты және жатық жазуы мүмкін? Спортшы күнде жаттығады, сол себептен оның көрсеткіштері жақсы болуы мүмкін. Жазушы күнде жазады, сондықтан оның тілі жатық, оқыған адам бірден түсінеді. Күнде өз тілінде сөйлемейтін, құжаттар дайындамайтын судья, әрине, қарая бастайды, жазу, сөйлеу тәжірибесінен біртіндеп айырылады.

– Демек…

– Мен ұзақ жылдар сот жүйесінде судьялық қызметте істедім. Қазақ ауылынан шыққан, қазақ мектебін бітірген, орыс көрмеген біздер, орыс тілін әскери борышымызды өтеп жүрген кезде үйрене бастадық. «Жолы болғыш джентельмендер» деген киноның кейіпкері: «Доцент істеткізер еді» дейді ғой. Орыс тілді орта орыс тілін сөйлеуге мәжбүрледі. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, бес жылда бір рет те қазақ тілінде дәріс тыңдамай, таза орыс тілінде бітіріп, диплом алдық. Қазақ мектебін бітіріп келгендер бес жыл оқудың жартысын орысша үйренуге арнап, қалған уақтында білім алатын еді. Сол кезде мен орыс тілінде таза сөйлеп, жаза алатындарға қызыға да, қызғана да қарайтынмын. Маған орыс тілділерге оқу оңай сияқты көрінетін. Кеудеде маздап тұрған намыс оты не істетпейді? Оқу, оқу және оқудың арқасында заң факультетін бітіріп, өмірге жолдама алдық. Мен судьялық қызметімді 1982 жылы Қостанай облысында, Қостанай қалалық сотында бастадым. Онда қазақ тілінде іс мүлдем қаралмайтын. Кейінірек 80-ші жылдардың аяғында Қостанай облысына Торғай облысының Аманкелді, Жанкелді аудандарын қосқан кезде облыстық сотқа аталған аудандарда қазақ тілінде қаралған істер екінші сатыда қаралуға келіп түсе бастады. Қазақ тілінде жаза, сөйлей біледі деп оларды менің өндірісіме бөле бастады. Қостанайда қазақ тілінде іс қарамасам да қазақ тілінде шығатын облыстық газетке мақалар жазып, газет-журналдар алдырып оқып, сөйлеу, жазу тәжірибемді жоғалта қоймаған едім. Алайда, құқықтық, процестік тілде сот құжаттарын дайындау оңайға түспеді. Сол кезде маған өз ана тілімде процестік құжаттарды жазуды қайта үйренуіме тура келді. Содан кейінгі судьялық қызметтерімді атқарған аймақтарда қазақ тілінде істер қарау тәжірибесі өте аз болды. Соның салдарынан қазақша процестік құжаттарды дайындаудың үлгісі бола алдым деп айта алмаймын. Менің ойымша, қазақ тілінде істерді аз қарайтын судьялардың бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Бізде ресми заңды құжаттардың жазу тілі – процестік тіл қазақ тілінде қалыптасқан жоқ.

Бұл енді заңнамалық құжаттардың қазақ тілінде дайындалмауының да салдары болар?

 – Әрине! Жақында Қазақстан Республикасыныың заңнама және құқықтық ақпарат институтының бастамасымен «Заң мәтінін мемлекеттік тілде әзірлеу: лингвистикалық қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында өткізілген дөңгелек үстелге қатыстым. Дөңгелек үстел барысында аңғарғаным – үкімет қазақ тілінде құқықтық құжаттар актісінің жобасын дайындамақ түгіл, орыс тілінде дайындалған заң жобаларының мәтіндерін қазақ тіліне сауатты аударып та бермейді екен. Үкімет тәржімасін жасаған құқықтық құжаттың қазақ тіліндегі мәтініне енгізілген түзетулерден көз ашу мүмкін емес. Құқықтық құжаттарды сауатсыз дайындау тек соттарға ғана тән емес екен ғой деп ойладым.

 – Иә, сол жиынға мен де қатысып едім, осы басқосуда Ата заңымыздың өзінде қате аудармалардың аз емес екені жайлы естіп таң қалдым. Бұдан соң негізінен орыс тілінде дайындалып, қазақшаға аударылатын өзге заң жобаларының жайы тіпті мүшкіл екенін ұғу қиын емес. Мұның құқық қолдану тәжірибесіне оңайға түспесі анық…

Иә, заңдардағы түсініксіз сөйлемдерден аяқ алып жүру қиын. Аударманың дұрыс жасалмауы кейде баптардың мазмұнын түсінуді ауырлатса, кейде олардың мағынасын өзгертіп жібереді. Мұны қарапайым халық тұрмақ, кәсіби заңгерлердің өзіне түсіну қиын болады. Амалсыз орысшасын қарауға мәжбүр болып жатады. Осыдан кейін қазақ тілінің қолданысы қалай кеңиді. Мысалы Конституциялық заңның 35-бабы судьяның орнынан түсуi деп аталады. Осы баптың бірінші бөлігінде мiнсiз беделi, кемiнде жиырма жыл судьялық жұмыс өтiлi бар судьяның судья атағын, судьялар қоғамдастығына жататынын, жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiгiн және осы Конституциялық заңда көзделген өзге де материалдық және әлеуметтiк кепiлдiктерiн сақтай отырып, лауазымынан құрметпен кету нысанында судья өкiлеттiктерінің тоқтатылуы отставка болып табылады деп анықтама берілді. Демек, бұл анықтамаға сәйкес судья өкілеттігінің көрсетілген негізде құрметпен тоқтатылуы отставка деп аталады. Ал, осы бөлімнің екінші абзацы «Судьяны орнынан түсу нысанында қызметтен босату судьяның орнынан түсу туралы жазбаша өтініші бойынша жүзеге асырылады» деген сөйлемнен тұрады. Байқап отырсаңыздар, баптың атауы оның мазмұнына үндес еместігі бірден байқалады. Судьяның орнынан түсуі деген сөз бен отставкіге шығуы екі түрлі мағына беріп тұр. Менің ойымша «отставка»деген сөзді аударудың еш қажеттігі жоқ еді. Конституциялық заңға сәйкес отставкіге шыққан судьяға салық салынбайтын өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төленеді. Өмір бойғы ай сайынғы қамтылым орыс тілінде – «месячное пожизненное содержание». С.И.Ожеговтің «Словарь русского языка» деген сөздігінде «содержание» деген сөзге «средства, которые даются кому нибудь для обеспечения существования» деген түсінік берген. Түсінікті, талас тудырмайды. Ал, қазақ тіліндегі заң мәтініндегі «өмір бойғы ай сайынғы» деген сөздерді қабылдауға болатын шығар, бірақ «қамтылым» деген сөзді қабылдау қиын. «Қамтылым» деген сөздің түбірі «қамты» емес пе? Қазақ тілінің сөздігінде «қамты» сөзіне «белгілі бір іске тұтастай қатыстыру, бір нәрсені қолмен ұстау, қармау» деп түсінік берген. Мен қазақ тілінің сөздігінен «қамтылым» деген сөзді таппадым. Қазақ тілінде «төлемақы», «нәпақа» деген сөздер бар. Осы сөздердің біреуін пайдаланып: «өмірлік айсайынғы төлемақысы немесе нәпақасы» -деп алса жөн болар еді деп ойлаймын.

Енді екінші заң, Қылмыстық кодекске назар аударайық. ҚК-нің 3- бабы бірінші бөлігінің 11-тармағында қылмыстық заңда қолданылатын «денсаулыққа ауыр зиян» деген сөзге түсінік берген. Түсініктің толық мәтіні: «Денсаулыққа ауыр зиян – адамның денсаулығына, оның өміріне қауіпті зиян не денсаулыққа: көру, сөйлеу, есту қабілетінен немесе қандай да бір ағзадан айырылуға; ағзаның өз функцияларын жоғалтуына; бет-әлпетінің қалпына келмейтіндей бұзылуына; жалпы еңбек қабілетінің кемінде үштен бірін айтарлықтай тұрақты түрде жоғалтумен ұласқан денсаулықтың бұзылуына; кәсіби еңбек қабілетін толық жоғалтуға; жүктілікті үзуге; психиканың бұзылуына; нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыруға әкеп соққан өзге де зиян». Сөйлемді бірден түсіну қиын. Себебі, орыс тілінен сөзбе-сөз аударылған. Қазақ тілінің лексикалық, үндестік заңдылықтарын қолдану аудармашының ойына кіріп те шықпаған. Сөйлемде үндестік жоқ. Сөйлем мүшелері байланыспайды. Тізе берсек, мұндай мысалдар өте көп.

– Байқауымызша, заңдардың тілі де жұтаң. Аударма жасалған кезде сөйлемдер орыс тілінің заңдылығына сай құрылады.

– Дұрыс айтасыз, заң жобасын дайындау барысында тілдің лексикасы, дәлірек айтқанда, тілдегі сөздердің сан алуан мағыналары, сөз байлығының құралу, толығу, даму жолдары, сөздердің қолданылу ерекшеліктері зерделенбейді. Орыс тілінен аударылған заңдарға және құқықтық құжаттарға лингвистикалық сараптама жүргізудің сапасы әлі төмен. Бүгінгі қолданыстағы заңдардың қазақ тіліндегі мәтіндеріндегі осындай келеңсіздіктер, кемшіліктердің көптігі академик С. Зимановтың сөзімен айтсақ, «заң шығару қызметіндегі көптеген кедергілер, негізінен, заң жобаларының ашық қоғамдық талқылауға түспеуінің салдары. Интеллектуалдардың қарым-қабілеті әлсіз. Негізгі тірегі жастар екендігін көрсеткісі келеді, ал ол жастардың не тәжірибесі, не жеткілікті білімі жоқ. …өмірлік тәжірибесі мол ғалым-заңгерлер, экономистер, саясаттанушылар заң жобасын жасаудан шет қалып жатады». Тоқ етерін айтқанда, тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде заңдарды мемлекеттік тілде жазып, дайындауға бет бұра алмай келе жатырмыз. Бұдан соң мемлекеттік тілде заң дайындаудың мәдениеті бізде қалай қалыптассын? Лингвистикалық саралауға байланысты мәселелер қайдан туындасын?

Сіздің ойыңызша бұған не кедергі? Төл низамдарымыз қазақ тілінде жазылу үшін не істеу керек?

Себебі ҚР «Құқықтық актілері туралы» заңында құжаттарды әуелі мемлекеттік тілде дайындап, қабылдау қажеттігі көрсетілмеген. Осы заңға заңдарды мемлекеттік тілде дайындау туралы норма енгізу керек. Қазақ мемлекетінің басты белгісі қазақ тілі емес пе? Ендеше, заңдардың алдымен қазақ тілінде жазылмауы – біздің мемлекетімізге де, елімізге де, қоғамды құраушы ұлт ретінде қазақтарға да үлкен сын. Өкінішке орай, Үкімет қазақ тіліне селқос қарап, әкімдерден қазақ тілінің жағдайын сұрамағаннан кейін, жергілікті билік өкілдері қазақ тілінің мемлекетік тіл екенін, оны қорғауды жүктеген заңның бар екенін ұмытып кеткен тәрізді.

– Мұныңыз рас, біздегі орындалмайтын заңның бірі осы «Тілдер туралы» заң болып тұр…

– Әсіресе, оның 21-бабы назардан тыс қалып келеді. Ол «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» -деп аталады. Осы бапта бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылатыны, көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасатыны және олардың бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылатыны көрсетілген. Өкінішке орай, күнделікті өмірде заңның бұл талабы орындалмайтынын және жергілікті биліктің заң талаптарының орындалуына назар аудармайтынын қазақ тілінің жағдайына алаңдайтын кез-келген азамат көріп, біліп және айтып жүр.

 Осы жылдың тамыз айында Бурабайға барып қайттым. Бурабай көлінің жағасында көптеген демалыс орны бар. Мен бес шақырымға созылған жаға-жайды жаяу жүріп, көз сүріндірелік жарнамалардың, ақпараттардың ішінен қаза тілінде жазылғанын көрмедім. Қазақстанда емес, Ресейдің демалыс орнында жүргендей әсерде қаласың.

Заң талабының орындалмайтынына Нұр-Сұлтан мен Алматыны аралап жүріп те оңай көз жеткізесіз. Қазақстанның басқа қалаларына үлгі боларлық осы екі үлкен шахардың сауда орындарына, кинотеатрларларында қазақ тілінде жазылған ақпараттарды, кейбір мейрамханаларға кірсеңіз қазақ тілінде жазылған ас мәзірін көрмейсіз. Маңдайшалардың басым көпшілігі орыс не ағылшын тілінде жарқырап тұр. Бұл туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ ұлы Абай айтпақшы:  «Баяғы жартас-бір жартас».

Маған үкімет тілге байланысты проблемаларды естімейтіндей, көрмейтіндей болып көрінеді. Ұмытпасам, үкімет 2015-2016 жылдары кинотеатрларда киноларды қазақ тілінде сөйлете бастаймыз деп уәде берген еді. Содан бері де біраз уақыт өтті. Қазақ тілінде сөйлеп кеткен шет елдің киноларын көрмедік. Керісінше, «Қазақфильмде» және Қазақстанда түсірілген кинолардың өздері жарыса орысша түсіріліп жатыр. Соңғы кездері кинотеатрларда жүрген «Томирис», «Аким», «Казбат» фильмдері осының нақты мысалы.

Тілдер туралы заң «мемлекеттік тіл Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы» деп көрсетпеп пе еді? Мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы емес пе? Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға, Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті ғой? Олардың бәрі қайда қалды? Осы сұрақтар төңірегінде әрбір қазақстандықтың ойланып, оянатын және шұғыл шаралар қабылдайтын уақыты келді. Әркім бұл мәселеде «мен болмасам, өзге кім?» дейтін ұстанымда болып, қазақ тілінің тағдырына араша тұруы керек.

  • Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

 

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,

«Заң газеті»

 

Комментарий