Қоғам | Общество

Екі адамның өліміне себепші болған жүргізуші бостандықта жүр

Қайғыдан қабырғасы қайысқан отбасы әділдікті талап етеді.

Бір мезетте ата-анасынан айырылған Есниязовтар отбасы- жол көлік оқиғасына қатысты кісі бостандықта жүр деп налиды. Қайғылы оқиға 9 желтоқсан күні болған. Марқұмдардың туыстары- олардың көлігіне соққан жүргізуші ішімдік ішкенін айтады, деп хабарлайды zakon.kz “Астана” телеарнасына сілтеме жасап.

Қанды оқиға желтоқсанның 9-ы күні болған. Алпысқа тола қоймаған Әбдіғафур мен Рабиға Есниязовтар жеке емханада томография жасатпақ болып, таң атпай жолға шыққан. Олар мінген көлікке жол талғамайтын автокөлік соғылған. Ерлі-зайыпты алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Қара жамылған отбасының туыстары, жол көлік оқиғасын жасаған жүргізуші уақытша болса да қамауға алынбағанына аң-таң.

Роза Есниязова, марқұмдардың туысы:

Джипте жас бала, 98-ші жылғы бала. Ішінде адамдар болған. Енді ол бала таңғы 4,15-те қай жақтан келе жатады? Тойдан шығады, жастардың әдеті ғой қазір тойдан кейін кафеге барады, ол жерде ішімдік ішкен. Экспертиза бойынша дәлелденіп тұр. Справкасы наркологиядан алынған.

Серік Есниязов, марқұмдардың баласы:

Тергеуші маған: бұл арада спорный, деді, вопрос. ЦОУдын камерасы бойынша сенің папаң встречкаға шығып, бұрылған деді да. Туарer автокөлігі фольксваген 60-пен келгенде, мүмкін, бұрылып үлгереді ия болмаса, ұрған жағдайда да екі адам өлмес еді…Қоштаса алмадым мен, бетін ашып, көре алмадым.

Туғандары марқұмдардың денелерін бөлшектеп жинаған деп отыр. Сондықтан оларды жерлеу кезінде көре де алмадық дейді. Джип мінген жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткенін жеткізді.

Сара Алманиязова, марқұмдардың туысы:

Ол қашып кеткен бала. Ішінде екіқабат бір әйел бар, мас бір қыз бар тойдан келе жатқан. Ия ол “Скорыйды” шақырмайды, ия ол басқа істемейді, қашып кетеді. Бір әулеттің шаңырағын ортасына түсірді де дым болмағандай жүр. Мынау не деген сұмдық? Біреу айтып жатыр: олар 160-пен жүріпті деп. Ал 160-пен трассада жүрмейді ғой. Дымын қоймай езіп тастаған.

Полицияның дерегінше бұл жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жүріп жатыр. Бұл іс департамент басшылығының жіті бақылауында екенін жеткізді.

Гүлжахан Қайырбергенова, Қызылорда облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы:

Аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 345 бабының 4 бөлігімен, яғни, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс бойынша барлық қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Олардың қорытындылары бойынша аталған жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізуші анықталып, бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі қарастырылады.

Қайғыдан қабырғасы қайысқан отбасы әділдікті талап етеді. Олар мәселеге елдің Бас полицейі араласса деп отыр. Айтуларынша, жас жүргізушінің туыстары тым болмаса көңіл айтып, кешірімде сұрамаған көрінеді. Ал қамқоршысынан айырылған кенжетайды ағасы мен әпкесі бауырына басқан.

 

Teleg

Комментарий