Тағдыр | Судьба

Тоқымдай жер

Түстену үшін үйіне келген қожайыны алып қақпаның арғы жағына өткен соң Бақытжан орамалға оралған тағамның бетін ашты. Әлі жып-жылы екен. Келіншегінің пысықтығында шек жоқ. Өзі де, қолы да тәтті. Бүгінгі түшпарасын да тұщынып отырып жей бастады. Уақытты үнемдеуді ойлаған Бақытжанның көлік ішінде отырып ауқаттанатыны қожайынға да ұнайтын. Содан болар, бұрын жүргізушіні тұрақтатпайтын кәсіпкер Бақытжанмен алты жылдан бері жүз шайыспай келеді. Бір басында бірнеше дүкені, мейрамхана, тойханасы бар Асанның мәрттігі де жоқ емес. Қожайынның жомарттығын Бақытжан талай көрген. Сол жақсылығы есінде тұратындықтан кәсіпкердің кейбір оғаш мінездеріне көз жұмып қарайтыны тағы бар. Ақшасы бар, айналасындағылардың «ләппай тақсырына» көзі де, еті де әбден үйренген Асанның бір жақсысы қайтымы тез. Аз сөйлеп, шабан қимылдаған жігітті ішкен кезде мүлде танымай қаласың. Араққа аса үйір болмаса да анда-санда стақан ұстаудан қашпайтын қожайыны масайған кезде сыпыра боқтап, жұдырық жұмсауға құмар. Ондай сәттерде дұрысы көзіне түспеу. Алайда, жеке жүргізушісі болғандықтан Бақытжанның қашып кетуге амалы жоқ. Кейде құтырған қожайынның «еркелігін» амалсыз көтеруге тура келеді. Бірақ, жұмыстың аты жұмыс. Әрі былғары сөмкесін сүйретіп шыққан Асекеңнің өзін ақтайтын сөз таппай қиналып, қайта-қайта кешірім сұрағынан көрудің өзі бір ғажап.
Әр нәрсені ойлап отырған Бақытжан көлікке таяп қалған жанды кеш байқады. Күннен қорғанып жатқан ол орнынан көтерілем дегенше қара киінген жан басына мылтықты тақап үлгерді. «Мынау әзілдеп тұр ма?» деген ой санасын тілгілеген жігіт қимылсыз қалған. Ал қарсыласының әзілдейтін ойы жоқ еді. Шүріппені басып қалған ол қарсыласының өлгеніне көзі жеткенде ғана қашудың амалына кірісті. Оның үстіне оқыс дауыстан шыққан дабыл да қандықолдың есін шығарып жіберген сыңайлы.
дабыл
– Өлтіріп кетті, ойбу өлтірді! Полицияға хабар беріңдер! Жедел жәрдемді шақырыңдар! – деп айғай салған Маргарита әжей кісі өлімі орын алған кезде итін жетектеп жақын арада жүрген еді. Көзі көрмесе де мылтықтың дауысын анық естіген қарт көршісінің көлігінің жанынан әлдекімнің асыға қашқанын бірден байқады.
Дабыл бойынша жеткен патрульді полиция қызметкерлеріне де жол көрсеткен әженің өзі.
– Ол паркті жағалап кетті. Тездетіңдер, – деген әжей ауқатты көршісі көз жұмды деп пайымдаған.
Қарттың көрсетуімен жақын араны шолып шыққан патруль қызметкерлері жедел топ жеткенше қылмыс қаруын да тапты. Екі ұңғылы аңшы мылтығы. Қашқан қылмыскер ағаштың арасына лақтырып кеткен екен. Қаруды сарапшыларға жөнелткен жедел топ енді оқиға орнын жіті тексеруге кіріскен.
Тергеуші Серік Бесқараұлы бастаған топ қылмысқа куә боларлық жандардың барлығын назардан тыс қалдырмады. Бір өкініштісі, кәсіпкер үйі түгел бейне бақылау құралдарымен жарақталса да, көлікті көлеңкеге қойғысы келген жүргізуші камералар назарынан алыста болған. Кұні бойы түсірілген жазбаларды тексере келе жедел топ күдікті ештеңе байқай алмады. Сонымен, жүргізушіні өлтірген кім? Бір айлыққа қарап отырған Бақытжанды қасақана атып кетуге кімнің батылы барған? Әлде… Мүмкін қылмыскердің көздегені жүргізуші емес, кәсіпкер болар.
Кәсіпкерді сөзге тартқан тергеуші бұл ойын тұспалдап жеткізіп көрген. Күдікті ести салысымен Асанның әйелі шоршып түсті.
– Өзім де солай ойлап едім. Мұның дұшпандары көп. Жақында базардан жаңа нүктелер алып, соны жандандырмақ болғанбыз. Бірақ, темір-терсек сататын Болат деген біреуі «менімен бәсекелес болудан қорықпайсыңдар ма? Жағдайларың қиындап кетпесін», – дегенді ашық білдірді. Сөйтсек, бүкіл базардағы темір-терсек сататындар соның нүктелері, соның сатушылары екен. Ал, Асан Қытайға барып тауарға тапсырыс беріп, контейнерлерді сатып алып қойған. Бастаған ісін аяқ асты етсін бе? Сөзін елемеді. Бұл қатер соның қолынан келді. Бұл ескертпесі, – деп еңіреп қоя берді.
Іздеу
Орталық парктің айналасында тұратындарды біртіндеп сұраққа алған тергеуші айналасын биік дуалмен қоршаған ауқатты көршілердің бір-бірін мүлде білмейтінін түсінді. Олардың таныс-білістігі «ә, анау Х5» көлікті ме, «ақ Ланд крузер» ме сұрап тұрғаныңыз, жоқ, қарасы ма?», – дегеннен аспайды. Көршілерін мінген машиналарына қарап танып, бағалайды. Бір оңдысы, барлығының үйінде ауланы бақылап тұратын бейне бақылау қондырғылары бар. Көршілерден қылмыс болған күнгі жазбаларды сұратқан тергеуші біразының түсіністік танытып, таспаларды бөлімге әкеліп бергендеріне риза еді.
Бірнеше сағаттық таспаны саралауды қарауындағылардың біріне жүктеген тергеуші кәсіпкердің әйелі айтқан базарды бетке алған еді. Бұл іздеген Болат тез табылды. Базардың тума баласына айналған оны елдің бәрі білетін болып шықты. Бір көргеннен қызбалығы бетіне шығып тұратын ол мұның тергеуші екенін білген соң оңаша жерде сөйлесуді өтінген.
– Кеше Асанның келіншегі телефон соқты. Жағдайды сіз айтпай-ақ содан біліп отырмын. Иә, өзіме мықты бәсекелес табылғанын естігенде ашуланып, қоқан-лоққы жасағаным рас. Оны мойындаймын. Ал, ақша үшін біреудің қанын жүктейтін жан мен емеспін, – деді Болат.
«Қылмыс болған күні базарда болдым», – деген саудагердің сөзін растайтынындар да тез табыла кетті. Болаттың телефон номерін алған тергеуші енді оның араласатын ортасын тексеруге кіріскен. Ұялы телефонға түскен қоңырауларды тіркеген ол соңғы уақытта саудагердің үш номерге жиі хабарласқанын анықтады. Күдікті номерлерге телефон шалған жедел топ оның бірінің темір балқыту, кесу жұмыстарымен айналысатын шағын кәсіпорын басшысына, екіншісінің Болатпен бірге жұмыс істейтін сатушылардың біріне тиесілі екенін анықтады. Тек үшінші телефон ғана жедел топтың қоңырауына жауап бермеген.
Күдікті нөмірдің иесін анықтау да қиындық тудырмады. Ол түзеу мекемесінен шыққанына небары бір жыл болған Мерген Оспанов деген жігіт еді. «Қазанбас» деген лақап атпен танылған жігіт бұған дейін екі рет сотты болған. Құмар ойындарды жақсы көретін ол қарызынан құтылу үшін екі ретінде де ауқатты үйлерді тонаған екен. Бірақ, көріп отырғанымыздай, екеуінде де жолы болмаған. Сонда бұрынғы қателіктерінен сабақ алмағаны ма? Бұл қалай? Ең болмаса жас та емес. Қырықтан асып, ақыл тоқтатар шақта. Өзінің қатарластары отбасын құрып, балалы-шағалы болып, алды немере сүйіп отырғанда мұның ескі сүрлеуге түскеніне жол болсын…
Телефонды назарда ұстауды тапсырған із кесуші енді Болат пен Мергеннің арасында қандай байланыс барын тексеріп көрмек болған. Кәсіпкердің өзінен сұраса үркітіп алуы мүмкін. Одан да жақындарынан тұспалдап білген дұрыс. Алдымен Болаттың есеп-қисабын жүргізіп жүрген Гүлзат Жаңбыршиеваны тілге тартты. Аңқылдаған келіншек ағынан жарылды.
– Мергеннің жұмыс істеп жүргеніне бір жылға таяп қалды. Бұл жігітке Болат аға ерекше қамқор. Кезінде көлігі апатқа ұшырап, далада қалғанда осы жігіт көмек қолын созған екен. Болат ағаның келіншегі Жадыра апайдың да Мерген дегенде ілтипаты бөлек. «Сол кезде Мерген болмаса күйеуімнен де, баламнан да айрылып қалар едім» дегенді үнемі айтады.
– Солай ма? Бұл кісілер Мергеннің істі болғанын біле ме?
– Әрине, бірақ бұл жігіттің жүрегі ақ. Көңілінде қылаудай арамдық жоқ. Сол күні де қансырап жатқан Болат пен баласын ешкім ауруханаға апарғысы келмепті. Шырылдаған әйелі ақша да ұсынып көрген. Көмектесейін деген бірі жоқ. Апатты көріп тоқтағандардың бәрі телефондарын шұқылап, аударылған көліктің ар жағына бір шығып, бер жағына бір шығып жөндеріне кеткен. Сонда келе салып жаралыларды ауруханаға жедел жеткізген осы Мерген екен. Көлігім қан болады-ау, басыма бәле тауып алмасам болды деп іркілместен риясыз көмектескен жігіттің жақсылығын бұл отбасы ешқашан ұмытпас…
– Ал қазір Мерген мен Болаттың ара қатынасы қалай?
– Түрмеден шыққан соң әркімнің үйінде түнеп жүрген Мергенді Бөкең арнайы іздеп таптырды. Алдымен құмар ойындарына жоламаймын деген сөзін алып, сосын Қытаймен арадағы сауда-саттыққа үйретті. Мерген де өзіне сеніп тапсырылған істі демде дөңгелетіп әкетті. Оның үстіне, осындағы сатушы қыздың бірімен көңіл жарастырып, жақында отбасын құрған. Қазір Қытайдағы таныстармен бірге ел көріп, жер аралап, келіншегі екеуі қыдырып жүр.
… Еее, Мергеннің телефон көтермеуінің сыры белгілі болды. Құмар ойындарынан ат кекілін кесіскен жанның мына жақсы өмірді түрмеге айырбастамасы түсінікті. Яғни, Болаттың да, Мергеннің де бұл іске қатысы болмағаны ғой…
Таспа
Қолындағы құжаттарды ақтарып, ілік болар ештеңе таппаған тергеушінің бөлімнен шыға бергені сол екен, «Жолдас майор, сізді мына азаматша күтіп отыр»,- деген кезекші дауысын естіді.
Жас қыз мұны көре салысымен сөмкесінен әлденені шығара бастады. «Мен жалғыз тұрамын. Осы уақытқа дейін полицияға келуге жүрексінгенім де содан. Ал, мына таспада сіздерді қызықтыратын біраз жайлар бар. Көршілердің бейне жазбаларын алғандарыңызды естіп мен де сол күнгі жазбаларды тексерген едім. Қара киінген ер адамның күні бойы есік алдында теңселіп, біреуді күткенін байқадым. Мүмкін, қателескен де болармын. Дегенмен…», – деген қыз таспаны мұның қолына ұстата берген.
Көңілі өрекпіген тергеуші бірден таспаны көруге бас қойған. Қыздың күдігі рас секілді. Қара киінген орта жастағы ер адам үйдің маңынан бірнеше рет өткен. Жүрісі суыт. Әлденеден жасқаншақтап, айналасына жалтақтай береді. Қолтығына қысқан заты да күдік тудырмай қоймайды. Азаматтың беті анық көрінген суретін көбейтіп алған тергеуші кәсіпкер үйіне қарай құстай ұшқан-ды.
сурет
Тергеушіні ешкім тоқтатқан жоқ. Суретті көрген Асан да көп ойланбады:
– Мынау Бақытжанның туысы болса керек. Жанынан бір-екі рет көріп қалғанмын, – деп қалды.
Бұған дейін күдіктіні кәсіпкердің айналасынан іздеп шатасқан тергеуші жүргізушінің үйіне келгенде қаралы отбасы марқұмның жетісін беруге дайындалып жүр екен. Суретті көрген келіншек «Бұл – Бақытжанның бөлесі болады. Жақын жерде тұрады», – дегенде таңғалды. Сонда туған бөлесі Бақытжанға қастандық жасаған ба? Өз ойымен арпалысып кеткен майор қаралы әйелдің «бұл сурет сізде қайдан жүр? Бақытжанның өліміне бөлесінің қатысы бар ма?» дегеніне жалтара жауап беріп, күдіктіні көргенше асыққан.
Мұның қызметтік киімінің өзі Оспанға жаман әсер еткен сыңайлы. Көзі алақ-жұлақ етіп сасқалақтаған ол басында өзін салмақты ұстауға тырысанмен, тергеушінің күдігін естігенде ісіне мүлде есеп беруден қалды. Осындай кезде төтеден қойылған сауалдың дөп тиетінін білетін тәжірибелі тергеуші: «Несіне жалтарасыз, сіздің бар қылмысыңыз көрші үйдің бейнежазбасына түсіп қалған. Тек менің түсінбей тұрғаным, туысыңызды не үшін өлтірдіңіз?» – деп қойып қалды.
Онсыз да қыстығып отырған жан осыдан кейін ағыл-тегіл жылады дерсіз. Еркек екенін бір сәт есінен шығарған азамат тіпті тергеушінің аяғын құшақтап жылап, ешкімге айтпауын да сұрады. Сонда арыстай азаматты ақыретке аттандыруға себеп болған не дейсіз ғой. Жер, тулақтай ғана жер.
Асанның қарауына кірген соң Бақытжан біраз ақша алып Алматының шетінен жер алмақ болады. Он екі сотық жерге көзі түскен жігіт қаржысы жетпеген соң бөлесі Оспанға «жерді бірігіп алайық, кейін екіге бөлерміз»,- дейді. Баспанасыз жүрген Оспанға да бұл ұнай кетеді. Дәл сол кезде қожайынның тегін жер алып беретінін естіген Бақытжан мына сатып алынған жерді Оспанның атына жаздырады. Өзінше қулық жасағаны ғой. Ол кезде кәсіпкердің аяқастынан сөзінен танып кететінін қайдан білсін. Осылайша бес мың доллар беріп үлеске кірген Оспан жердің жартысын береді деп жүргенде Бақытжан тосын мінез танытқан. «Бес мыңыңды қайтарып берейін. Үш ұлым бар, мынаның өзі маған тарлық етеді», – деген сылтаумен Оспанға ақшасын бермек болған оның әрекеті бөленің шамына шындап тиген көрінеді. «Жыныма тисең жер менің атымда, қалаған күні сатып жіберемін. Бес мыңымды қайтарғаннан енді маған пайда жоқ, оған енді ештеңе де келмейді», – деген жігіт Бақытжан ойланар, сосын жерді бұрын уәделескендей бөліп берер деп күткен. Алайда, онысы бекер болып шықты. Бақытжанның сырттай тон пішіп, жерді өз атына аударуға әрекеттеніп жүргенін естігенде бұл мәселені көпке созбай шешу керек деген ойы беки түсті. Әрі жер де толық мұның иелігінде қалады. Осы ой бір сәт те маза бермеген жігітке үйде тұрған аңшы мылтығы да сес қосқандай…
Жер үшін жақынын аямаған Оспан Тұраров қазір түзеу мекемесінде жазасын өтеуде.
Нұрлан Шынтаев

Комментарий

Бөлісу | Поделится