12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Көзден кетсе де, көңілден кетпейді

Тасболат Машрапов, Ақылбек Ертаев

24 маусым – судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып ресми түрде бекітілді. Мұндай мерекенің белгіленуі әріптестеріміздің мерейін өсіріп қоймай, жауаптылығын да еселей түсті. Кәсіби мерекеде игі тілекпен бірге, сот жүйесінің беделін биіктетіп, саланың жандануына бар күш-қайратын, ерік-жігерін арнаған азаматтар туралы айтпай кетсек арымызға сын болар еді. Сот корпусының мықты, пәрменді болуы оның сапындағы мамандардың біліктілігіне тікелей байланысты.
Өз кәсібін сүйетін, өз міндетін адал, мінсіз атқаратын, өз ісіне үлкен жауаптылықпен, жанашырлықпен қарайтын адамдар топтас­қан салада даму, өрлеу болады. Күні кеше арамыздан өткен Ақылбек Ертаев, Тасболат Машпаровтар сондай өз ортасының көшбасшысы, елдің арқасүйер атпалдай азаматтары еді. Сұм ажал арамыздан ерте алып кеткен екі азаматтың да сот саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Екеуі де қиындыққа мойымайтын, жақсылыққа жаны құштар, үлкенге ізет көрсетіп, кішіге қамқорлық жасаудан танбаған, көпшілік өнеге еткен жандар болатын.
Ақылбек Қайыпұлы отандық сотқа қырық жылға жуық уақытын арнаған азамат. Заңгерлік білім алғаннан кейін құқықтық саладағы алғашқы еңбек жолын Атырау облысы Махамбет ауданында прокурордың көмекшісі, прокуратура тергеушісі боп бастаған Ақылбек Ертаев заңға қатысты алған білімін тәжірибеде шыңдай түсті. 1993 жылы туған жеріне оралған соң облыстық сотта сот мәжілісінің хатшысы болды. Отандық сотқа орнықты қадам жасап, қызметке бел шеше кіріскен кезі 1994 жылдан бастау алады. Осы жылы Қазығұрт аудандық халық сотының әкімшілік атқарушылық өндірісі бойынша судьясы болған Ақылбек Қайыпұлы кейіннен аудандық сотының судьясы болып 2005 жылға дейін жемісті еңбек етті. Әріптесіміз судьялықпен қатар азаматтардың құқықтық сауатын көтеру, заңдарды түсіндіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізді. Сөзін қабақ шытпай тыңдап, сауалына тыңғылықты жауап беретін, ақыл-кеңесін аямайтын жандар халық арасында қашанда бағалы. Ел сыйлаған азаматтың өмірде де жолы болғыш келеді емес пе? Көпшілік алғысына бөленген Ертаев 2005 жылдан бастап қатарынан үш сотқа төраға болып, жемісті еңбек етті. Сарыағаш ауданының мамандандырылған әкімшілік сотына, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына, Арыс аудандық сотына төраға болып тағайындалуының өзі Ақылбек Қайыпұлына басшылардың үлкен сенім артқанын көрсетеді. Әріптесіміз сол үдеден шыға білді. Оны Ертаевтың жүрген жолына, жұмыс нәтижесіне қарап білу қиын емес.
Халықпен тікелей тілдесуден қорықпайтын, бұқаралық ақпарат құралдарымен қоян-қолтық жұмыс жүргізуге әбден бейімделген әріптесімізді ұжымы ғана емес, жалпы жұрттың сыйлайтыны сондықтан. Соңғы жылдары Сайрам аудандық сотында судья болып еңбек еткен Ақылбек Қайыпұлының дәл бейнетінің зейнетін көрер шақта, қырық жылға жуық қызмет еткен сот саласынан абыроймен доғарысқа шығар тұста арамыздан кеткені өкінішті.
Сондай алдыңғы қатарда жүрген ағаларымыздың бірі Тасболат Машрапов та елге сыйлы, халыққа қадірлі, ұжымына үлгі болған азамат еді. Көпшіліктің ішінде дараланып, ортасының алдында жүретін арда азамат туралы өткен шақта естелік айту біз үшін өте ауыр. Дегенмен, сот саласының абыройын арттыруға еселеп еңбек сіңірген әріптесіміз жайлы естелік айту оның атын мәңгілік есте сақтау үшін, өзгелерге үлгі ету керек. Алдаспан ақын Ілияс Жансүгіров «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деп қалай көрегендікпен дәл тауып айт­қан. Расында, жанымызда жүрген жақсы адамдар туралы біз жазбасақ кім жазады! Тасболат Машрапов та сондай жақсының бірі еді.
Құқықтық саладағы қызметін заңгер-кеңесші болып бастап облыстық Әділет басқармасының маман-кеңесші, сот орындаушылар және сот приставтары департаменті директорының орынбасары, облыстық сот қаулыларын орындау департаментінің бөлім бастығына дейін өскен Тасболат Машрапов 2001 жылы бұрынғы ОҚО соттар әкімшісінің ұйымдастыру және талдау бөлімінің бастығы, артынан Соттар әкімшісінің орынбасары қызметін жоғары деңгейде атқарады. 2005 жылдан бастап сот саласына келген Машрапов Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотында бес жыл судья болды. Өзінің қабілет-қарымын, ұжымды ұйымдастыру шеберлігін көрсеткен әріптесіміз бұдан кейін Арыс аудандық сотында, Сарыағаш аудандық сотында төраға болды. Ізденуден, білімін жетілдіруден шаршамайтын әріптесіміздің Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында да тараптардың разылығына ие, әділеттің жаршысы болып келгеніне баршамыз куәміз.
Өкініштісі сол, сот саласына еңбегі сіңген екі әріптесіміз де судьялар қауымы биыл тұңғыш рет атап өтелі отырған кәсіби мерекені көрмей кетті. Бірақ, еңбек ескерусіз қалмайды. Екі азаматтың көзі кетсе де, жасаған ісі, адамдық бейнесі ешқашан көңілімізден кетпейді. Әріптестеріне адалдықтың, жауаптылықтың, еңбекқорлықтың үлгісін көрсеткен қос ағамыздың жатқан жері жарық болғай!

Нұрлан Биболов,
Түркістан облыстық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы

Сот хатшысы болу абыройлы міндет!

Сот саласында сот хатшысының өз орны бар. Бірде-бір процесс...

Үлкенге де, кішіге де қамқор аға

Қазақстан соттарының төл мерекесі тек сот қызметкерлері үшін ғана...

ДАМУ ЦИФРЛАНУҒА ТІКЕЛЕЙ ТӘУЕЛДІ

Сот жүйесінің кешегісіне көз жүгіртіп, бүгінгісіне талдау жасайтын болсақ...

Жүйе Конституциялықнегіздерді нығайтты

Конституцияға сәйкес республикада мемлекеттік билік біртұтас. Ал Конституция мен...

Ардагер-судьяларға алғысымыз шексіз

Кәсіби мерекені белгілеудің өзіндік мәні бар. Бұл әр мамандықтың...