12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Би апа

Би – дала демократия­сының діңгегі. Қара қылды қақ жарған, адам­дар арасында қалыпты тіршілік қағидасына қия­нат келтіргенге немесе ардан аттағанға ақиқат үкімін айтып, туралыққа үндеген төбе билер төрелігіне қалың ел қашанда тақ тұрған. Өз билігін бұқараға мойындатуының астарында қадір-қасиетіне кір жуытпаған әділетті қазылығы себеп.

Тарихымызда дала заңдарының темірдей тәртіппен шегенделген ережелерін еріккеннің ермегіне айналдырмай, айдар тұтып, мінезіне мін түсірмей, ұлттың міндетті мінберіне айналуына бабаларымыздың осындай аманатқа адалдығы дәлел. Қазақ халқының әдет-ғұрып заңдары Тәуке ханның кезінен атақты үш би – Қазыбек, Төле, Әйтекенің даналығымен дүниеге келген «Жеті жарғымен» жалғасын тауып, ғасырлар бойы сақ тұқымының саф тазалығына қорған болып келсе, енді бүгін ел тәуелсіздігін алған шақта қайта арнасын тауып, сот төрелігімен тұтастықта тұғырына қонған тәрізді. Осы орайда Мемлекет басшысының пәрменімен Билер институтын құру қолға алынды. Қауымның өз арасынан шыққан, шындықтың туын тік ұстар, тазалығына шық жуытпаған табанды мінезімен «Тура биде туған жоқ» ұстанымын ұлықтай білер тәбәрік тұлғаны баяғының биіндей үлгі тұтып, ақылына жүгініп, амал қылу, айналып келгенде, адасқанды жолға салып, сүрінгенді демеу­ге, жаңылысып, жаза басқанға абақтымен емес, ағайындықпен араша тұруға, сол арқылы әлеуметке тіреу болып, әділеттіктің салтанат құруына жол ашса керек.
Ата-баба дәстүрін жаңғыртуға ниет­ті жұртшылықтың қолдауымен жер-жерде Билер алқасы құрылып, бет-бағдарын бекемдеуге кірісті. Ауда­нымыз бойынша бес адамнан тұратын Билер алқасының төрағасы болып, сот саласының ардагері Кенжегүл Көпесова тағайындалды. Тағайын­далудың да өз себебі бар. Жалғандыққа қарсы тұрар қаранар мінез, жорта егесіп, жосықсыз жала қуғанның қиянатына қылбұрау салар қызыл тіл, әлімжеттікке тап бол­ғанға қорған болар әділ үкімімен ел алдында абыройға ие болған. Ал осы сипатқа ие болуының мәні бір бөлек. Әйгілі Домалақ ананың тікелей ұрпағы. Сондықтан болар тектіден тектінің шыққаны.
Қырық жеті жыл құқық қорғау саласында қажырлы тер төккен, оның он алты жылында аудандық соттың судьясы болған, осы қызметте қаншама тағдырға үкім шығарған сайын бірге күйзелетін дағдысымен талай жүрек ауыртқан, айналасындағы әрбір замандастың өткені мен бүгіні көкірегінде сайрап тұрған, көпті көрген тәжірибелі тұлғаның тағылымын ұлықтап, төрге шығарып, би етіп сайласақ, бұл біздің, сайып келгенде, заң төрелігіне деген құрметіміз емес пе?
Бір күндік баққұмарлықты емес, ел келешегін ойлаған әркім осылай әділ ой қорытса керек. Қазіргі заманның қазысы нешеме жылдар өзі жүргізген сот ісінде бір жақты шешім қабылдаған кезі болған емес. Ажырасуға қадам жасаған өтініш иелерінің арызын қанағаттандырудан бұрын екі жаққа да ақыл-кеңесін беріп, қаншама отбасылардың сақталып қалуына көп қажыр-қайратын жұмсап келгеніне алдынан өткендер куә. Адам тағдырына келіп тірелетін мәселеде «жеті өлшеп, бір кескен» байыпты көзқарасын нық ұстаған ұстанымын серік етіп қызметін абыроймен тиянақтады. Отставкадағы судья Көпесованы аудан бойынша Билер кеңесінің төрағасы ретінде таңдау ол кісінің осындай құқықтық бағыттағы құзырлы әлеуетін әлі де ел игілігіне бағыттау мақсатынан туып отыр.
Сүйген кәсібіне шын берілген бейнеткештігі сала саңлағын құрметтен де кенде етпеді. ҚР Конституциясының 10 жылдық мерекелік медалінің иегері, ҚР Судьялар Одағының «Үш би» белгісі және «Құрмет» медалімен марапатталған.

Э.Рыскулов
Жаңақорған аудандық сотының судьясы
Қызылорда облысы

Сот хатшысы болу абыройлы міндет!

Сот саласында сот хатшысының өз орны бар. Бірде-бір процесс...

Үлкенге де, кішіге де қамқор аға

Қазақстан соттарының төл мерекесі тек сот қызметкерлері үшін ғана...

ДАМУ ЦИФРЛАНУҒА ТІКЕЛЕЙ ТӘУЕЛДІ

Сот жүйесінің кешегісіне көз жүгіртіп, бүгінгісіне талдау жасайтын болсақ...

Жүйе Конституциялықнегіздерді нығайтты

Конституцияға сәйкес республикада мемлекеттік билік біртұтас. Ал Конституция мен...

Ардагер-судьяларға алғысымыз шексіз

Кәсіби мерекені белгілеудің өзіндік мәні бар. Бұл әр мамандықтың...