Бас тақырып | Тема дняЕлең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

ТАНЫМАЛДАР АРАСЫНДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС неліктен қараусыз қалды?

Өткен жылдың қазан айында қоғам белсендісі, журналист Сәуле Әбілдаханқызы өзінің «Facebook» әлеуметтік желідегі парақшасында атышулы істердің ортасынан табылып жүрген адвокат Абзал Құспанмен сұхбаттасып, басы дауға қалған болатын. Адвокат аңдамай сөйледі ме, әлде журналист жөнсіз сұрақ қойды ма, әйтеуір әлеуметтік желіде екеуара сұхбат барысында ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораевтың «ар-намысына тиіп, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан” көрінеді.
Елге белгілі тұлғалардың арасындағы дау көп ұзамай заң тезіне алынып, алғашқы сот тыңдалымы 2019 жылдың желтоқсан айында өткен болатын. Осы сот отырысында Арман Шораев жауапкер Сәуле Әбілдаханқызы мен Абзал Құспан «ар-намысыма тиді, шындыққа сай келмейтін ақпарат таратты» деген мазмұндағы айыппен сот төрелігінен он млн теңге моральдық өтем өндіруді сұрады.
Алайда, судья Суханова қос тараптың тыңдалымынан кейін келесі сот отырысын 2020 жылдың 6 қаңтарында
жалғасатынын айтқан-ды. Осылайша, межелі күнде Алматы қаласы Жетісу аудандық сотына жиналған халықтың қарасы аз болған жоқ. Тіпті біразы сот залына сыймай қалғандықтан олар сот отырысын көршілес
залдағы арнайы экраннан бақылады. Арман Шораев аталған дауға түрткі болған материалды көшіріп басқан
«Қазақ үні» сайтына қатысты дауды сотқа дейінгі тәртіпте шешкенімен, Сәуле Әбілдаханқызы мен Абзал
Құспанмен арадағы дау бойынша бірден сотқа шағымданған. Сот отырысында анықталғандай, Арман Шораев сотқа шағым түсірмес бұрын не Абазал Құспанға, не Сәуле Әбілдаханқызына жазбаша ескерту жасап, уәж білдірмеген. Бұл дегеніміз, талапкер дауды сотқа дейін реттеу тәртібінде біраз кемшілікке жол берген деген сөз. Нәтижесінде үзілістен кейін қос тарап та судьяға ортақ келісімге келгендіктерін жеткізді. Яғни, жауапкерлер талапкердің талабы бойынша Сәуле Әбілдаханқызының 2019 жылдың 6 қазанындағы сұхбатын жойып, жазбаша түрде оны теріске шығарып, кешірім сұрауы тиіс болса, өз кезегінде Арман Шораев дауды тоқтатуға дайын екенін жеткізді. Судья мұндай жағдайда талап арыз иесінің мемлекеттік баж салығы толық көлемде қайтарылатынын және басқа да құқықтарын түсіндірді.
Ал, кеңесу бөлмесінен оралған судья ҚР Азаматтық процестік кодексінің 168, 279, 280, 268, 269, 429-баптарын басшылыққа алып талап қою арызын қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарғанын хабарлады. Жетісу аудандық соты аталған азаматтық істі сотқа дейінгі дау-дамайды реттеу тәртібінің сақталмауына байланысты қараусыз қалдырды. Сондай-ақ, судья талапкерге он күн ішінде Алматы қалалық сотына шағым түсіруге құқылы екенін түсіндірді. Егер тараптар дауды соттан тыс шешуге ұйғарған жағдайда А.Шораевтың мемлекеттік баж салығын заңда көрсетілген тәртіпке сай қайтарып ала алатынын тағы да еске салып өтті.
Абзал ҚҰСПАНОВ, жауапкер:
– 2019 жылдың 6 қазанында Сәуле Әбілдаханқызы өзінің «Facebook» парақшасында Ислам Әбішов пен Серік Түкеевке қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша менен адвокат ретінде сұхбат алды. Әңгіме тікелей эфирде өрбіді. Жалпы сұхбат барысында мен қорғауымдағы Әбішов пен Түкеевке қатысты іске байланысты сұрақтарға жауап беріп, бұл іс қайдан пайда болды дегенге келгенде, оның тапсырыспен жасалуы мүмкін екенін айттым. «Неге олай дейсіз?» – дегенге мен қорғауымдағы азаматтар Әбішов пен Түкеевтің айтуынша, бұл істің артында осы адамдар тұр деп, үш лауазымды тұлғаның атын атадым. Бірақ, мен мұны өз атымнан емес, қорғауымдағы адамдардың сөзіне сілтеме жасап айтқан болатынмын. Өйткені, бұл сөзді Әбішов пен Түкеев 30 қыркүйектегі алдын ала сот тыңдалымында да айтқан болатын. Бұл жерде мен, әсіресе, Сәуле Әбілдаханқызына қатысты қозғалған іске басынан бастап келіскен жоқпын. Жалпы ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов шама келгенше азаматтық дау-дамайларды көбейтпеу, оны сотқа дейін шешу мәселесіне ерекше басымдық беріп отыр. Статистика бойынша әрбір төртінші адам соттасып жүр. Әрине, бұл
жақсы емес. Сондықтан біз өз тарапымыздан тиісті шараларды қабылдап, бұл істі сотқа жеткізбей шешуге дайынбыз. Егер Арман Шораев бізді ар-намысымызға тиді деп есептесе, біз өз кезегінде осы дауға себеп болған ақпараты теріске шығарамыз.

Жандарбек ОЖАРОВ заңгер:
(Арман Шораевтың сенімді өкілі)
– Жалпы сот шешімді заңға сай шығарды. Біз енді бұл істі жауапкерлермен арадағы келісімге байланысты шешуге ниет білдіріп отырмыз. Яғни, бұл жағдайда сот басқаша шешім шығаруы мүмкін емес еді. Біз талапкерлерге осы дауға қатысты өз талаптарымызды айттық. Олар соған сай барлық талаптарымызды орындап, аталған сұхбатты әлеуметтік желіден өшіріп, теріске шығарып, жазбаша кешірім сұраса болғаны. Ал, моральдық шығынға келсек, біздің мақсатымыз ақша өндіру емес, ар-намысымызды қорғау болатын. Сондықтан, өтемақы өндіру туралы талабымыз жоқ.

Комментарий