Судья мінбері | Судебная система

Жемқорлықпен күрес күн тәртібінен түскен емес

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Кеше мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та құзырлы орындарға жемқорлықпен күресті күшейтуді тапсырды. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жойып қана қоймай, ел жетістіктерін жоққа шыға­ратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әке­ле­тіндігімен ерекше қауіпті құбылыс. Сондықтан да Қа­зақстан Рес­публикасының мемлекеттік сая­са­тының негізгі басымдылықтарының бі­рі жемқорлықпен күрес болып та­былады.

Әлемнің көптеген елдері секілді, біздің  мемлекетіміз де сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Қазақстан – бұрынғы кеңес Одағы аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолданылатын заң қабылдап, осы мәселе жөніндегі халықаралық конвенцияларға қосылған алғашқы мемлекеттердің бірі болып отыр. Және онымен күрес уақыт өткен сайын күшейіп келеді.

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодесі, Еңбек кодексі, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы, Қазақстан Респбуликасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі негізгі нормативтік құқықтық актілері болып табылады.

Осы аталған саладағы қабылданған Заңнамалардың басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп қатерден республиканың ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, осыған байланысты құқық бұзушылықтың, қылмыстың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кінәлілерді тиісті жауапқа тартумен қатар, демократиялық негіздерді, мемлекеттік басқарудағы жариялылық пен бақылауды кеңейтуге халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенімдерін нығайтуға, білікті мамандарды мемлекеттік қызметке кіруге ынталандыруға, мемлекеттік міндеттерді атқаратын адамдардың риясыз адалдығы үшін жағдайлар жасауға бағытталғаны жөнінде екенін атап өту қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзектілігін, қоғамға қауіптілігін, құпиялылығын, ерекше құрылымы мен экономикаға кері әсер етуін, құқыққа қайшылығын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп қатерін ұдайы ел ішінде айтып отыруымыз маңызды.

Омаров Фаррух Усманович, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының судьясы

 

Комментарий