Елең еткізер | АктуальноСаясат | Политика

«Президенттің тапсырмасы орындалмады»: Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі бір шындықты айтты

«Президент үшін халықтың 1%-ін емес, 99%-ін қамтитын шешім керек».

Президенттің зейнетақы жинақтарын баспана сатып алу үшін пайдалану туралы тапсырмасы орындалған жоқ. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Өткен жылдың қыркүйек айында президент зейнетақы жарнасына қосымша 5 процент енгізу шарасын 2020 жылдан 2023 жылға дейін кейінге шегерді. Сондай-ақ, баспана сатып алу үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігін қарастыру туралы тапсырма берген.

Нәтижесінде, Еңбек министрлігі (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – ред.) 10-12 миллион теңгеден асатын жинағы бар адамдар үшін бұл мәселені шешіп беруге болатынын айтты. Ал бұл дегеніміз – 102 мың адам және олардың зейнетақы жинағынсыз-ақ баспаналы болу ықтималдығы жоғары», – дейді кеңесші.

Оның айтуынша, қазір 2023 жылдан бастап қосымша зейнетақы жарналарын енгізу жобасы ұсынылып жатыр. Сонда президент оны 2023 жылға дейін шегеріп, зейнетақы жинағы ақшасының бір бөлігін баспана сатып алуда пайдалану жайын да сол жылы шешуге тапсырма берген сияқты болып қалған.

«Жалпы, президенттің бұл тапсырмасы орындалмады. Сонымен қатар, жұмысшы топтың мүшесі ретінде қазіргі айтылып жатқан ұсыныс жұмысшы топтың емес, Еңбек министрлігінің шешімі екенін баса айта кеткім келеді. Басқасын білмеймін, өз басым бұған 100% қарсы болдым. Президент үшін халықтың 1%-ін емес, 99%-ін қамтитын шешім керек» деп түйіндеді жазбасын Олжас Құдайбергенов.

Комментарий