Қоғам | Общество

«Әлеуметтік теңсіздік орнатып отыр»: 50-ден астам әйел Ақорданың алдына жиналды

Наразы әйелдер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атын атап, айқайлады. Содан соң Ақордаға қарай беттеген әйелдерге полиция тосқауыл қойды.

Нұр-Сұлтан қаласында 50-ден астам әйел, биылдан бастап берілген әлеуметтік жәрдемақыға наразылығын білдіріп, Ақорданың алдына жиналды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Азаттық-қа сілтеме жасап.

Олар әуелі еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне барып, наразылық білдірді. Әйелдердің сөзінше, үкімет биылдан бастап көпбалалы отбасыларға ғана жәрдемақы беріп, қалған отбасыларды ескермеген.

Наразылыққа шыққан әйелдер арасында жалғызбасты,тұрмысы нашар және мүгедек бала бағып отырған әйелдер де, биыл қаңтардан бастап әр балаға он мың теңгеден астам жәрдемақы ала бастаған көпбалалы әйелдер де бар.

Жәрдемақы ала бастаған әйелдер “үкіметтің әр балаға он мың теңгеден беретін жәрдемақысы аз. Бір айға шыққанда 300 теңгеден сәл ғана асады” деп санайды. Олар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көпбалалы отбасыларға беретін жәрдемақыны белгілеу кезінде комиссия құрғанын, осы комиссияға кірген көп балалы әйелдердің әр балаға ең төменгі жалақы – 42 мың теңгеден беру туралы талаптары орындалмағанын айтады.

Наразы әйелдер “билік жәрдемақыны бала санына қарай емес, әр балаға беруі керек” деп есептейді. Олардың сөзінше, “билік әлеуметтік жәрдемақыны тек көп балалы әйелдерге ғана беріп, әлеуметтік теңсіздік орнатып отыр” екен.

“Мен секілді пәтер жалдайтын, тұрмысы нашар отбасылар көп. Олардың жазығы төрт, я бес балалы болмағаны ма? 1-3 баласын жалғыз өзі асырап отырған әйелдер бар. Олар неге ескерілмейді?”, – дейді үш баласымен он жылдан бері пәтер жалдап тұратын Нәзира Мұқашева.

Наразы әйелдер алдына Нұр-Сұлтан әкімінің көмекшісі Елнұр Бейсенбаев шығып, ғимаратқа кіруге шақырды. Алайда, әйелдер ғимаратқа кіруден бас тартып, баспасөз өкілдерін де кіргізу туралы шарт қойды. Министрлік қызметкерлері баспасөзді кіргізбейтінін хабарлаған соң наразы әйелдер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атын атап, айқайлады. Содан соң Ақордаға қарай беттеген әйелдерге полиция тосқауыл қойды.

Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге берілетінін хабарлаған.

Комментарий