Шоу бизнес

Айқын Төлепберген Ерке Есмаханның сәтсіздігін қайталамауға сөз берді

Кинонарыққа қадам басқан Айқын, Ерке Есмаханның сәтсіздігін қайталамауға сөз берді. Екі фильм түсіріп, табыссыз қалған Бүркіт, бағытын өзгертуге бел буған ба?

Бүгінде отандық киногерлермен қатар, әншілер де фильм таспалауды  сәнге айналдырған. Алғашқыда Қайрат Нұртастың «Өкініші» жарыққа көрсе, кейіннен Төреғали Төреәлі «Ұлы дала комедиясын» түсірді. Одан соң Ерке Есмаханның  «Махаббат кафесі» атты туындысы үлкен экранға жол тартқаны көптің есінде. Алайда Еркенің аталған картинасының кассалық жиыны көңіл қуантарлықтай табыс әкелмеді. Бірақ әріптестерінің сәтсіздігі өзге өнерпаздарға тосқауыл болмаған сыңайлы. Айқын да таяуда киноөндіріске аяқ басқан еді.

«Еркенің фильмін көрермен қабылдамады деп, мен түсірмеуім керек пе, менікі өтеді», – дейді Төлепберген.

Логово. Бүркіт киноөндірістегі дебюті үшін криминал жанрын жөн көрген. Алайда фильм әншінің үмітін ақтай алмады. Жансейітов  араға көп уақыт салмай, «Загадай желание» комедиясын қалың көпшілікке ұсынып көрген еді. Бұл туындысы да сәтсіздікке ұшырап, көптің сынына да ілігіп үлгерді. Бұдан соң өнер иесі бағытын бірден өзгертіп, табыстың көзі болар туынды жасауға білек сыбана кіріскен.

«Жеті-сегіз ай болды ма, бір сценарийді әлі жазып жатырмыз, өңдеп жатырмыз. Құдай қаласа, сәуір айында жоспарымызды іске асырып, комедия жанрындағы киноның түсірілімін бастаймыз», – дейді Бүркіт.

Әнші Сара Амангелді басты рөлді сомдайтын «Я люблю тебя» толықметрлі картинасы да өз шығынын өтей алмапты. Бұл фильмге продюсерлік еткен Гүлнұр Мамасарипова кинонарыққа жолдама алғанына дән риза.

«Барлығы комедия түсіріп жатыр. Сондықтан Қоянбаев пен Адамбаевтың жанында менікі өтпей қалуы мүмкін еді. Бірақ қатты толықметр түсіргім келді. Содан мелодрама жанрын таңдап алдым. Бұны мен жан рахаты үшін түсірдім десем болады. Мен басында ең болмаса өз шығынын өтеп шықса деп ойлағанмын. Бірақ шамалы пайыз жетпей қалды», – дейді кинопродюсер.

Ал «Біздің дәуірімізге дейінгі сылқым серілер» туындысы үлкен экранға жол тартқан күннен-ақ көпшіліктің сынына ілікті. Комедияның шығармашылық тобы мен көрерменнің ойы үндестік таппаған.

«Жүздің бәріне жағу қиын. Егер барлығына ұнап тұрса, ол дұрыс емес. Көңіліме тиген пікірлер болды. Кино әлі басталып үлгерген жоқ. Онша емес деп. Қараған жоқ ол адам. Мен сосын қай жері ұнамады деп сұрадым. Жалпы дейді. Нақты айтсаңызшы десем, жалпы кино онша емес деп қайырды», – дейді вайнер Мейірхан Шерниязов.

Өткен жылы жеке кинокомпаниясының іргетасын қалаған Жеңісхан Момышевтың ұстанымы тым бөлек. Былтыр «Многодедный» туындысының тұсауын кескен режиссер үшін қалтаны қалыңдатқаннан гөрі, халыққа ой салар картинаны ұсыну маңызды.

«Бұл қазақ халқына тәжірибе ретінде түсірілген фильм. Біз неге түрік, үнді сериалдарын көреміз? Фильмдерін жылап отырып қараймыз. Ал өзіміздің картиналарды қабылдамаймыз»,  – дейді Жеңісхан Момышев.

 

Shownews.kz

Комментарий