Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Шымкенттіктер “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне” алданып қалдық деп ашулы

Шымкентте “Тұрғын үй құрылыс жинақ банк” салымшылары алданып қалдық деп қамықты. Сөздерінше, үйді беріміз деп айтқан банк қызметкерлері артынша бұл ойларынан бас тартыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

“Мен бес баланың анасымын. Өз үйіме он жыл бойы ақша жинадым. Өткен жылдың қазан айында “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша құжаттарымды жинап, өтініш білдірген едім. Үйдің 50 пайыз ақшасын жинап та қойғанмын. Ал желтоқсан айының басында “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің” қызметкерлері міне үйлеріңізді аласызда деп айтып, құжаттарымызды жинастыруға кеңес берген еді. Содан кейін  үй болмайды деп айтып тұр”, – деді Шымкент тұрғыны Сапаргүл Бекетқызы.

“Маған банктен пәтердің мен үйдің нөмірі жазылған хабарлама келді. Бала-шағамызбен қуанып қалған едік. Сосын қандай құжаттар қажет деп сұрадым. Сөйтсем олар менен қашқақтап жүр екен. Артарына түсіп, қашан-қашан деп сұрап қоймай қойдым. Ақырында банк қызметкерлерінің бірі біздің үйімізді әкімдік алып қойғандығын айта салды. Сөздерінше, жинақ банкінің бұл жағдайға кінәсі жоқ көрінеді”, – деді тағы бір тұрғын Маржан Өтебаева,

Шымкенттегі “Тұрғын үй құрылыс жинақ банк” филиалының басшысы әкімдік тарапынан үйдің табысталуы шегерілді деген ақпаратты растады.

“27 қараша күні әкімдіктен бұл үйлер президенттің бұйрығымен бірінші кезекте жұмыс істейтін жастарға, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған жанұяларға берілетіндігін туралы хат келді. Ал біздің банктің клиенттеріне жаңадан салынып жатқан үйлер табысталды делінді”, – деп мәлімдеді Шымкенттегі “Тұрғын үй құрылыс жинақ банк” филиалының басшысы Құдайберген Сейітмәмбетов.

Банк директорының сөзінен қайыр көрмеген тұрғындар қала әкімдігіне бет алды. Дегенмен ол жерден наразы жұрт әкіммнің өзімен емес оның орынбасары мен басқа да бөлімдердің басшыларымен ғана кездесе алды.

“Үйдің барлығы бағдарлама бойынша жастар мен көпбалалы отбасыларға берілді. Біз сіздерге бұл үйлерді қайтарып бере алмаймыз. Бұл шешімді әкімдік қабылдады. Қаңтар айында 112 пәтерден орналасқан екі үйді  “Тұрғын үй құрылыс жинақ банк” ұйымының құзырлығына тапсырамыз”, – деді шенеунік.

Бірақ наразы халық әкімдіктегілердің бұл жауабына да риза болмады. Сөздерінше, кейінгі салынып жатқан үйлердің сапасы төмен екен. Сол себепті біздің ауыздарымызға осылай қақпақ болғысы келеді дейді олар.

Комментарий